Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ ЖАЛҒАСТЫРУ ҚАЖЕТ

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ ЖАЛҒАСТЫРУ ҚАЖЕТ

Айналаңа қарасаң, адамдар осыдан 20-30 жыл бұрынғы өмірге қарағанда материалдық тұрғыда тұрмысы едәуір жақсарғандай. Зәулім-зәулім үйлер, қос-қос автокөлік, шетелге саяхаттар, жиі-жиі өткізілетін той соның көрінісі ме дейсің? Осының бәріне ақша қайдан табылады? Өйткені көбінің алатын айлығы шайлығына жетпейді. Дегенмен мұндай «тамаша» өмірдің екінші жағы бар екені де жасырын емес.

Ол – мойынға ілінген қарыздардың қамыты. Мұның соңы депрессияға, ерлі-зайыптылардың ажырасуына, заң бұзушылыққа, өзіне-өзі қол жұмсау сияқты келеңсіз жағдайларға әкеп соқтырып жатыр. Өзімізге «неге қарыздың қамытына іліккендер көбейіп жатыр және бұл жағымсыз тенденцияны тежеуге бола ма?» деп сұрақ қойып көрейікші... Әрине, оның себебі көп. Дегенмен негізгісі қаржылық сауатсыздық пен көрпемізге қарай көсілмейтінімізден. Осы олқылықты жою үшін және қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында екі жыл бұрын «Қарызсыз қоғам» атты жоба қолға алынды. «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылы 2 мамырда 12 банктің және 11 мемлекеттік органның қолдауымен бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және жеке кәсіпкерлік ашудан бастап, соттан тыс банкроттық кезінде көмектесу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақ бойынша кеңес алады. Барлық кеңес тегін беріледі, заңгерлер әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттейді. Мысалы, биыл ақпан-тамыз айлары аралығында 110 мыңнан астам адам заңгерлік көмек алды. Ал Call-орталыққа күн сайын үш мыңға жуық қоңырау шалынады. «AMANAT» партиясының Астана қаласындағы кеңсесінде қырыққа жуық заңгер жұмыс істейді, өңірлерде тағы оншақты мамандар бар. Сонымен қатар «Қарызсыз қоғам» жобасы цифрлық құралдарды белсенді енгізуде. Жасанды интеллекті элементтері бар пилоттық жүйе азаматтар шалған қоңырауды өңдеуге және тиісті маманға қосуға, кездейсоқ қоңырауларды анықтауға, қолдау көрсетуді қажет ететін адамдарды адвокаттарға жолдауға көмектеседі. Биыл жалпы қарыз жүктемесі 28 миллиард теңгені құрайтын 40 мыңнан астам адам көмекке жүгінді. Мамандардың араласуы арқылы миллиард теңгеден астам берешекті есептен шығаруға немесе қайта құрылымдауға мүмкіндік пайда болды. Бірде айыппұлдар мен өсімпұлдар алынып тасталды, енді бірде төлем кестелері түзетілді. Біз жобаның Қызылорда облысындағы өкілі Балдырған Мәменнен өңірде осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрадық: – Облыста бұл жоба 2024 жылы бастау алды. Былтыр өңірдің барлық ауданы, Қызылорда мен Байқоңыр қалаларына барып оффлайн форматында кездесулер мен тренингтер өткіздік. Биыл маусым айынан бастап онлайн форматта жұмыс істеп жатырмыз. Екі жыл ішінде 30 мыңнан аса адам жобаның шараларына қатысып үлгерді, – деді. «AMANAT» партиясы Шиелі ауданындағы ның филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова төмендегідей деректермен бөлісті. – Жыл басынан бері «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысу үшін аудан боынша 1709 адам тіркелді. Оның 717 ісі кездесуге өз аяқтарымен келіп оффлайн қатысты. Ж.Баймұратова сонымен қатар жобаның тиімділігі тек қана қаржы институттары мен партия белсенділігіне байланысты емес, сонымен қатар жергілікті жердегі әкімшіліктер және жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғау бөлімдерінің жұмысы өте маңызды екенін атап өтті. Тағы бір өзекті мәселе – қарызы бар адамдардың жоғарғы деңгейдегі жалақысы бар жұмыс іздеуі және оның табылу қиындығы. Аудан көлемінде ондай жұмыс өте аз, ал бар болғанның өзінде де оған бәсекелестік көп. Ендігі кезекте жобаның шараларына қатысып жақсы нәтижеге қол жеткізген жерлесіміздің сөзіне құлақ түрсек. Шырынкул Шайықова, Шиелі ауданы, Нартай ­Бекежанов ауылының тұрғыны: – Семинар-тренинг өтеді деген хабарды ауыл әкімшілігінің мамандарынан естіп келдім. Төрт күн бойы сабақтарға қатысып қаржылық сауаттылығымды арттырдым. Соның арқасында 1 миллион 400 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, өз ісімді бастап кеттім. Аудан тұрғындарына сапалы сүт өнімдері – қаймақ, құрт, сары май, ірімшік ұсынамын, – деді. Тағы бір мысал – биыл жоба аясында Шиелі ауданы бойынша қарызы көп 40-тан аса азаматтың құжаттары банкроттық процедураға дайындалыпты. Ендігі кезекте осы мақаланы дайындау барысында көзбен көріп, оймен түйгенімізді айтып өтейік. Сөз жоқ, бұл қазір біздің қоғамға өте керек жоба. Оны ауыл аймақтағы ағайын қолдап отыр. Дегенмен көбінің болашақта шаралар тек онлайн ғана емес оффлайн өткізілсе деген ұсынысы бар. Әрине, цифрлық технологияларды дамыту өте маңызды. Бірақ тұрғындардың әсіресе жасы үлкен кісілерге онлайн дәріс алу қиындау болып тұр. Екінші мәселе – аудандарда халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандар санын арттырған дұрыс. Астанада немесе облыс орталығында отырып зуммен немесе телефонмен кеңес бергеннен гөрі, тікелей кездесулердің тиімділігі жоғары болатыны анық. Үшіншіден, жобаның шараларына тек қана қарызын үш айдан бері төлей алмай жүрген азаматар ғана емес қаржылық сауаттылығымды арттырамын дегендерге де рұқсат берсе құба-құп болар еді. Жобаның Қызылорда облысындағы өкілі Балдырған Мәменге «Бұл жоба келесі жылы жалғаса ма?» деген сауалымызды жолдадық. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызы туралы айтты. Ол халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету керек екенін мәлімдеді. Президент «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет екенін ерекше атап өтті. Сондықтан бұл жоба өзінің заңды жалғасын табады деген үмітіміз бар, – деді жауапты маман.

Мақсұт ИБРАШЕВ

21 қазан 2025 ж. 50 0