Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПАРЛАМЕНТТІК РЕФОРМА – АСА КҮРДЕЛІ ЖҰМЫС

ПАРЛАМЕНТТІК РЕФОРМА – АСА КҮРДЕЛІ ЖҰМЫС

14 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Онда Президент: «Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 Конституциялық Заңға және 50-ден астам кодекс пен Заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек» деп бастады сөзін.

Сан түрлі соқпақтан өтіп, жаһанданудың жаңа дәуіріне қадам басқан Қазақстанның алға қойған мақсат-мүддесі бұрынғыға ұқсамайды. Мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай жүргізу үшін жаңашылдықтан қорықпауымыз керек. Яғни парламенттік реформа билік басындағы шенеуніктер мен кәсіби сарапшылардың сүзгісінен ғана өтіп қоймайды. Оған халық та өз ойын қосып, үкіметке үнін жеткізді. Ол үшін Президенттің тапсырмасымен e-Otinish платформасында және eGov сервисінде азаматтардың парламенттік жүйені жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жиналады. Президент сөзіне сүйенсек «Біз барлық реформаны тек эволюциялық жолмен жүргіземіз. Яғни азаматтардың сұранысы, төл ерекшелігіміз бен еліміздің түпкі мүддесі ескеріледі. Парламенттік реформа кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан ауқымды саяси жаңғырудың қисынына сай келеді». Бұл Мемлекет басышысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жандандыра түсетін нақты қадамның бірі. Қоғамға өзгеріс алып келу, еліміздің табысты, халықтың әл-ауқатының жақсаруы – ашықтық пен жүйелі жұмыстың жүргізілуіне тікелей байланысты. Мемлекет басшысы алдағы реформа экономика, әлеуметтік және технологиялық даму секілді басқа да салалардағы жан-жақты жаңғырулармен үйлесім табатынын сөз етті. Яғни өмірімізге цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізе отырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз. Алпауыт елдер сандық жүйенің көмегімен көш ілгері келе жатқанын ескерсек, келешек күллі әлемдегі мемлекеттік басқару жүйесі сандық арнаға бұрылары сөзсіз. – Келешекте бұл үрдіс күшейе түспек. Сондықтан біз де осы бағытқа саналы түрде күш саламыз. Алдағы уақытта e-Parlament қазіргі электрондық үкімет – e-Gov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін. Сол себепті бір палаталы Парламентке өту бір есептен жұмыстың жаңа қалыбы мен қарқынына, тез шешім қабылдауға бейімделуді көздейді. Яғни заман өзгеріп жатыр, ол өз талабын орындатады, e-Parlament жүйесі қыр астында тұр. Жақында өмірімізге дендеп енуі мүмкін. Сондықтан заң қабылдауда мүлде қате жіберуге болмайды. Заң шығару жұмысын жақсартудың жаңа тетіктерін енгізу аталған үдеріспен қатар жүруі қажет. Мұны халықаралық тәжірибе де көрсетіп отыр, – деді Президент Қ.Тоқаев. Парламеттік реформаның алғашқы адымынан-ақ айқынды өзгерістер орын алатынын аңғаруға болады. Демек халық пен билік арасындағы байланыс артып, бұқараның үні билік басына ашық жетеді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

21 қазан 2025 ж. 42 0