«Nur Otan» партиясының отырысы өтті
Сейсенбі күні «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалының саяси кеңесі өтті. Онда Гигант ауылында орындалатын «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасының жұмыстары таныстырылды. Бұл туралы «Гигант» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Гигант ауылдық округінің әкімі Айтбай Жандарбеков мәлімдеді. Аты аталған жобаның негізгі мақсаты – ауылда өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру. Ал алға қойған ең басты міндеттердің бірі – елді мекенді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
Отырыста аудан әкімі Әшім Оразбекұлы «Nur Otan» партиясы тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдауға әрқашан әзір екенін айтты. Бұдан бөлек әлеуметтік сипатқа ие «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламаға үнемі назар аудару керектігін тапсырды.
Партия жиынында саяси кеңес бюросының құрамына өзгерістер енгізілді. Одан кейін «Nur Otan» партиясы депутаттық фракция мүшелерінің 2019 жылдың ІІ жарты жылдығы бойынша аудандық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінде және өзі сайланған елді мекенде азаматтарды қабылдау кестесін бекіту, депутаттық фракциясының биылғы жылдың ІІ жарты жылдығына арналған жұмыс жоспарына келісім беру, «Жастар» бастауыш партия ұйымын құру және бастауыш партия ұйымдарын ірілендіру мен оңтайландыру мәселелері туралы қаулы қабылданды. Осы орайда партия филиалының төрағасы «Жастар» БПҰ-на зор сенім білдірді.
Ал Әшім Оразбекұлы төрағалығымен өткен кезектен тыс ХХҮІІ конференцияда 2019 жылдың І тоқсанында атқарған жұмыстар айтылды. Оны партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Шаймерденқызы баяндады. Сондай-ақ конференцияда әлеуеттің әл-ауқатын арттыруға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, кент және елді мекендерде инфрақұрылымның іске асуы мен тұрғын үй мәселесі де қаралды. Жиналыста партияның басты күші – бастауыш партия ұйымдарының жетекшілерімен толығып, төрағалардың үлесі 50 пайызға артқанын хабарлады.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