Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЕЙТОЙ ИЕСІ МАРАПАТ ТӨРІНДЕ

МЕРЕЙТОЙ ИЕСІ МАРАПАТ ТӨРІНДЕ

Бейсенбі күні аудандық ардагерлер үйінде ардагерлер кеңесінің кезекті жиыны өтті. Жиын барысында қатысушылар Тартоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Басаман Пірімбетұлын 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Алқа отырысын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил ашып:
– Ардагерлерге құрмет көрсету – бәріміздің парызымыз. Басаман Пірімбетұлы – жасөспірім шағынан қызмет қылып, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласқан, бүгінде халыққа еңбегі сіңіп, елдің құрметіне бөленіп жүрген азаматтардың бірі. Сондықтан бұл күнді айрықша атап өтіп, қуанышымызды бөлісіп, алғысымызды білдіру мақсатында арнайы жиын ұйымдастырған жайымыз бар, – деген кіріспе сөзімен бастады. Мерейтой иесін елдің өркендеуі мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны үшін облыстық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары ұсынған алғыс хаттармен марапаттады.
Басаман Пірімбетұлы – 1953 жылы 5 қаңтарда Тартоғай ауылында дүниеге келген. Самарқанд ауыл шаруашылығы институтының Зоотехник-каракулегод факультетінің түлегі. Еңбек жолын ферма зоотехнигі болып бастаған ол ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Б.Пірімбетұлы 2019 жылдан бері Тартоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарады. Қазіргі таңда абыройлы аға, абзал ақсақал, ардагерлер қозғалысына белсене араласып, халыққа еңбегі сіңген тұлға ретінде белгілі.
Еліміздегі шаруашылық ісін дамытуда өзіндік таңбасын қалдырған ардақты ардагерге:
– Басаман Пірімбетұлы қай кезде іздеп барсақ та, қызу жұмыстың ортасында жүреді. Бүгінге дейін өзіне сеніп тапсырылған жауапты қызметтерді абыроймен атқарып келді. Ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі ретінде бірнеше рет аудан атынан жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болып жүр. Бір сөзбен айтқанда, халқына пайда келтіретін, жақсы жұмыспен айналысуда. Осы себептен абзал ардагердің үлгілі жұмысы үшін алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта көздеген арман-мұраттарына жете берсін дегім келеді, – деген тілегін білдірді Өркен Әзімханұлы.
Жиын соңында мерейтой иесіне барша аудан ардагерлері атынан құттықтау білдіріліп, дәстүрге сай иығына шапан жабылды.

Таслима ӘЛІШЕР,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 4-курс студенті
06 ақпан 2023 ж. 446 0