Қоғамдық кеңестегі келелі мәселелер
Бейсенбі күні Аудан әкімдігінде Шиелі ауданының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Қоғамдық келісім кеңесі» отырысы өтті.
Аталған отырысқа аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов, кеңес мүшелері, мекеме басшылары мен кент әкімі қатысты. Күн тәртібінде қаралған 3 мәселенің бірі мемлекеттік мекемелердің қызмет көрсету сапасы және өзге де мәселелер бойынша халықтың арыз-шағымдарын тыңдауға арналған қоғамдық қабылдауды өткізу барысы жайында болды. «Nur Otan» партиясының Шиелі аудандық филиалының бірінші орынбасары П.Маханбет осы тақырып төңірегінде баяндама жасады.
– Биылғы жылдың қорытындысы бойынша аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде 274 рет қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Оның ішінде «Nur Otan» партиясының Шиелі аудандық филиалының төрағасы аудан әкімімен 24 рет, аудан әкімінің орынбасарларымен 38, аудандық мәслихат депутаттары мен билік өкілдері, мекеме басшыларымен 72, құқық қорғау саласымен 8, заңгерлермен 8 рет тақырыптық қабылдаулар өткізілді. Аталған қабылдауларда 410 өтініш түсіп, оның 215-і оң шешімін тапты, – деді.
Одан әрі ауданда әлеуметтік саланы қаржыландыру бойынша қаржы саласындағы атқарылған шаралар туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары тарқатты. Биылғы жылы білім саласы бойынша 12 млрд 73 млн 860,5 мың теңге қаржы қаралса, жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімі саласына 2 млрд 815 млн 338 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген. Сондай-ақ мәдениет саласына 884 млн 943 мың теңге көлемінде қаржы беріліп, тиісті жұмыстар атқарып жатқандығын баяндады. Күн тәртібінде қаралған 3-ші мәселе Шиелі кенті және Еңбекші ауылдық округіндегі көркейту-көгалдандыру, тазалық және абаттандыру жұмыстарына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жайында кент әкімі Ғ.Аманжолов пен Еңбекші ауылдық округінің әкімі Б.Омаров мәлімет берді.
Кеңес отырысында талқыланған мәселелердің бірі әлеуметтік көмек турасында болды. «Nur Otan» партиясының Шиелі аудандық филиалының бірінші орынбасары П.Маханбеттің айтуынша, жас аналар әлеуметтік көмек тағайындаудағы заңдылықтарды ескере бермейді. Мекеменің алдын торуылдап, көмек сұраушылардың қатары көбейіп бара жатқандығын жеткізді. Тұрмыс-жағдайы төмен отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысқанымен қаражаттың жетіспеуі де қол байлайды. Алайда, жұмысқа жарамды азаматшаларға жұмыс ұсынсақ бас тартып, масылдық санаға бейімделіп бара жатқан сыңайлы деді. Кеңесте аудандық мешіттің бас имамы Б.Ұлжаев бұл мәселеде қолдау танытып, күн көріс деңгейі төмен отбасыларды анықтауда көмек беретінін жеткізсе, журналист М.Ибрашев сала басшыларына Елбасы Жолдауында көрсетілген ақпараттың ашықтығы мен халықпен кері байланыс орнатуға ұсыныс білдірді. Яғни баспасөз хатшысы мен бұқаралық ақпарат құралдарының мамандарымен бірлесе отырып, түрлі сала мамандары әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығып, халық сауалына жауап қатса деген ойын білдірді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