Парламенттік реформа – эволюциялық жолдың жалғасы

Халықаралық үрдіс тәжірибесі
– Өткен аптада арнайы Жұмыс тобын құру туралы Өкімге қол қойдым. Парламенттік реформа – еліміздің алдында тұрған аса маңызды, жауапты жұмыс. Жолдауымда бұл мәселе азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет деп нақты айттым. Бірінші отырысымызда Парламенттің, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің және саяси партиялардың өкілдері, заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері бар. Бәрі де – елге танымал азаматтар, түрлі саланың мамандары. Тағы да қайталап айтқым келеді: Парламенттік реформа – еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе. Жұмыс тобының әр мүшесі осы тарихи міндетті дұрыс түсініп, белсенді жұмыс істейді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізде түрлі бағытта ауқымды өзгерістер қолға алынып, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл ретте осы өзгерістер жалғасын табуы керектігіне тоқталып, бір орында тұрып қалуға болмайтынын алға тартты.
– Мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай жүргізе беру маңызды. Бұл – елімізде Президенттік билік жүйесінің тиімділігі сақталады деген сөз. Жалпы, бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай парламенттік жүйе қалыптасқан. Дәл қазір бізге керегі – ортақ ұстаным және парасатты, салмақты ұсыныс. Сондықтан барлық ой-пікірді, ұсынысты мұқият зерттейміз, егжей-тегжей қараймыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бір палаталы Парламент құру туралы бастама инновациялық саяси шешім болғанын айта келе, қазір ел ішінде, әлеуметтік желіде айтылып жатқан түрлі пікір жөнінде ой білдірді.
– Басым көпшілік мұны «әбден пісіп-жетілген мәселе» деп санайды. Тіпті «Халықтың көбі қолдаған бастаманы талқылап, референдум өткізудің қажеті жоқ» деген ойлар да айтылып жатыр. «Реформаны созудың қажеті жоқ, таяу арада қысқа мерзім ішінде жасай салуға болады» деген пікірлер де бар. Шын мәнінде, қай жағынан алып қарасақ та, мәселе өте өзекті. Азаматтарымыздың әртүрлі пікір айтып, белсенді болғаны – жақсы үдеріс. Дегенмен парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі бұл – еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл – мемлекеттің болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақстан – халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет. Бұл – мызғымас ұстаным. Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден аса кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұстаным – кәсіби біліктілік
Осы орайда Президент алдағы реформаның кейбір концептуалды тұстарына қатысты ой-пікірін ортаға салды.
– Біріншіден, біз барлық реформаны тек эволюциялық жолмен ғана жүргіземіз. Яғни азаматтардың сұранысы, төл ерекшелігіміз бен еліміздің түпкі мүддесі ескеріледі. Парламенттік реформа кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан ауқымды саяси жаңғырудың қисынына сай келеді. Естеріңізде болса, саяси реформалардың төрт пакеті аясында парламенттік оппозиция туралы норма бекітілген еді. Онда өкілдері аз партияға Мәжілістің тұрақты комитеттерінің бірінде төрағалық лауазым атқару және парламенттік тыңдау өткізу туралы бастама көтеру құқығына кепілдік берілді. Бұдан бөлек, партиялар Парламентке өтуі үшін сайлаудың төменгі шегі азайтылды. 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформаның арқасында Мәжілістің құзыретін елеулі түрде кеңейттік. Нақты айтқанда, бүгінде Мәжіліс заң қабылдайды, ал Сенат мақұлдайды. Бұл алғашқы қадамдар еді. Енді кейінгі жылдары қоғамдағы саяси мәдениеттің едәуір өскенін ескере отырып, бірте-бірте және байыпты жолмен бір палаталы Парламентке өтуді бастаймыз.
Екіншіден, парламенттік реформа «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» саяси формуласына толық сай келеді. Жаңа да атап өттім, бұл – мемлекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым. Түптеп келгенде, парламенттік реформа және осыған дейін жүзеге асырылған реформалар біздің аймақта бұрын-соңды болмаған, шын мәнінде, жаңа басқару жүйесінің негізін қалайды. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді: Парламентті реформалау – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Осылайша, азаматтарымыздың мүддесі мен тілек-ниетін білдіретін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады.
