Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл шаруашылығы: тың жоба, жаңа мүмкіндіктер

Ауыл шаруашылығы: тың жоба, жаңа мүмкіндіктер

Ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру – ел саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешу қажеттігіне үнемі назар аударып, бүкіл әлемде азық-түлік бағасының өсуі аясында Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығын дамытуға тиіс екенін атап өтті. Нәтижесінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әр өңірде іске асатын инвестициялық жобаларға қолдау көрсетіліп, елдегі ішкі өнімді дамытудың тың жобалары жүзеге асуда. Бұл ауыл шаруашылығы саласын басқаруды жетілдіру, ­ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, бәсекеге қабілетті өнімдерді экспортқа шығару, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыруда таптырмас мүмкіндікке айналды.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды.Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген сөзі, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбеккерлерге жаңа серпін бергендей.
Осыған дейінгі газеттің шығарылым санында Шиелі ауданындағы биылғы жиналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің саны мен көлемі жайында кеңінен тоқталып, тарқатқан болатынбыз. Ал бүгінгі шығарылымда Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Әшірбековтің берген мәліметіне сәйкес, аудандағы ел игілігін еселеп, әл-ауқатын жақсартатын инвестициялық жобаларды ұсынатын боламыз.

«Ауыл аманаты» әл берген сала
Әлеуметке әл берген «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алған болатын. Содан бері жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау жұмыстары жан-жақты жүргізіліп, ауқымды істер жүйесі бір арнаға түсе бастады. Жобаға сәйкес несиелер барлық тұлғаға 2,5 па­йызбен 7 жылға дейін беріледі.
Осы жоба аясында Шиелі ауданында Гүлзада Құрманбаеваның төрағалығымен «Шиелі құс еті» өндірістік кооперативі құрылып, мемлекет тарапынан қолдау тауып 27,6 млн теңге қаражат бөлінген.
Құс фабрикасына арнайы құрал-жабдықтар сатып алу, орнату және балапандар мен оларға жем алу мақсатында «Қордай корм» мекемесімен келісім-шарт жасалып, 1-ші лекпен 4500 балапан алып келген. Бүгінде 2023 жылдың қазан айында басталған құрылыс жобасы 3 модульдік құс фабрикасының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, жұмыс жасауда.
Жобаның жалпы жобалық құны 47 млн теңгені құрап отыр. Алғашқы легінде 4500 бас бройлер тауықтарынан 9-10 тонна тауық еті өнімі алынса, 2-ші легінде 1500 балапан тірідей салмақта сатылып, қалған бройлер тауықтарынан 6 тонна ет өнімі алынған.

«Таң LTD» ЖШС-нің жүгері егу жобасы

Жүгері – еліміздің көптеген жерінде өсірілетін бағалы дақылдың бірі. Осы уақытқа дейін Шиелі ауданы жүгері дәнін өсіруде біраз тәжірибе жинақтаған. Бұған жергілікті диқандардың тарих беттерінде қалған жоғары көрсеткіштері дәлел.
«Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Қызылорда облысының индустрия-инновация басқармасының ұйымдастыруымен Аймақтық үйлестіру кеңесінің оң шешімі негізінде Шиелі ауданы Телікөл қашыртқысының 2 көпір маңы мен «Таушұқырой» көлі аралығынан №888 облыс әкімінің 29.09.2017 жылғы қаулысымен 1 участок көлемі – 4685,0 гектар, 2 участок көлемі – 315,0 гектар, 10 жыл мерзімге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу мақсатында жалдау құқығы табысталған болатын.
Биылғы жылы «Таң LTD» ЖШС-гі «Таушұқырой» өңірінен жалпы көлемі 5000 гектар жердің 1000 гектарына жүгері дақылы тамшылатып суару әдісімен егіп, мол өнім жинады. Бұл бағытта арнайы 16 шақырым жерден электр желісі тартылды. Жердің басында 8 экскаватор, 3 погрузчик, 1 бульдозер, 8 жер айдайтын трактор жалпы саны 65 жұмыспен қамтылған. Аталған жерге жүгері дақылын көлемі 1020 гектардың тамшылатып суару жабдықтарының жалпы қаржысы 2 млн 200 АҚШ долларға жалпы 160 шақырым суару трубалары әкелінген 2024-2026 жылдар аралығында тамшылатып суару әдісімен жүгері және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын 2000 гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.

