Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолаушы, жолға кітап ал!

Жолаушы, жолға кітап ал!

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен қаладағы теміржол вокзалы мен автовокзалға «Жолаушы, жолға кітап ал!» макеттері орналастырылды. Енді ол арқылы әрбір жолаушы өзі қалаған кітапты «кью-ар» коды арқылы смартфонына жүктей алады. Жоба аясында қалың бұқараға қазақ классиктері шығармаларынан бөлек, әлемдік әдебиет туындылары ұсынылған. Ұлттық әдебиеттегі ең үздік деген туындыны насихаттап, рухани мұрамызды сақтауды мақсат тұтқан жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. – Қазіргі таңда технология қарқынды дамып, ұялы байланыс пен ғаламтор өмірімізден елеулі орын алды. Әсіресе, кітап оқуға деген ынта азайғанын байқауға болады. Сол себепті осындай шаралар қолға алынуда. Бұдан бөлек,  «Смарт аялдамалар» жобасы жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта «ақылды қала» жобасы шеңберінде ұялы телефондарды аялдамаларда қуаттандыруға да мүмкіндік туады деп күтілуде. Қала жұртшылығы бұл  жаңашылдықты құп көреді. Бұған дейін 15 аялдамаға белгілі ақын-жазушылардың шығармалары электронды нұсқада қойылған болатын. Жоба жолаушы қауымның рухани байлығын молайтып, сапарларының мазмұнды өтуіне мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді «Жас Отан» ЖҚ қалалық филиал басшысы Талғат Тілес.Тың жоба таңданыс тудырғаны рас. Оның кітапқұмарлар санының артуына да септесері анық. Кітап алыңыз, жолаушы…
12 ақпан 2018 ж. 1 639 0