Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛТЫН ДӘН ДАЛАСЫ

АЛТЫН ДӘН ДАЛАСЫ

Шиелі топырағы таяқ тастасаң тал болатын құтты мекен. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтай Еңбек Ері, 10 ғасыр адамының бесеуі шыққан қасиетті қоныс. Әсіресе, ауданның агро саласында толымды тірлік көп.
Қоңыр күз айы береке мен мерекенің айы десек, тіршілігі егін шаруашылығымен біте қайнасып жатқан шиелілік диқандар егін ору маусымына білек сыбана кірісіп кеткен. Қызу тіршілік үстінде. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген қазақтың тәмсілді сөзін ту еткен ­шаруалар қамбаны алтын дәнге толтырып, өнімді шашпайтөкпей ысырапсыз жинап алу жолында күн-түн демей, бел жазбай еңбектенуде. Көңілдерінде алажаздай еткен бейнеттің, тәтті дәмін татар сәттің де күн санап жақындап келе жатқаны қуантады.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген сөзі, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбеккерлерге жаңа серпін бергендей.
Дала төсіндегі тынымсыз тіршілікті «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деп ұйғарған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков таңмен таласа егін алқабын көрмекке бет алды. Жанында аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қаблеш Бекішов, кеңес мүшесі Тілеубек Бабасов бар. Ондағы мақсаты – адал маңдай тер төгіп жүрген еңбеккерлердің жұмыс барысымен танысып, шаруалармен тілдесу.
Алдымен Иіркөл ауылдық округіне қарасты «Еркін» шаруа қожалығының егістік алқабына табан тіреді. Ойлағанымыздай егін даласындағы жұмысшы топ күрішті оруға орақтарын қайрап, техникаларын сайлап егінге қамданып жатыр екен. Маңдайын күн, самайын жел, табанын құм сүйген, иығынан кетпенін тастамайтын диқандарды көргенде, күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың нағыз ізбасарлары міне, осы екен деп қаласың. Кең далаға жайылған сары түстес кілемдей жайқалған күрішті көргенде, әнұранымыздың «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы» деген шумақтары көкірегімізде сайрап тұрды.
Асқар Айтөреұлының басқаруындағы бұл шаруа қожалық биыл 150 гектар жерге күріш, 40 га жерге жоңышқа дақылын орналастырған. Бүгінде 70 гектары орылып бастырылған. Орта өнім 60 центнерден келіп, 420 тонна астықты қамбаға құйған. Күріш жинау жұмысымен танысқан аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы диқандарға сәттілік тілеп, еткен еңбектерін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Аудан әкімінің келесі аялдамасы Тұран ауылдық округіне қарасты «Төңкеріс К» шаруа қожалығы болды. Сапар барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков шаруа қожалық төрағасы Бауыржан Көпеевтен күзгі жиымтерімнің жай-жапсарын сұрап, қандай да бір мәселе туындаған жағдайда көмек қолын созатын жеткізді. Сонымен қатар ел ырысын еселеу бағытында аталған шаруа қожалықтың үлес салмағы оразан зор екенін тілге тиек етті.
Биыл «Төңкеріс К» шаруа қожалығы 877 гектарға күріш, 155 гектарға күздік бидай мен жаңа жоңышқа егілген. Сондай-ақ 70 га жерге мақсары дақылы мен 346 га ескі жоңышқа орналастырылған. Бүгінгі таңда 877 гектар күріштің 600 гектары жиналып, 3900 тонна астық жиналды. Орта өнім 65 центнерді құрап отыр.
Айта кетейік, «Төңкеріс К» шаруа қожалығы жыл сайын алтын дәннен астық жинағаннан бөлек, қоғамдық жұмыстарға да белсенді атсалысады. Ауылдағы игі істерге ұйытқы болып, берекелі бастамалардың басы қасынан табылып жүр.
«Берекесі кеткен ауылдың,
Айтқаны өсек болар,
Аңдығаны төсек болар.
Берекесі кірген ауылдың,
Айналдырғаны шаруа болар,
Еккені тары, жегені жарма болар» демекші, берекесі еңбекпен бедерленген егін алқабындағы диқандардың жұмысына қанық болып, еңбеккерлерге сәттілік тілеп, редакциямызға қайта оралдық.

Мейіржан ИБРАГИМ
16 қыркүйек 2025 ж. 43 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9337)

16 қыркүйек 2025 ж.

№69 (9336)

13 қыркүйек 2025 ж.

№68 (9335)

09 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930