Еңбегімен жер емген, молшылыққа кенелген

Асылында, адам баласын еңбек өсіреді. «Ер – егіз, ал еңбексіз – жалғыз» дейтінімізде сондықтан. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықтағы өмірі тұстастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлім-тәрбие мен жан-жағына үлгі-өнеге қалдыруға құрылады екен. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп ойшыл Абай Құнанбайұлы өсиет еткендей, адал еңбекпен есейіп, айналасына үлгі болып жүрген азаматтардың барын біз әрдайым мақтаныш етіп, оқырман назарына ұсынып келеміз.
Шиелі топырағы таяқ тастасаң тал болатын құтты мекен. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтай Еңбек Ері, 10 ғасыр адамының бесеуі шыққан қасиетті қоныс. Әсіресе, ауданның агро саласында толымды тірлік көп. Ел қамбасын еселеуді мақсат етіп, ырысын молайтпақ ниетте шаруа қожалықтар тынымсыз адал маңдай тер төгіп, бүгінде жемісін көруде. Сондай толымды тірлігімен, аядай ғана ауылдың атын мұқым елге мәлім қылған шаруа қожалықтың бірі – «Ақмая» шаруа қожалығы десек артық айтпағанымыз болар.
Тіршілігі егін шаруашылығымен біте қайнасып жатқан ақмаялық диқандар биыл да озаттар қатарынан көрінді. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген қазақтың тәмсілді сөзін ту еткен ауылдың бүгінде берекесі артып, ынтымақ-бірлігі өзгеге үлгі болып отыр. Ғасырға жуық тарихы бар «Ақмая» ауылынан 16 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Барлығы дерлік, қара жерге күріш дақылын егіп, ауылдың атын әлем елдері арасында паш еткен. Қазіргі таңда адал бейнетін, зейнетім деп білген азаматтар сол игі дәстүрді жалғап, озаттар қатарынан көрінуде.
1938 жылдан бастап колхоз мүшелері жаңа жерге күріш дақылын отырғызады. Ол кезде техниканың барлығы аудандық машина-техникалық станциясының қолында болған. Сондықтан колхоздың негізгі күш-көлігі ат арба еді. Ал қазақ колхоздарына тигені өгіз арба болды. 1973 жылы «Авангард» күріш совхозы атанған шаруа қожалық сол уақыттан бері ұстанған бағытынан таймай, елді азық-түлікпен қамтамасыз етуге еселі үлес қосып келеді.
Мұқым елге белгілі, тәуелсіздік жылдары осы ауылдағы шаруашылық қана талан-таражға түспей, қабырғасы сөгілмей, өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Енді міне, арада сан жылдар өтсе де, ауылдың адуынды өмірі тоқтаусыз тың серпінмен жалғасуда.
«Ақмая» шаруа қожалығын ауыл азаматы, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков басқарады. Еңбекке бала күнінен биім, шаруашылықтың жұмысын әбден жетік меңгеріп, тындырымды тірлігімен халықтың батасын алған азамат бүгінде шаруашылықтың тірлігін түлетіп отыр. Қожалықтың игілігінде қазір 2414 гектар жер бар. Төрт бригададан тұратын егін алқабына Гүлсім Дәрібаева, Қайрат Тастанбеков, Азамат Кемелов, Ерлан Сұлтанов сияқты өз ісінің майталмандары дәнді дақылдар егіп, күтіп-баптаған. Жыл бойы жүйелі жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша «Ақмая» шаруа қожалығы «Алтын күз – 2024» мерекесінде «Үздік шаруашылық – 2024» номинациясын жеңіп алды. Бұл мәртебелі марапатты аудан әкімі Айтбай Жандарбеков «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Егембергенұлына табыстаған болатын.
