Түйіткілді мәселелердің түйіні тарқады
Жыланның ізіндей бұралаңдаған жолмен сейсенбі күні Алмалы ауылының мәдениет үйіне табан тіредік. Барлығы әдеттегідей. Аудан әкімі мен орынбасарлары, бөлім басшылары көліктерін қаз-қатар қойып, ауыл халқына есеп беруге әзірленуде. Бүгінгі кесте бойынша Алмалы, Ортақшыл, Жөлек ауылдық округінің халқы 2019 жылы атқарылған жұмыстардың есебін еститін болады.
Бісмілләсі Алмалы ауылынан басталған жиында ауыл әкімі Әбілқасым Мамбетов мінбеге көтеріліп, өткен жылдың еншісіндегі атқарған істерді баяндады. Сонымен қатар 2019 жылдың 31 желтоқсанында газеттің №102 санында жарияланған есебінің желісі бойынша аудан әкімі Әшім Оразбекұлы қысқаша баяндама жасады.
Кезек сұрақ-жауапқа берілмей тұрып аудан басшысы осыдан бір жыл бұрын тұрғындар тарапынан айтылған өтініш-пікірлердің орындалу барысына тоқтады. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы 21 бекеттегі трансформатор және облыс орталығына қатынайтын қоғамдық көліктердің ауыл үстімен жүру мәселесі сөз болған. Сонымен қатар Ш.Құдайбергенов және І.Жансүгіров көшелерінің күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететіні туралы да тұрғындар тілге тиек еткен еді. Жоғарыда аталған трансформатор мәселесі сәуір-мамыр айларында шешімін табатын болса, жол жөндеу жұмыстары да көп кешікпейтінін айтып, аудан басшысы тұрғындарға берген уәдесі бейжай қалмайтындығын ескерткендей болды.
Ауыл тұрғындарының атынан бас көтерген Бақдәулет Мырзахметов К-4 қашыртқысының ең қиын жері қазылмай қалғандығы, сол жұмысқа экскаватор керектігін айтты. Бұл мәселенің мәнісін РМК «Қазсушар» Қызылорда филиалы, «Шиелі сушар» өндірістік учаскесінің басшысы Әбділда Мақұлбеков тарқатты. «Ол қазылған қашыртқы. Қалған 500-600 метр жер ыза тартып тұрған соң экскаватордың батпаққа кіріп кету қаупі болды. Сондықтан жұмысты тоқтаттық. Жерге тоң түсіп қатса, жұмыс жалғасын табады», – деді ол. Сондай-ақ Әлияр Сейітов: «Алмалы ауылы атына сай болмай тұр. Ауданның көп аймақтарында алма бақтары егіліп жатыр. Кеңес дәуірі кезінде 264 гектар алма, 111 гектар жүзім және 20-ға жуық жылыжай болатын. Одан 1200 га алма жиналып, мұздатқышта сақталып, мамыр айына дейін халықты қамтамасыз етіп келді. Осы жерде отырғандардың барлығы мамандар. Бірақ барлығы такси жүргізіп жүр. Осы мәселеге қолдау болса» деген ойын ортаға салды.
Ауыл тұрғындарының мазасын алған мәселелердің бірі – Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолындағы мал өткелі. Бұл туралы ауыл тұрғыны Талғат Нұрекеевтің айтуы бойынша, мал өткелінің ішін су басып, өту қиындап тұр. Ал Сәрсенбек Исаев ауыл маңынан ашылып жатқан көше, орамдарға жол мен жарық керектігін жеткізді.
Ортақшыл ауылының тұрғындары ауыл әкімі Жақсылық Ноғайбаевтың жұмысына риза. Бұл ауылда өткен жылы көтерілген амбулатория мәселесі биыл шешілетін болса, Жансейіт-Ортақшыл арасындағы жолдың жөндеу жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты тоқтап тұр екен. Алдағы уақытта аталған жұмыс жалғасын табатынын айтты ауыл әкімі. Сондай-ақ ауылдың орталық көшелеріне жаяу жүргіншілер жолының құжаты әзірленіп. тиісті мекемеге өткізілген. Көше жарығы болса, халықтан түскен түсімдерден жиналған қаражатқа салынатын көрінеді. Ауыл тұрғыны имам Қалкөз Өтемұрат соңғы уақытта ауылда шағалдардың көбейіп кеткендігін тілге тиек етіп, қараңғыда мектепке барып, қайтатын оқушыларға зиянын тигізе ме деген ойын ортаға салып, осының алдын алуға ұсыныс білдірді. Сонымен қатар мал ұрлығы, Ерубаев көшесіне жөндеу жұмыстары қажеттігі жөнінде әңгіме өрбіді.
Тарихы терең Жөлек ауылындағы жиын да ауыл әкімі Базарбек Саховтың баяндамасынан бастау алды. Мұндағы жұмыстарда да ілгерілеу байқалады. Шешімін күтіп тұрған балабақша, үлкен жолдың жөнделуі бағытында жұмыстардың жүріп жатқанына да тоқтала кетті аудан басшысы. Тұрғындардың арасынан көпбалалы ана Рахима Муетова мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны ала алмай жүргенін айтса, зейнеткер Қыдыркүл Мырзатаева ауылға қатынайтын тасымал көлігінің мәселесін ортаға салды. Ал Пунктбай Отарбаев атқарылған жатқан жұмыстарға куә болып жүргенін жеткізіп, ауыл мен аудан басшысының жұмысына сәттілік тіледі.
Ерұлан ДАТКЕНОВ