ЕҢБЕК – ЕР АТАНДЫРАДЫ

Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген сөзі, ауылшаруашылығы саласындағы еңбеккерлерге тың серпін бергендей.
Өмірге келген әрбір адамның өз жолы, өз биігі болу керек. Өз жолың болу үшін барар бағытыңды байыппен таңдау керек. Бағытың айқын, мақсатың зор,талабың таудай болса адаспасыңа кәміл сене бер.
«Еңбек ер атандырады» деп халқымыз тегін айтпаса керек. Өмір тәжірибесінен туған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бұл! Сондай талабы таудай, еңбекке етене жақын азаматтың бірі – Әбдікәрім Жүнісов. Ол 1999 жылы талай еңбек озаттарының табаны тиген, 16 Еңбек Ері шыққан, қасиет қонып, құт дарыған Ақмая ауылында дүниеге келген. Еңбектеген сәтінен-ақ еңбексүйгіштікке бейім Әбдікәрім әке жолын қуып, мектеп бітірісімен «Ақмая» шаруа қожалығына слесарь болып жұмысқа орналасады. Бұл жұмыстың әрине жауапкершілігі жоғары, екінің бірінің қолынан келмейтін мамандық екені белгілі. Десек те, бұл жұмыс Әбдікәрім үшін аса қиынға соқпады. Көз ашқалы көріп жүрген жұмысы, ендігі сол тәжірибесін арнайы маман ретінде жүзеге асыру. Жас маманның тиянақты тірлігін аңғарған, басшылық тарап оған алып ХТЗ тракторын жүргізуді тапсырады. Бұны да тез игерген азамат жұмыстың жүйелі жүріп, істің табысты болуына көп үлесін қосады. Кейіннен заманауи үлгідегі MacDon комбайынына мініп, шөп ору, күріш ору сияқты маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
«Адамды адам еткен – еңбек». Әбдікәрім осынау терең мағыналы, тебіреніске толы аталы сөз туралы көп ойлаған. Ауылда еңбек етіп жүрген жастардың тым аздығы да көп толғандырған. Бүгінгі ардагер жұмысшылардың орнын басар жас ұрпақ керектігін жан-жүрегімен сезген. Сондықтан туған ауылының туын биік ұстауды мақсат еткен. Мінекей таңның атысы, күннің батысына дейін техника тізгіндеп, ел ырысын еселеу жолында еңбек етіп жүр. Қазір жатка демейді, трактор, комбайн демейді, құлағында ойнайды. Ауыл аймақтың аузынан түспей, халықтың батасын алып жүрген азамат.
Адал атқарған еңбекті ескерусіз қалдырмайтын шаруа қожалық ұжымы оны жыл соңында дәстүрге сай марапат мінберіне шығарады. Нәтижелі ісіне сай қомақты сыйақы тағайындап, жас маманға шалқар шабыт сыйлайды. Сонымен қатар кеудесіне республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының атынан өз саласына қосқан еселі еңбегі үшін «Ерен еңбек иесі», «Еңбек даңқы» медалін таққан.
Бұның барлығы ата көрген оқ жонардың нәтижесі. Әкесі Төрехан әкей де осы «Ақмая» шаруа қожалығында механизатор болып еңбек етіп келеді. Әкесінің айтқан ақыл-кеңесін қалт жібермей тыңдайтын бала, нашар маман болмасы анық. Әбдікәрімнің бүгінгі жетістігі, міне, осының айқын дәлелі.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана таба алады. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, сол бағытты алға жылжытуға үлес қосып жүрген жандар қашанда құрметке лайық. Біз де бүгінгі мақаламызға арқау болған жас механизатор Әбдікәрім Төреханұлының жұмысы жемісті болуын тілейміз.
М.ИБРАГИМ