Тұлпар – бабалар аманаты
Қазақ халқы үшін үй жануарларының осалы жоқ. Дегенмен болмысынан таза, жаратылысынан терең, табиғатынан жүйрік арғымақты төрт түліктің төресі санаған. Бүгінде Қобыландының «Тайбурылы», Алпамыстың «Байшұбары», Ер Төстіктің «Шалқұйрығы», Қамбардың «Қарақасқасы», Ақан серінің «Құлагері» ұрпақ санасында. Жылқы – аса сақ жануар, құлағы естігіш, көзі көреген, мұрыны иіс сезгіш, ал аузы дәмді оңай ажыратады. Сымбаты келіскен жануардың жасы мен денсаулық жағдайын атбегілер оның тісіне қарап ажырататын болған. Қазақта «Жақсы аттың тісін қарамас болар» деген нақыл сөз содан қалса керек.
Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», – деген болатын. Елбасы бағдарламасында атқа міну дәстүрін бірінші орынға қоюы тегін емес. Өйткені, судың тазасын, шөптің құнарлысын ғана азық ететін текті тұлпарды асырап, баптау да мықтылықты, жауапкершілікті талап ететін шаруа. Осы тұрғыда Алғабас ауылындағы Бақытжан Қамысбаев та құйындатқан тұлпардың тілін тауып, шашасына шаң тимей шабатын дүбірлі додаға қосып, тақымы атқа тиіп жүрген азамат.
– Қамбар ата түлігі өз иесінің дауысын, мінез-құлқын, яғни, ашуланғанын, жақсы көргенін, бұйрығын да мүлтіксіз түсінеді. Сол сияқты оның да ертелі-кеш қас-қабағына қарап, тазалығына аса мән беру керек. Тілі жоқ болғанымен, өте сезімтал жануар. Бәйге атын дайындауға қарағанда, көкбар атын баптау мүлде басқаша. Мен көкпарға дайындықты шілдеден бастаймын. Жілік майы толғанша 40 күн жем-шөбін беріп, аттың күшін байқаймын. Содан кейін күндіз 500 м, 1 км, 2 км міну арқылы үйретіп, түнде аш қоямын. Осылай тарлан жануарды 1 айға жуық суытып, аламанға қосамын. Дайындаған жүйрік жануар әбден бабына келсе, шыққан терінде бөтен дәм болмайды дегенді бала кезімде естуші едім, бүгінде мәнін түсінгендеймін. Көкпардан қалмауға тырысамын, шама-шарқым жеткенше алдыңғы шептен көрініп келемін. Қазақтың спорттық ойындарына осылай кішігірім үлесімді қосып жүрмін, – дейді шабандоз.
Қазақ халқы мінсе көлігі, шөлдесе сусыны, сойса соғымы болатын жылқыны 3 түрлі мақсатта пайдалана білген. Бәйгеге, көкпарға шабатын сәйгүліктерді бөлек баптап, аса күтіммен қараған. Ал, алыс сапарға төзімді келетінін «қазанат» деп, күнделікті тіршілігінде еті мен сүті үшін асырайтынын «жабы» деп атаған. Ал, біз соның алғашқысына аз-кем тоқталып өттік. Соңғы екеуі туралы айтар әңгіме бөлек.
Фариза КЕНЖЕШОВА.