«AL-SANA»: ЖАСТАРҒА АШЫЛҒАН ЖАҢА ЖОЛ

Қазіргі әлемде білім беру тек мектеп немесе университет қабырғасымен шектелмейді. Жаңа технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуы мамандарға деген талапты түбегейлі өзгертті. Тоқаев атап өткендей, Қазақстанда білім беру жүйесі әлемдік үрдістерден қалыс қалмауы тиіс.
Президент өз сөзінде:
– Біз болашаққа дайындалуымыз керек. Балаларымызды заманауи технологияларды меңгерген, бәсекеге қабілетті маман ретінде тәрбиелеу – стратегиялық міндет, – деді.
Бұл мақсатта мектептен бастап ІТ және инновациялық пәндерге басымдық беріледі. Бағдарламалау, жасанды интеллект негіздері, робототехника сияқты бағыттар бастауыш сыныптан бастап енгізілмек.
Жолдауда ерекше аталған бастамалардың бірі – «Al-Sana» бағдарламасы. Бұл жоба жасөспірімдер мен жастарды ІТ саласына баулып, жаңа технологиялар бойынша мамандар даярлап, жас ғалымдар мен инженерлерге қолдау көрсетуге бағытталған.
«Al-Sana» бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірінде арнайы технопарктер мен оқыту орталықтары ашылады. Бұл тек кадр даярлау ғана емес, жастардың өз идеяларын іске асыруына жол ашатын алаң болмақ.
Білім саласындағы реформа тек оқушылар мен студенттерге ғана емес, мұғалімдерге де жаңа міндет жүктейді. Президент педагогтардың біліктілігін арттыру мәселесін ерекше атап өтті. Енді әрбір ұстаздың цифрлық сауаттылығы жоғары болуы шарт. Арнайы курстар мен тренингтер арқылы мұғалімдер жаңа технологияларды сабақта тиімді қолдануды үйренеді. Сонымен қатар мұғалімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен өсіп, олардың мәртебесі көтеріледі.
Қазақстандағы білім беру саласындағы ең өзекті мәселенің бірі – ауыл мектептерінің артта қалуы. Тоқаев бұл мәселені шешу үшін интернет желісінің сапасын арттыру және барлық ауыл мектебіне цифрлық білім беру құралдарын енгізу қажеттігін айтты. Ауылдағы балалардың да қалалық оқушылармен тең деңгейде білім алуы – басты мақсат.
Жасанды интеллект дәуірінде байлықтың ең үлкені – табиғи ресурстар емес, білімді ұрпақ. Президенттің білім саласына басымдық беруі – елдің болашағына салынған инвестиция. Бұл бастамалар жүзеге асса, Қазақстан алдағы он жылда ІТ және ғылым саласында өз мамандарын дайындайтын мемлекетке айнала алады. Осы тұста Мемлекет басшысының «Білімге салынған инвестиция – елдің ең үлкен жетістігі» деген сөзі ойға оралады.
Биылғы Жолдаудағы білім беру саласына қатысты бастамалар – еліміздің дамуының жаңа кезеңіне жол ашады. Алдағы уақытта мектептерде инновациялық пәндер күшейтіліп, мұғалімдер жаңа әдістермен оқытылып, ауыл мен қала арасындағы білім сапасының теңдігі қамтамасыз етілсе, Қазақстан әлемдік бәсекеге қабілетті елдер қатарынан орын алады.
Жасанды интеллект дәуірінде табысқа жетудің кілті – білім мен ғылымда. Ал бұл жолда мемлекет пен қоғам бірлесіп жұмыс істеуі қажет.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