Қызылордада ұлттық дәстүрді дәріптейтін арнайы жоба жүзеге асады
Қызылорда облысында ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын «Тал бесіктен жер бесікке дейін...» жобасы жүзеге асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының мамандары аталмыш жобаны қолға алатын болады. Былтыр орталық мамандары аймақтың ардагерлер кеңесі, саяси партиялар жетекшілері мен үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесіп, бұл бағытта көптеген мәселелерді таразыға салған еді. Аталмыш жоба сол жиын барысында оған қатысушы азаматтардың зор қолдауына ие болды. «Жоба аясында ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттай отырып, бүгінгі уақыт талабына сәйкес келетін дәстүрлерді жаңғыртуды қолға алмақпыз. Сондай-ақ, қазіргі той өткізу дәстүріне де прагматикалық көзқараспен қарағанымыз жөн», - деді облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас. Орталық мамандары бұдан басқа да бірқатар жаңа жобалар қолға алмақ. Атап айтар болсақ, үш тілде «Қорқыттың даналық сөздері», «Сыр бойының сакральды ескерткіштері: мифтер, хикаяттар, аңыздар» жинағы, «Алаш қайраткерлерінің Ақмешіт-Қызылорда кезеңі», «Қорқыт ата кітабы» бірнеше нұсқалар бойынша қайта аударылып, жарыққа шығады. Аталған еңбектердің барлығы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай жүзеге асатын болады. Жобалар Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобалары аясында орындалады. Алдағы уақытта Қызылорда облысында Қобыз күні аталып өтеді. Сондай-ақ, былтыр қобыздың атасы саналатын «Қорқыт ата» мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне енгізілді.
inform.kz
inform.kz