Үшіншіден, алдағы реформа экономика, әлеуметтік және технологиялық даму секілді басқа да салалардағы жан-жақты жаңғырулармен үйлесім табады. Мысалы, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу күллі әлемдегі мемлекеттік басқару жүйесін өзгертетіні сөзсіз. Бірқатар елде қазірдің өзінде «электрондық немесе цифрлық парламент» элементтері сынақтан өткізіле бастады. Бұл азаматтарды саяси өмірге араластырудың жаңа формаларын қамтамасыз етіп, заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында жасалады. Келешекте бұл үрдіс күшейе түспек. Сондықтан біз де осы бағытқа саналы түрде күш саламыз. Алдағы уақытта e-Parlament қазіргі электрондық үкімет – e-Gov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін. Сол себепті бір палаталы Парламентке өту бір есептен жұмыстың жаңа қалыбы мен қарқынына, тез шешім қабылдауға бейімделуді көздейді. Яғни заман өзгеріп жатыр, ол өз талабын орындатады, e-Parlament жүйесі қыр астында тұр. Жақында өмірімізге дендеп енуі мүмкін. Сондықтан заң қабылдауда мүлде қате жіберуге болмайды. Заң шығару жұмысын жақсартудың жаңа тетіктерін енгізу аталған үдеріспен қатар жүруі қажет. Мұны халықаралық тәжірибе де көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл ретте болашақ депутаттар корпусының білімі мен білігі маңызды факторға айналады. Олардың қатарында нағыз кәсіби мамандар болуы керек. Парламент кәсіби болуға тиіс. Бұл – өте маңызды міндет. Парламентті пропорциялық жүйемен, яғни партиялық тізіммен жасақтау туралы ұсыныс дәл осы міндеттен туындап отыр. Бір палаталы Парламентте партиялардың көп болуы саяси диалогті кәсіби негізде өрбітуге ынталандырады. Жаңа жағдай партия жұмысына тың талаптар қояды. Демек популизм цифрландыру кезеңінде маңызды рөл ойнамайды, керісінше, кәсібиліктің бәсі жоғарылай түседі.
– Парламент – тәуелсіздігімізді және мемлекеттігімізді айшықтайтын маңызды құрылым. Бұл – ешқашан өзгермейтін ақиқат, алдағы уақытта да солай болып қала береді. Жалпы, реформаның негізгі мақсаты, соған сәйкес істелуге тиіс жұмыстың бағыт-бағдары туралы Жолдауда кеңінен айтылды. Референдумға дейін атқарылатын жұмыстың бәрін мұқият ойластырып, байыппен жүргізу қажет. Білікті мамандар өз ойларын ашық айтып, тиімді ұсыныстар беруі керек деп санаймын. Түпкілікті шешім, яғни қоғам пікірі дұрыс болуы үшін осы мәселеге қатысты айтылатын әрбір ой-пікір де әбден тексерілген, екшелген, жан-жақты сарапталған болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан Жұмыс тобы өз міндетін нағыз кәсіби ұстанымға сай атқаруға тиіс. Атап айтқанда, «е-Otinish» және «е-Gov» порталдары арқылы түскен барлық ой-пікірді сараптап, зерделеу қажет. Біз Әділетті мемлекет ретінде әр азаматтың ортақ іске пайдалы болатын ұсынысын ескеруіміз керек. Ата заңға енгізілетін әрбір өзгеріс мұқият пысықталып, дайындалуға тиіс. Әр баптың, әр норманың мән-мағынасына терең бойлаған жөн, яғни құқықтық, процедуралық мәселелерді нақты айқындап алуымыз қажет. Бұдан бөлек, басқа да көптеген мәселе пайда болуы мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, өте ауқымды бұл шаруада жұмыс тобына үлкен сенім артылып отырғанын атап өтіп, олардың істеріне сәттілік, табыс тіледі.
Жиынды Жұмыс тобының жетекшісі, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жүргізді. Сонымен қатар заң ғылымдарының докторы Виктор Малиновский, Парламент Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Марат Бәшімов, Парламент Мәжілісіндегі «Ақжол» партиясының фракция жетекшісі Азат Перуашев, «Amanat» партиясының фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Андрей Чеботарев сөз сөйлеп, ой-пікірлерін білдірді.