АРДАГЕРЛЕР ЕҢБЕГІ ҚҰРМЕТПЕН ЕСКЕРІЛДІ
Үлкенді құрметтеу ұлтына, руына, бет-жүзіне қарамай жасалады. Қазақ халқы «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп қарттарды қадірлеуді қатаң ескертеді. «Жүк ауырын нар көтерер, ел ауырын ер көтерер» демекші, кезінде барлық қиындыққа арқасын тосқан қарт кісілерге ұрпақтың бас иіп, құрмет көрсетуі парыз.
Жақында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ауданның экономикасы мен әлеуметтік саласына айтарлықтай үлес қосқан, бүгінде зейнетке шыққан ардагерлерді құттықтады. Мерейтой иелері – 80 жасқа толған Жалғас Әбішов, 75 жасқа жеткен Сағындық Сұлтан, 70 жасқа келген Жұпаркүл Полатова және Орынша Нұрмағанбетова болды. Әкім олардың өмір жолын бағалап, құрмет көрсетті. – Халқымызда «Адал еңбек – ердің досы» деген нақыл сөз бар. Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат. Бұл адал еңбектеріңізбен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан баршаңызға деген құрметтің көрінісі деп білемін.
Ардагерлер – ұрпақ сабақтастығының өзегі демекші, әр салада абыройлы қызмет атқарып, өнегелі өмір жолымен өзгелерге үлгі болған әр салада еңбек еткен аудан ардагерлерін мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын, – деді А.Насриддинұлы. Кездесу барысында мерейтой иелеріне аудан дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін құрмет көрсетіліп, арнайы сый-сияпаттар табыс етілді. Оларға аудандық ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңестің төрағалары, әйелдер кеңесінің жетекшісі, еңбек ардагерлері мен мекеме басшылары құттықтау сөздерін арнап, жылы тілектерін білдірді. Әр өңірде, әр ауылда ардагерлер ұйымдары белсенді жұмыс істеп келеді. Өмір бойы туған жерін дамытуға өз үлесін қосып, елдің өркендеуіне еңбек сіңірген ардагерлер қазір осы ұйымдарда жинаған тәжірибесімен жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, бірлікті сақтау жолында атсалысуда. Егер ардагерлер осындай жұмыс атқармаса, берекелі өмірдің болмасы анық. Қазақ халқында «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе – нең қалар» деген нақыл сөз ардагерлердің қоғамдағы маңызын айқындайды. Олар бірлікті нығайтып, тірлігімізге жылулық пен нұр шашып келеді. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп айтылған сөз де осының айғағы. Өткен шара – үлкен тағылымның үлгісі. Қарбалас тірлікке қарамастан, ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен асыл қасиеттері кейінгі буынға өнеге боларлықтай. Олардың үлгісі жастардың дұрыс жолмен жүруіне, өз өмірін мәнді әрі мақтанышпен өткізуіне ықпал етеді. Ұрпақ үшін жасаған еңбегінің жемісін көріп, бақытқа бөленген ардагерлердің қазынасы боларлығы сөзсіз.
Айнұр ИБРАШ