Күріш ақтау диірмендері іске қосылады

Өңірде 2023 жылы ТОО «MAA INBEST GROUP» күріш ақтау цехының құрылысы басталған болатын. Диірменнің қуаттылығы тәулігіне 30 тонна күріш ақтайды деп жоспарланып, қазіргі таңда 14х3 шаршы метр диірменнің құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Құрылыс жұмыстарына кеткен қаражат көлемі 35 000 000 теңгені құрайды. Бүгінде 40 000 000 теңгеге Қытай Халық Респуб­ликасынан диірменнің құрал-жабдықтары сатып алып әкелініп, орнатылу жұмыстары жүргізілді. Жалпы жобалық құны 75 000 000 теңгені құрайтын диірменді іске қосу үшін 3 фазалық трансфарматорын орнату, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сала басшысының айтуынша, диірмен жыл соңына дейін өз жұмысын бастайды.
Сонымен қатар, биылғы жылы іске асырылуы жоспарланған ЖК «Тұрлыбаев Досжан» күріш ақтау диірмені. Қазіргі уақытта жоспарға сәйкес диірмен толыққанды іске қосылып, сағатына 5 тонна күріш ақтау үстінде. Жалпы жобалық құны 350 млн теңгені құрайтын диірмен, жылына 15000-20000 тонна күріш ақтайды. Мұрат Әшірбековтің айтуынша, өндірілген күріштің 70%-ы ішкі нарықта сатылып, қалған 30%-ін шет елдерге экспортталатын болады. Қазіргі таңда диірменде 10 адам жұмыс қамтылып, жүйелі жұмыс істеуде.
Аудандық ауыл шаруашылығының жол картасында 2025 жылы іске асырылуы жоспарланған тағы да бір ауқымды жоба – «Ақмая» ШҚ-ның күріш ақтау диірмені. Бұл диірменнің құрылыс жұмыстары 2020 жылы бастау алған. Жобалық құны 200 млн теңгені құрайтын диірменнің қуаттылығы тәулігіне 100 тоннаны құрайды деп ­жоспарлануда. Қазіргі таңда құрылысы 1125 шаршы метрды құрайтын диірменнің өз қаражаты есебінен құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Диірменге қажетті құралдар Қытай Халық Республикасынан сатып алынып, күріш ақтау жұмысы 2025 жылы іске қосылып, 5 адамды жұмыспен қамтитын болады.

ТОО «MAA INVEST GROUP» Алғашқы көкөніс сақтау қоймасы

Аудан тұрғындарын қысқы және ерте көктемгі мезгілде қолжетімді бағада жеміс-көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін,өңірде сыйымдылығы 700 тонналық көкөніс сақтау қоймасы 2025 жылы іске қосылмақ. Жобалық құны 170 млн теңгені құрайтын нысан жұмысы іске асқанда, 14 адамды жұмыспен қамтитын болады.
– Бүгінгі таңда көкөніс сақтау қоймасында монтаждау және салқындатқыш құрал жабдықтарын орнату жұмыстары қарқынды-жүргізілуде. Қойманы жабдықтандыру үшін -2, -10 градуста ұстайтын, көлемі 360 куб, сыйымдылық мөлшері 100 тонналық 2 тоңазытқыш және +5 градустағы желдеткіш құрылғылары инвестор тарапынан күтілуде.
Сондай-ақ, қоймағы жол тиімділігін ескеру мақсатында аудан әкімдігінің ықпалының көмегімен жүк тасымалдауға арналған арнайы теміржол желісі жүргізілді, – дейді Мұрат Әшірбеков.
Бұл айтып отырғанымыз агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық жобаларын мемлекеттік қолдау бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыс. Импортқа тәуелділікті жою үшін өз өндірісімізге басымдық берудің артықшылығы орасан зор. Игілігін ел көреді. Кәсіпкерлер де мемлекеттің қолдауын сезініп, өнім көлемін арттырады. Сондықтан, игі бастама аяқсыз қалмай, ауқымы кең жобалар жүзеге асырылатынына сенім мол.

М.Ибрагимов
03 желтоқсан 2024 ж. 64 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

29 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031