Түнеугүні аудандағы еңбегімен ері, өнбегімен жері сыйлы болған «Ақмая» ауылында керемет игі іс-шараның куәсі болдық. Ол, әрине жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Егенбергенұлының халыққа жыл бойы атқарылған жұмыстың есебі және осынау шаруашылықта ауқымды істі адал атқарған еңбеккерлерді марапаттау рәсімі. «Ақмая» ауылдық клуб үйінде өткен шараны Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов алғы сөзімен ашып беріп, ауылдың биылғы жеткен жетістіктерімен құттықтады. Сондай-ақ салтанатты шараға аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, «Аманат» партиясының Шиелі аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбетов, «Шарайна-Сейхун» газетінің бас редакторы Нұрмахан Елтай қатысты.
Шаруасы шираған қожалық
Бүгінде «Ақмая» шаруа қожалығының жұмысы жұмыр, мақсаты айқын. Шаруашылықтың басым бөлігі дала төсіндегі егін шаруашылығымен астасып жатыр. Биыл шаруашылық 1300 гектар жерге негізгі дақыл күріш егіп, нәтижесінде 5609 тонна 680 келі астық жинап, орта есеппен 43 центнерден өнім алған. Атап айтар болсақ, Гүлсім Дәрібаева басқаратан №1 бригада 390 гектар жерден 46 центнерден орташа өнімге қол жеткізген. Ал Қайрат Тастанбеков №2 бригада 390 гектар жерден 40 центнерден өнім алса, Азамат Кемелов жетекшілік ететін №3 бригада 240 гектар жерден 38 центнер астық жинаған. Осынау игі жолды жалғаған Ерлан Сұлтанов басқаратын №4 бригада 397 гектар 42 центнер өнім жинаған.
Қазір шаруасы шираған қожалықта ілкімді істі еңбекпен игеріп отырған 120 адам, оның ішінде 50 адам тұрақты, ал 70 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Бірі – егіс даласындағы қызу тірлікке араласса, енді бірі – шаруа қожалықтың фермадағы жұмысын тиянақты атқарып жүр. Еңбектің мәні мен маңызын түсінген ауыл азаматтарының осынау жүйелі ісінің арқасында ауыл іші көркейіп, жұмысы қарқындап тұр.
– Барлық жиналған 5609 тонна 608 кг өнімнің, 4827 тонна 580 кг ИП «Байдалиев»-ке келісім-шарт бойынша берілді. Келесі жылға тұқымға №1 қоймада 280 тонна 700 кг, №2 қоймаға тұқымдық күріш 420 тонна 600 кг кіргізілді, 80 тонна 700 кг диірменге ақтауға кетті.
2024 жылы шаруашылық 178 гектар жерге бидай егіп, 114 тонна 770 кг астық жинады. Оның ішінде 72 тонна бидай тұқымдыққа тазаланып, 368 гектар жерге күздік бидай егілді. 2024 жылғы ескі жоңышқа 631 га, жаңа жоңышқа 178 га, барлығы 809 га жоңышқа шөбінен 20 мың 014 рулон шөп жиналды. Оның ішінде фермаға 11 мың 770 рулон, жер үлес есебінен 7 мың 609 рулон, сатылғаны 635 рулон. Табиғи шөптен 3 мың 228 рулон, сабан шөптен 1 мың 785 рулон шөп жиналды, – деді шаруа қожалық төрағасы Дәулет Жұмбеков.
Шаруашылық бойынша фермада жалпы ірі қара мал саны 160 басты құрап отыр. Оның ішінде 60 бас аналық сиырлардан ай сайын 3-4 тонна аралығында сүт өндіріледі. 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірілген сүт келісім-шарт негізінде «Ару Ана» сүт өңдеу цехына өткізіліп, алынған қаражат ферма еңбеккерлерінің еңбек ақысына беріліп отырады дейді төраға. Биыл фермаға жаңадан 8 миллион 500 мың теңгеге «МТЗ 80» тракторымен 12 миллион теңгеге шөп турайтын қазандық алынып, жаңа заманауи техникамен жабдықталған. Айта кетейік, биыл шаруашылық бойынша мемлекеттен 82 миллион теңге субсидия бөлінген. Сондай-ақ шаруа қожалық толығымен жаңа заманауи шетелдік комбайн, трактор, ауыл шаруашылығы техникаларымен жабдықталған. Бұл жаңа техникалар өнімді уақытылы орып, жинап алуға, жұмысты жеңіл әрі тиімді жүргізуге ықпал етеді дейді шаруашылық төрағасы.
