Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада қазақтың атқа міну мәдениетін дәріптейтін көрме ашылды

Қызылордада қазақтың атқа міну мәдениетін дәріптейтін көрме ашылды


ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында қазақтың атқа міну мәдениетін дәріптейтін көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл шара С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында өткізіліп жатыр. Атауы  «Ұлы дала елінің тұғырлы тарихы»деген тақырыпты қамтиды.  Аталмыш шараға зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындары студенттері, оқытушылары және жергілікті қылқалам және қолөнер шеберлері қатысты. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты сараптамалық бағдарламасы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жол ашып отыр. Сондықтан бүгінгі шараның ұрпаққа ұлағат сыйлайтын өнегесі аз емес. Әдетте, қазақ халқы жылқының қадірі мен қасиетін жоғары бағалай білген. Ер қанаты саналған жылқы малы біздер үшін тек төрт түліктің бірі емес. Тұтас бір ұлттың түп-тамырынан терең тартатын бағалы байлығы екені белгілі. Тілдік қорымызда оған қатысты қаншама сөз тіркестері бар. Қашаннан да қазақ халқы аттың үстінен түспеген. Білетініміз, атбегілер жылқы малының 360 градустағы аумақты еркін көре алатынын айтады. Қазіргі таңда медицинада иппотерапия жоғары бағаланып келеді», - деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.
Сыр өңірінде бұл бағытта тиісті іс-шаралар атқарылып отыр. Облыс басшылығының қолдауымен  аймақта ат спортын дамыту мақсатында арнайы мектеп ашылды. Оған ұлттық ат спорты федерациясы да қолдау білдірді. Аталмыш шара барысында ұзақ жылдан бері атбегілікпен айналысып келе жатқан Қожабек Жаппасбай да өз пікірін білдірді. Ол бәйге аттарын баптаумен бірге ер-тұрман әбзелдерін жинаумен айналысады.  «Мен он жасымнан бәйгеге шауып, жылқыға деген қызығушылығым оянды. Қазір ер-тұрман әбзелдерін де жинаумен айналысамын. Олардың арасында екі ғасыр бұрын жасалған дүниелер де бар. Жалпы, ат әбзелдерінің ішінде қамшы жоғары бағаланады. Оған жылқының тері мен иісі сіңеді. Ерте заманда бабаларымыз ат үстінде жүргенін білеміз. Күндік жол жүрген. Жол-жөнекей мызғып алатын болған. Сондай сәтте қамшыны ер-тоғымның астына жастанып жатады екен. Өзінің айналасын аттың шылбырымен дөңгелектеп қоршаған көрінеді. Құрт-құмырсқа, жылан, шаян секілді жәндіктер аттың тері мен иісінен қашып, ол маңға жоламаған. Осыдан-ақ жылқы мен қамшының қасиетін ұғына беріңіз», - деді Қожабек Жаппасбай.
Атбегінің айтуынша, жылқы малы өте сақ келеді. Бұл қасиеті ертеде жауынгерлерге ерекше көмек болған. Ертеде кейбір қолбасшылар жорық сапарында алдынан суат кездессе, алдымен жылқыны суарған. Осылайша әскерін көлденең кеселден сақтандырып отырған.
Аталмыш көрме төрінен қазақтың атқа міну мәдениетінен сыр шертетін сан алуан жәдігерлер орын алды. Бұл жайында бейнеленген суреттер, ат әбзелдері, шабандоздың киім үлгісі, этнографиялық бұйымдар мен тұрмыстық заттар көпшілік назарына ұсынылды. Көрме 15 ақпанға дейін созылады.
inform.kz
26 қаңтар 2019 ж. 2 084 0