Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Орман шаруашылығы қашан оңалады?

Орман шаруашылығы қашан оңалады?

Ғылым мен технология қарыштап дамыған сайын ауаға түрлі зиянды қалдықтар бөлетін зауыттар мен өндіріс орындары көбейіп барады. Өкінішке қарай, елімізде сол зиянды дүниелерді сіңіретін, жасыл желекке оранған орман алқабы аз. Мамандардың айтуынша, 1 гектар орман жылына 10 тоннадай көмірқышқыл газын сіңіреді. Жер көлемі жағынан 64-орында тұрған Финляндия жерінің 80 процентін орман алып жатыр. Ал жер көлемі жөнінен 9-орында тұрған бізде бұл көрсеткіш – 4,6 процент қана.
Орман-тоғайдың ең басты жауы – өрт. Мұндай жағдай, әсіресе, күн жылығанда жиілейді. Әлемде тілсіз жау жыл сайын қаншама адамның өмірін жалмап, ел экономикасына айтарлықтай шығын келтіріп жатыр. Жуырда Қостанай мен өзге де облыстарда орын алған жағдайлар осы сөздің айқын дәлелі. Сондықтан біз бүгін аудандағы «орман шаруашылығының тосыннан болатын өртке дайындығы қандай деңгейде?» екендігін білмекке «Шиелі орман мен жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Рахат Оралханмен арнайы сұқбаттасқан болатынбыз.
– Аға, әңгімені алыс­тан орағытпай мәселенің түп төркініне көшейік. Яғни алғашқы сұрағымыз аудандағы орманның жалпы көлеміне қатысты болмақ.
– Орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 1 млн 791 мың 87 гектар болса, 867 мың 922 гектары орманды алқаптар (80 проценті). Оның ішінде сексеуіл алқаптары 80-85 процент шамасында. Қалған 20 процент ормансыз алқаптарға мекеме орман екпелерін және ағаш көшеттерін отырғызады. Тағы бір айта кетерлігі, орманды алқаптар Жөлек, Шиелі, Қызылқұм атты 3 орманшылыққа бөлінген. Бұл орманшылықтар ауданындағы орман алқаптарын күзету, қорғау және өсімін молайту жұмыстарымен айналысады.
– Қостанай облысындағы өрт барлығымызға сабақ болғандай. Алда-жалда орман өрті бола қалған жағдайда дайындықтарыңыз қандай?
– Жыл басынан бері мекеменің ­бас­тамасымен аудан көлемінде шаруашылық жерлері мен мемлекеттік орманды алқаптарда өрт болдырмаудың және өртке қарсы дайындық жұмыстарын жүргізу жайлы іс-жоспар жасалынып, бекітілді. Соған сәйкес ауылдық округтер мен елді-мекендерге орман өрттерін алдын алу мақсатында ескерту хаттар таратылды. Мекеме қызметкерлерімен және аудандық №13 өрт сөндіру бөлімімен бірлескен өрт сөндіру тактикалық жаттығулар өткізілді. Өртке қауіпті аймақтарда орман қоры жерінде жылдық жоспар бойынша жаңадан 54 шақырым жерге минералды белдеу және 216 шақырымға минералды белдеулерді күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Өртті болдырмау және өртті алдын алу мақсатында ескерту хаттар таратылып, жергілікті баспасөз беттерінде мақалалар жарияланды.
Мұнан бөлек орман өрті орын алған жағдайда біздің мекемеде Урал-4320 1 дана өрт сөндіру автокөлігі, 1 дана су таситын газ-3308 автокөлігі, 2 дана ХТЗ тракторы, 2 дана МТЗ-82, 1 дана УАЗ таблетка және 1 дана УАЗ патриот патрульдік автокөліктері бар. Сондай-ақ 17 байланыс құралы оның ішінде 1 данасы стационарлы, 16 дана қолда ұстап жүретін (носимая), 6 ранцерлік өрт сөндіргіш, 4 мотопомпа, 60 ұрғыш, 1 балта, 6 моторлы ағаш кесу арасы, 42 күрек, 2 өрт қадағалау мұнарасымен және өрт қауіпті маусымында дала өрттерін жоюға арналған құрал-саймандар бар.
Тағы бір айта кетерлігі, өрттің алдын алу мақсатында бізде 2 мұнара тұрғызылған. Екеуі де Жөлек орманшылығында орналасқан. Өрт болған жағдайда сол мұнаралардан арнайы дабыл белгісі беріледі.
– Мекемеде техникадан бөлек мамандар жеткілікті ме?
– Мекемеде штаттық кестеге сәйкес 77 қызметкер жұмыс атқарады. Оның ішінде орманшы инспекторлар, мекеме мамандары, орман шеберлері бар. Дегенмен мекемеге әлі де 16 қызметкер қажет. Алдағы уақытта басқарма тарапынан штат бөлінсе, орындар толық болады деген үміттеміз. Білімді жастар келіп қызмет істейміз десе есігіміз әрқашан ашық.
– Соңғы орын алған өрт жағдайларын қасақана қолдан ұйымдастырылған деген болжамдар жасалуда. Жалпы ауданда биыл мұндай фактілер орын алған жоқ па?
– 2022 жылдың 8 айында орманды қорғау, жұмыстары жөнінде 29 рейд жүргізіліп, осыған сәйкес орман және жануарлар дүниесін қорғау бағытында заңдылықтарды бұзу фактілері бойын­ша 5 жағдай тіркелді. Жыл басынан бері бірде-бір орман өрті тіркелген жоқ. ҚР ӘҚБтК-гің 382 бабының 1-бөлігімен жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу фактілері бойынша 5 хаттама толытырылып, оның ішінде 3 азаматқа 22,9 мың теңге әкімшілік айыппұл және табиғатқа келтірген залалы үшін 61,8 мың теңге айыппұл салынып, толығымен өндірілген және 2 азаматқа ескерту берілді. Сонымен қатар аудан аумағында және мемлекеттік орман қоры учаскелерінде өсіп жатқан сексеуіл ағашын заңсыз кесілуіне жол бермеу мақсатында мекеме тарапынан 2 мобильді топ құрылып күнделікті рейдтік шаралар жүргізілуде.
– Сұқбатыңызға рақмет. Ауданның орман шаруашылығын дамтыудағы істеріңізге сәттілік тілейміз.

Рамазан ӘНӘПИЯ
15 қыркүйек 2022 ж. 434 0