– Өздеріңізге мәлім, қыркүйек айының алғашқы күнінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты қазақ халқына Жолдауын жасады. Бұл саяси құжатта еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты мардымды әрі маңызды мәселелері қамтылған. Жолдауда Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялай келе: «Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз» деп атап өткен болатын. Осыған сәйкес, биылғы ауқымды жоспардың бірі – ауылға құны 120 000 000 миллион тұратын, қуаттылығы тәулігіне 50 тонна ақ күріш өңдейтін зауыт салып жатырмыз. Жуырда зауытты толығымен орнатып болады. Іске қосылған сәтте екі қолға бір күрек іздеп жүрген ауыл тұрғындарын жұмысқа тартып, ел игілігі жолында еңбек ететін боламыз. Сонымен қатар, 2025 «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ауыл еңбеккерлерінің мәртебесін көтеру бағытында жоспарларымыз бар. Бұйыртса өздеріңізбен бірлесе отырып ауқымды жобаларды бірге жүзеге асырамыз, – деді Дәулет Егембергенұлы.
Қайырымдылық – қайырлы іс
Аталған қожалық жыл сайын алтын дәннен астық жинағаннан бөлек, қоғамдық жұмыстарға да атсалысады. Мерекелерде ауыл тұрғындарына сыйлық үйлестіріп, түрлі мазмұнды шара ұйымдастырады. Ауылдық клуб үйінде өткен іс-шараларға қаржылай демеушілік жасап, ауылдың дамуы мен ілгері жылжуына нық қадамдар жасауда. Сондай-ақ ауылды көгалдандыру, көше жарық бағаналарын жаңарту, Ақмая – Батыс Қытай жолын асфальттауға сүбелі үлес қосып, қаржыландырып отыр.
Шаруашылық биыл 8-22 наурыз ұлттық мерекелеріне 700 мың теңге және 1 бас ірі қара үйлестірген. Мектепке жол акциясы аясында 600 мың теңге, ауыл азаматы видео оператор Ерлан Жұмағұлұлына 1 000 000 теңгеге жаңа камера алып, демеушілік жасаған. Сондай-ақ, «Қарттар күні» мерекесіне орай 160 мың теңге және ауыл қарияларына 5 тонна 500 кг ақ күріш сыйға тартқанын да тілге тиек етейік. Өйткені, қазақта «жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» деген тамаша тәмсіл бар емес пе?
Үш темір тұлпар табыс етті
Халық даналығында «Еңбектің наны тәтті» деген тәмсіл бар. Еңбекті кірістің көзі, ырыстың өзі деп ұғынатын «Ақмая» шаруа қожалығы алға қойған жүйелі жоспары арқылы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен сапалы азық-түлік өндірушілердің талай додасында топ жарған. Дала төсіндегі барлық жұмыс еңбеккерлердің маңдай терімен өлшенеді дейтін болсақ, осынау жетістікке жету жолында шаруа қожалық ұжымындағы әрбір адам еңбек озаты деп толық айта аламыз. Айтуымызға да себеп бар. Ерте көктем шыға сала маңдайын күн, самайын жел, табанын құм сүйген, иығынан кетпенін тастамайтын диқандарды көргенде, күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары міне, осы екен деп қаласың. «Еңбек етсең, қара жер де құр қалдырмайды» деп Абай атамыздың дөп айтқаны бар. Ал оның еңбегі де оңай емес. Барлығына шыдамдылық пен сабырлылық, тіпті төзімділік қажет. Неге десеңіз, көктемнің жаңбырлы күніне, жаздың аптап ыстығына, күздің қара суығына төтеп беру қажет болады.
