Аналар ардақталды
Әйел мен ер – отбасының қос қанаты. Қазақтың дәстүрлі тіршілігінде «Түз – ердікі, үй – әйелдікі» дейді. Үйде жылулық болса, түзде тыныштық орнайды. Өмірге әйел болып келгеннен кейін отбасын құрып, аяулы ана атану міндет. Қыз-келіншек, әйел-ана, әже-кейуана тағылымы өшпес із. Бұл әйел қауымының зор құрметі. Ана – барлық өмірдің бастауы. Жұма күні аудан әкімдігінде көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді. Демографияның өсім алуына осы жандардың қосар үлесі мол. Тағылымы мол шараны аудан әкімі Қ.Мүбараков жүргізіп, алтын құрсақты аналарды марапаттады.
Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Ана – қасиетті де қастерлі сөз. Ана есімі қашанда ардақты. Аналардың абзалдығын айту ұрпаққа аманат. Себебі адамзатты мойындатқан ғұлама-данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған арыстар да анадан туған. Бүгінгі таңда жас та болса көп баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты батыр аналарымыз көбейіп келеді. Асыл жандарды Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 5 наурыздағы №531 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Қ.Мүбараков «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларымен марапаттады.
Бүгінгі таңда Шиелі ауданында 2526 көпбалалы отбасы, оның ішінде «Алтын алқа» иелері – 701 болса, «Күміс алқа» иелері – 1441 ана тіркелген. Аяулы жандарға ізгі тілегін білдіріп, халық санын көбейтуге үлес қосқан аналарға алғыс білдірген аудан әкімі Қ.Амангелдіұлы «Ана болу – бүкіл өміріне кететін рухани күш пен ерен еңбек. Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы. Жарасымды жанұямен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашанда көпке үлгі болуы тиіс. Туған өлкеміздің өсіп-өркендеуі жолындағы еткен еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін» – деп аналарға сый-сияпат тапсырды.
Алтын мен күміс алқа таққан жас аналардың қуанышында шек болмады. 6 баланың анасы, күміс алқа иегері Н.Әбдиева: «Елбасының аналарға көрсеткен құрметі мен аудан басшылығы тарапынан айтылған ізгі тілектер бізді қанаттандыра түсті. Әрбір ананың жүрегінде қуаныш сезімі орнап, жанарлары нұрланды. Бейбіт заманда дені сау ұрпақ өрбітіп, жайлы ғұмыр кешуіміз мемлекет басшысы мен сіздердің арқаларыңызда» – деп, алғаусыз ақ ниетін білдірді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