Әкім есеп берді. Ел не деді?
Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы мен ауыл әкімдерінің халыққа есеп беру жиыны бейсенбі күні қарт Қаратаудың етегіндегі Еңбекші, Жиделіарық, Талаптан елді мекендерінде жалғасты. Есепті кездесуге аудандық мәслихат хатшысы, «Nur Otan» партиясының Шиелі аудандық филиалы төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, дербес мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Жиынның алғашқы отырысы екі бірдей Еңбек Ері шыққан Еңбекші ауылында басталды. Ауылдық мәдениет үйіне жиналған халықтың қарасы едәуір көп болды. Байқағанымыздай, биылғы есеп берудің форматы әдеттегі есепті кездесулерден бөлек һәм ерекше көрінді. Жиында аудан басшысының халықпен ашық диалогқа барып, ел-жұртты толғандырып жүрген түйткілді мәселелердің түбін қопарып, шешілетін жолын қарастыруға бағыт бұрғанын байқадық. Әсіресе, әкімдердің сахнаға шығып, халықтың төбесінен қарамай, керісінше, тұрғындармен етене араласып, бір қатарда отырғаны бөлек әсер қалдырды.
Әңгіменің басын ашып алсақ. Мақаламызда әкімдердің баяндамасын қайта жазып, жаттанды сандарға тоқталмай, одан елді мекендерде атқарылған ірі-ірі жұмыстар мен кездесуде көтерілген маңызды мәселелерге тоқталсақ деп отырмыз. Еңбекшідегі биыл атқарылған басты жұмыстың бірі ол, ауылішілік арықтардың қайта қазылып, арнасының кеңейтілгені. Сонымен қатар көше жарықтары да қайта жөндеуден өтіп, кей көшелердің жарықтары жаңартылған. Ауыл әкімі Б.Омаровтың сөзіне сүйенсек, алдағы жылы ауылішілік жолдар түгелімен күрделі жөндеуден өтпек. Жол жөндеуге кететін қаржының жобалық сметалық жұмысы жасалып, үкіметке ұсынылған. Ал С.Төрениязов көшесіне ауыз су құбыры мен электр желісін жаңадан жүргізу, ауылға жаңадан электр энергиясын тарату үшін 1 трансформатор орнату биылғы жылдың еншісіне қалған. Сондай-ақ Қосүйеңкі елді мекеніне қажетті сапалы ауыз су мен аяқсу мәселесін түбегейлі шешу, елді мекендегі екі көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, көше жарығын орнату жұмыстары да осы жылға жылжыған.
Осы ретте айта кетейік, ауыл әкімінің өткен жылғы есеп беру жиынында Б.Оразов көшесі бойынан аллея салу, инвестор көмегімен ауыл сыртынан 5 гектар жерге алма бағын егу, І.Алтайбаев көшесін күрделі жөндеуден өткізу, ауылға қосымша екі электр трансформаторын орналастыру бағытында жұмыс істейтінін айтқан болатын. Бірақ аталған жұмыстар сол қалпында қалып қойғанға ұқсайды.
Есепті кездесудің екінші отырысы Еңбекшімен көршілес Жиделіарық ауылында жалғасты. Былтыр тоқсан жылдық торқалы тойын облыс көлемінде атап өткен ауылда тұрғындар тарапынан айтарлықтай күрделі мәселе көтеріліп, сұрақ қойылмады. Тек сол әуелден айтылып келген ауылдағы электр қуатының өте әлсіздігі мен түнгі көше жарығы сөз болды. Бұл мәселеге қатысты аудандық электр тораптарының басшысы Н.Күздеубаев алдағы наурыз айынан бастап, көше жарықтарын жаңартып, жыл соңына дейін ауылға 1 трансформатор орналастыратын болды. Ауыл әкімі Е.Әбілдашев жарты ғасыр бұрын іргетасы қаланған клуб үйін жаңадан салу жолдарын қарастырып жатқанын айтты. Бұл мәселе өткен жылы да көтеріліп, жергілікті билік сол сәтте жаңа ғимарат соғудың жолын қарастырып жатырмыз деген болатын. Бұйырса осы жылы жолы табылып қалар деген үмітіміз бар. Ал елдің қуанышына орай Еңбекші көпірінен ауылға дейінгі аралықтағы 4 мың метр жол асфальтталатын болды.
Аудан әкімінің бейсенбі күнгі соңғы жұмыс сапары түстен кейін Талаптан ауылдық округінде өтті. Бала би ауылының мәдениет үйіндегі кездесу ауыл әкімі А.Өмірәлінің баяндамасымен басталды. Жиында ауыл тұрғындары тарапынан аудан орталығынан елді мекенге қатынайтын қоғамдық көліктің мәселесі талқыланды. Тұрғындардың айтуынша, күніне төрт мезгіл ауылға қатынайтын қоғамдық көліктердің алдын такси қызметкерлері орап кетіп, соның себебінен, кейде автобустарға адам толмағандықтан жұмыстарын тоқтатып тастайды екен. Аталған түйткілді аудан басшысы ерекше бақылауына алатынын айтып, аудандық полиция бөлімінің басшысына заңсыз жүрген такси қызметкерлерін анықтап, жұмыстарын тоқтатуды тапсырды. Биыл Бала биде мал ұрлығы өршіп тұр. Аталған қылмыстың өршіп кетуіне бірінші кезекте ауылда пада мәселесінің шешілмегендігі себеп болып отыр. Осы орайда аудан әкімі Ә.Оразбекұлы Талаптан ауылдық округінің әкіміне ауылда пада ұйымдастыруды қатаң тапсырды. Сондай-ақ қоғамдық жұмыспен қамтылған ауыл азаматтарын жүйелі пайдаланып, елдегі пада, сақшылық, көркейту-көгалдандыру секілді жұмыстарға жұмылдыруды ұсынды.
Елдос Жүсіп