Халық даналығында «Еңбектің наны тәтті» деген тәмсіл бар. Еңбекті кірістің көзі, ырыстың өзі деп ұғынатын «Ақмая» шаруа қожалығы алға қойған жүйелі жоспары арқылы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен сапалы азық-түлік өндірушілердің талай додасында топ жарған. Дала төсіндегі барлық жұмыс еңбеккерлердің маңдай терімен өлшенеді дейтін болсақ, осынау жетістікке жету жолында шаруа қожалық ұжымындағы әрбір адам еңбек озаты деп толық айта аламыз. Айтуымызға да себеп бар. Ерте көктем шыға сала маңдайын күн, самайын жел, табанын құм сүйген, иығынан кетпенін тастамайтын диқандарды көргенде, күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары міне, осы екен деп қаласың. «Еңбек етсең, қара жер де құр қалдырмайды» деп Абай атамыздың дөп айтқаны бар. Ал оның еңбегі де оңай емес. Барлығына шыдамдылық пен сабырлылық, тіпті төзімділік қажет. Неге десеңіз, көктемнің жаңбырлы күніне, жаздың аптап ыстығына, күздің қара суығына төтеп беру қажет болады.
Шаруашылық төрағасы Дәулет Жұмбеков халыққа берген есебінен соң, жыл бойына еңбек еткен, күріште мол өнім жинаған азаматтарды ақшалай сыйақымен марапаттады. Темір тұлпарды тізгіндеп, шаруашылықта механизатор болып жұмыс істейтін 27 азаматқа 100-150 мың теңге аралығында ақшалай сыйлық берілді. Негізгі дақыл күрішті өсіруде елеулі үлес қосқан 12 звено жетекшілері мен сушыларға 100-450 мың аралығында және үздік өнім жинаған еңбек озаты Бейсенбек Култупановқа 1 000 000 теңге, еңбек майталманы Нұрбол Байжановқа 1 300 000 мың теңге қаржылай сертификат табыс етілді.
Сондай-ақ үздік механизатор Ермекбай Ибрагимов, Төрехан Алтаев, Әділхан Қасымбекке ақшалай сыйақымен қоса, дәстүрге сай Жаңақорған шипажайына жолдама берілді.
Шаруашылық ұжымы биыл зейнет жасына жеткен қызметкерлерді де қалыс қалдырмады. Шаруашылық жұмысының ширақ болып, өнімді жұмыс істеуіне сүбелі үлес қосқан Асқарбай Абдраманов, Берікбай Ибрагимов, Әбдібек Тілеубаевқа арнайы сый-құрмет көрсетіп, үстеріне шапан жапты.
Одан соң шаруашылықта үздік қызмет еткен азаматтарға, еңбек ардагерлеріне «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек даңқы» «Ардақты ардагер» аталымдарымен орден-медальдар тағылды.
Сонымен қатар «Озат майталман – 2024» номинациясымен звено жетекшісі Сәулебек Әлтайға, механизаторлар Бейсенбай Қасымұлына, Досбол Хайырбекұлына автокөлік кілті табысталды. Сондай-ақ шаруашылық тірлігін түлетіп отырған облыстық мәслихат депутаты, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбековке шаруашылық инвесторы Қанат Байдалиев темір тұлпар мінгізді.
Иә, диқан еңбегі – қашанда марапат мінберінің алтын тұғыры. Ауданның ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда марапат төрінен түспеуі керек. Дәл сол күні еселі еңбек еленген күн болып, ақмаялық диқандар межелі сәтті мерейлі күнмен аяқтады. Бітімі бөлек, шаруасы ширақ «Ақмая» шаруа қожалығының берекелі ісіне қанық болып, қарашаңыраққа қайта оралдық.
Мейіржан Ибрагимов,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