Атқа міну мәдениетін қалыптастыруымыз керек

Ертеде бip аттың тұсауын ұрлаған адамға Төле би ер тармағы үшін бір бесті айып төлеуді бұйырады. Төле бидің үлкен айып кесуі ел ішінде мынандай істің болашақта жайылмауын көздеген болатын. Тіпті одан да ауыр жаза қолданған деген де мәліметтер кездеседі. Халық есінде бұл билік: «Тұсау ат сақтайды, ат ер сақтайды, ер ел сақтайды» деген сөзі арқылы атадан балаға мұра болып келеді. Түсінгенге бұл да – өнеге.
Атқа міну мәдениеті кешегі бабаларымыз үшін әлемді аузына қаратқан айтулы оқиға болса, бүгін сол бабалардың ұрпағында оның оң-терісін ажырата алмайтындары кездеседі. Жалпы жастардың жылқыға деген құрметін арттыра білу, атқа міну мәдениетін санаға сіңіре түсу керек. Қазақ қоғамындағы жылқының қадір-қасиетін жас ұрпаққа ұғындыруды көздеген шабандоздарға да алғыс айтуымыз керек.
Негізінен, атқа міну мәдениеті туралы жиі жазылып жүр. Жалпы біздің халықтың өмірінде жылқының орны ерекше. Ата-бабаларымыз ең алғаш рет атты қолға үйретті. Бізде жылқымен біте қайнасқан қадір-қасиет бар. Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» деген кітабында қазақтың атқа мінуден айырылып бара жатқанын кейіпкер арқылы еске салады. Одан бері қаншама уақыт өтті. Расында біз алыстап қалдық.
Батыр Бауыржан атадан алыстамай тұрғанда тағы да айталық. Жазушы Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» атты кітабында Бауыржан Момышұлының жылқыға деген жанашырлығын жазады. Өзі мінетін ақбоз аттың үстіне, жабудың астына күлеңкіні қаптайды. Суық жел мен сықырлаған аязда қара басының ғана емес, жылқының да жанын ойлағаны өзгелерге сабақ болыпты.
Қорыта айтқанда, біз жылқыға міну мәдениетін дамыта түсуіміз керек. Өйткені атқа міну – өз-өзіңді тану.
Ерсұлтан БАҒДАТҰЛЫ