Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлік қанатын кеңге жаймақ

Кәсіпкерлік қанатын кеңге жаймақ

Өткен дүйсенбі күні басталған аудан әкімі мен ауыл әкімдерінің халық алдындағы есебі жұма күні Тартоғай, Майлытоғай, Сұлутөбе ауылдарында өтті.
Әдеттегідей, жиында алғашқы болып Тартоғай ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы баяндама жасап, өткен жылы ауылда орын алған, дер кезінде анықталған қылмыстық деректер туралы мәлімет берді. «Халық-қазы, еңбек-таразы» демекші ауыл тұрғындары ел аралап, халықтың тыныштығы үшін қызмет жасап жүрген ауыл сақшысының атқарып жатқан жұмысына оң бағасын берді.
Өткен жылдың еншісіндегі өзекті істерді тілге тиек еткен аудан және ауыл әкімі өз баяндамаларын жасап, ауыл тұрғындарының хал ахуалынан хабардар екенін айтып, жасалынып жатқан жұмыстардың нәтижесінде олар да таяу арада шешімін табатынын айтты. «Атап айтсақ, бұл елді мекенде наубайхана, медпункт іске қосылып, балабақша құрылысы жүріп жатыр. Ендігі кезекте аяқ су мен ауыз су мәселелері шешімін табатын болады», - деді ауыл әкімі Д.Сүйіндік. Өз кезегінде облыстық кіріс департаментінің басшысы С.Мұстафаев облыс бойынша атқарылған бірқатар бастамаларға тоқталды.
Ал, «Майлытоғай» ауылында өткен жиында учаскелік полиция инспекторы Қ.Сейтмағанбетов өткен жылы үш қылмыстың дерегі орын алса, оның екеуі ашылғандығын жеткізді. Ашылған істер мал ұрлығы болса, ашылмаған бір іс есірткі егу фактісі.
Өткен жылда атқарылған істердің нәтижесін көрсететін баяндамалардан соң, ауыл халқы тек ризашылықтарын білдірумен болды.
Ауданымызға алыс орналасқан ауылдардың бірі «Сұлутөбе» ауылында өткен басқосуда учаскелік полиция қызметкері, ауыл және аудан әкімінің баяндамаларынан тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға қа­нықты.
Жолдас Сарыбаев ауданға және қалаға қатынайтын маршрут мәселесін шешіп беруін өтінсе, ауыл ақсақалы Қ.Ерназаров ауылда өрт шыққанда көмек көрсеткен Қойшыбай Асановқа алғысын айтып, аудан әкіміне осы кісілер лайықты марапатталса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар, ауылдың бас дәрігері Сәбира Дүйсенбековаға алғысын білдірді.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерәлі Жұмаділов болса ауыл халқы атынан басшылардың жұмыстарына сәттілік тілеп, елде жасалып жатқан игі бас­тамаларды сөзге тізбектеп: «Мемлекет тарапынан берілген қолдауларды тиімді пайдаланып қалуымыз керек», – деді.
Дүйсенбі күнгі есеп беру жиыны арғы беттегі Қарғалы ауылынан бас­талды. Өткен жылы ауданымыздың әлеуметтік экономикалық дамуында біршама ілгерлеу болғаны белгілі. Кәсіпорындар мен өнеркәсіп орындары ашылып, көптеген жұмыссыз жүрген аудан азаматтары жұмыспен қамтылды. Бұдан өзге алға қойған мақсаттар аз емес. Алдағы жылдары ауданымызда біршама өзгерістер орын алады деп күтілуде. Ауданымыздың ажарын кіргізетін скверлер салу қолға алынатын болады.
Жиын барысында атқарылған істер мен жоспарланған межелер туралы аудан әкімі Әшім Оразбекұлының баяндамасын ауыл тұрғындары құптап, қолдау білдіріп отырды.
Ал, Бидайкөлдегі жиын учаскелік полиция инспекторы Қайрат Ермахановтың баяндамасымен басталды. Оның айтуынша 2017 жылдың 12 айында Гигант ауылдық округінде жалпы 14 қылмыс орын алып, оның 8-і ашылған.
Берекелі Бидайкөл ауылында өткен жиында ауыл әкімі мен аудан әкімінің жұмысына ауыл тұрғындары тек алғыс айтумен болды. Ауыл ардагері Болат Рысбеков ауылды құруға атсалысқан Хан Леонтиге тақта қойылып, құрмет көрсетілсе деген тілегін жеткізді. Ардагер ұстаз Марияш Дәрменова болса, ел басқарып жүрген азаматтардың ісіне сәттілік тілеп, ел ісіне араласып, халықтың хал-ахуалын арттыру жолында қызмет етіп жүрген біршама шәкірттерін мақтан етті. Гүлжамал Исае­ва 17 кварталдағы электр мәселесі мен ауылға газ жүргізу мәселелерін ортаға салды.
Жаңатұрмыс ауылындағы басқосуда учаскелік полиция инспекторы Ақылбек Асанов баяндама жасап, есептегі жылы 1 қылмыстық іс орын алып, яғни, 1 мал ұрлығы тіркеліп, ол іс ашылғандығын хабардар етті. Күн тәртібіндегі баяндамалардан соң сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жантөре Бердібаев атқарылып жатқан игі бастамаларға алғысын айтып, ауыл халқының хал-ахуалы жақсы екенін жеткізді. «Ауылда ауызсу да, аяқсу да бар. Көше жарық. Жол тегіс. Тек мектеп ескілеу. Осы мәселе шешілсе ауыл халқының төрт құбыласы түгелденер еді», – деп ризашылығын білдірді.
Күріш атасы Ы.Жақаев ауылында өткен жиында учаскелік полиция инспекторы О.Ратаев ауылдық округ бойынша өткен жылы 10 қылмыстық дерегі тіркелгендігін, оның бесеуі ашылып, кінәлілер өздеріне лайықты жазасын алғандығын айтты.
Еңбек сүйгіш азаматтарымен танылған ауылда да атқарылған шаруалар аз емес. Ауыл әкімі мен аудан әкімінің баяндамасынан соң сөз тізгінін алған ауыл ардагері Нұрлан Махмудов аудандық газетте жарияланған есепті баяндамалардан хабардар екендігін білдірді. Атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, асфальт төселіп, аяқсыз қалған көшелер аяқталса, Қоңыратбаев көшесіндегі трансформатор мәселесі шешілсе, сондай-ақ, газ жүргізілсе деп ауыл халқы атынан өтінішін білдірді. Сонымен қатар, осы жиналысқа Жансейіт елді мекенінен ауыл тұрғындарының аманатын арқалап келген ардагер аталмыш аймақтағы «Көкиірім» көлінде ешқандай су айналымы болмай, балықтары өліп жатқанын ортаға салды. Осы көлді Жөлек елді мекеніндегі көлге қосу үшін жер қазатын техникаға жәрдемдесуді сұрады.
Жиын барысында аудан әкімі биыл кәсіпкерлік жылы екенін халық назарына салып, әр отбасында егін екпеген және кәсіпкерлікпен айналыспаған азаматтардың болмауы керектігін, ауыл-аймақтардағы тауар өндірушілерге кәсібін кедергісіз жүргізуге жағдай жасалатынын айтып тарқады.

Е.ДАТКЕН.


23 қаңтар 2018 ж. 1 081 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031