Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПРЕЗИДЕНТ 6 ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

ПРЕЗИДЕНТ 6 ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Апта бойы бас қалаға қатысты бірінен соң бірі жаңалықтар шығып жатыр. Ең алдымен Астананың аты қайтты. Сонан соң Президент 7 жылға және 1 мерзімге ғана сайланады. Заман басқа, заң да басқа. Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы алтыкүрек алты заңға қол қойды. Әрине, жариялы түрде. Және өзі қол қойған 6 заңның мән-маңызын Ақ Ордада тұрып, өзі түсіндіріп берді.
Соның алғашқысы «ҚР Конституциялық Соты туралы» ҚР Конституциялық Заңы. Заңдағы өзгерістерге сәйкес келер жылдың 1 қаңтарынан бастап, Конституциялық Сот өз қызметін бастайды. Бұл кәдімгі Соттан бөлек орган болады. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандығын тікелей осы органда қорғай алады.
– Осы референдумда азаматтардың басым көпшілігі конституциялық реформаға қолдау білдірді. Сол арқылы халқымыздың бірлігі бекем екенін көрсетті. Мемлекет басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол аштық. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайттық. Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады.Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады, – деді Президент рәсім барысында.
Екіншісі, «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» ҚР Конституциялық Заң. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзыреті мен дербестігі алғаш рет конституциялық заң деңгейінде бекітіліп отыр.
Үшіншісі, «Прокуратура туралы» ҚР Конституциялық Заң. Енді бас прокуратураның да құқық қорғау функциясы күшейтілді. Тек құқықтық емес, саяси реформа да жасалып жатыр. Партияларды тіркеу мен жалпы сайлау жүйесі өзгереді.
Төртіншісі, «ҚР кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңы.
Бесіншісі, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы.
Алтыншысы, «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
09 қараша 2022 ж. 843 0