Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықпен кездесу – мәселелердің оң шешім табуына септеседі

Халықпен кездесу – мәселелердің оң шешім табуына септеседі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков кент тұрғындарымен кездесу өткізді. 90 жылдық тарихы бар киелі Шиелі соңғы жылдары бұрынғысынан да көркейіп, күн санап аудан ажары арта түскен. Жаңадан бой көтерген көздің жауын алар әсем ғимараттар, ел игілі үшін берілген алеялар, заманауи талапқа сай безендірілген түнгі жарық шамдар бәрі де халық сұранысына сай жұмыс істеп тұр. Күрмеуі шешілмеген түйткілді мәселелер де кезең-кезеңімен оң шемімін табуда. Әрине, бұл – үлкен жетістік. Осынау жетістіктің артында қаншама азаматтың еселі еңбегі, төккен тері жатыр. Нәтижесінде, аудан бюджеті артып, өндіріс өркендеп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарған. Бұл туралы аудан әкімі Шиелі кентіндегі №219 Ы.Алтынсарин атындағы мектебінде және Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен тұрғындарымен кездесу барысында баяндап, алдағы атқарар ауқымды жобаларымен бөлісті.
Бұл – аудан әкімі болып сайланғалы Айтбай Насриддинұлының кент тұрғындарымен алғашқы есепті кездесуі. Сөз басында, туған жерді түлету, өркендету жолында барлық білім-біліктілігім мен жинаған тәжірибемді салып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық саяси ахуалының тұрақтылығы жолында халықпен бірге үлкен жетістікке жету жолында аянбай жұмыс істейтінін жеткізді. Содан соң, жыл басынан бері ауданның жеткен жетістіктері мен атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

АУДАН БЮДЖЕТІ АРТҚАН
Бүгінде аудан бойынша өнеркәсіп өнімін өндіру – 134,7, өңдеу өнеркәсібі – 155,2, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 106,8, инвестициялар тарту – 143,5, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 102,2, құрылыс жұмыстарының көлемі – 112,4 және бөлшек сауда көлемі 105,7 пайызға артқан. Сондай-ақ аудандық бюджеттің кірістері 2024 жылға несиелерді қоса есептегенде 14 млрд 977 млн теңгеге бекітілсе, ағымдағы жылдың бүгінгі күнгі жағдайы бойынша түзетілген бюджет несиелерді және бюджет қаражатының бос қалдықтарын қоса есептегенде 17 млрд 51 млн теңгеге нақтыланып 13,8 пайызға өсім алған.
– Президентіміз «Мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттың бірі – аймақтарды жан-жақты дамыту. Әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру – басты міндет» деп нақты атап өткен болатын. Инфрақұрылымды дамыту – ел дамуының қайнар көзі. Сондықтан алдағы уақытта бұл жұмыстарды әрі қарай қарқынды жүргізу үшін нақты жоспарлар әзірледік. Бұл бөлінген ауқымды қаражат ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмысын жақсартуға бағытталады, – деді аудан әкімі.

31 799 ГЕКТАР ЖЕРГЕ ЕГІН ЕГІЛДІ
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды.Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген сөзі, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбеккерлерге жаңа серпін бергендей. Елдегі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығының жұмысы қарын алып, түрлі жобалар қолға алынды. Атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде қамбамыз астыққа толып, бітік шыққан егіннен ел ырысы еселенді.
Биыл аудан бойынша жалпы 31 799 гектар жерге егін егілген. Соның ішінде Сыр маржаны – күріштің үлесі 13 098 гектарды құрап, жүйелі жұмыстың нәтижесінде диқандар әр гектарынан 60 центнерден 78588 тонна өнім алған. Сондай-ақ дақылдарды әртараптандыру бағытында егілген 913 гектар күздік бидайдан 1370 тонна, 573 гектар жаздық бидайдан 287 тонна, 90 гектар арпа дақылынан 50 тонна және 910 гектар мақсарыдан 728 тонна өнім жиналды. 50 гектар күнбағыстан 175 тонна, 264 гектар тарыдан 924 тонна, 125 гектар дән жүгеріден 444 тонна, 46 гектар соядан 37 тонна, 187 гектар мал жемдік асқбақтан 337 тонна, 590 гектар сүрлем жүгеріден 2065 тонна өнім жиналған.
Кейінгі жылдары Сыр өңіріндегі диқандарды дарияның деңгейі алаңдатқаны рас. Түрлі себеппен жоғарыдан келетін су мөлшері азайып кетті. Бұл егін шаруашылығымен айналысатын диқандардың жоспарланған көлемде егін егуіне кедергісін келтірді. Дейтұрғанмен, диқандар белгіленіп берілген судың лимитін дұрыс әрі үнемді пайдалануға ден қойған. Мемлекет басшысының су үнемдеу тапсырмасына сәйкес аймақта су көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, үнемдеу технологиясы енгізілген. Ерте көктемгі дала жұмыстарында мамандар жерді лазерлі тегістеуден өткізіп, шаруалармен бірлесе суды кезекпен беру тәртібін қалыптастырған. Жұмылған жұдырықтай бірлесе әрекет ету арқылы, биыл шаруалар су тапшылығынан қиындық көрмеген. Еселі еңбектің нәтижесінде, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен дала еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз-2024» облыстық салтанатты шарасында Су үнемдеу технологиясын қолдану бойынша Шиелі ауданы «Озат аудан» атанып, облыс әкімі арнайы марапатты Айтбай Жандарбековке табыс еткен болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Ауызсу мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жол карталары мен жоспарлар нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысы жүйелі жүргізілуі керек» деген еді. Шиелі ауданы бойынша сапалы ауызсумен 39 елді мекеннің 95 пайызы, 86 мың тұрғынның 99,9 пайызы қамтамасыз етілген. Қызылқайың, Қосүйеңкі елді мекендерінде ауызсу жүйесінің құрылысына 446,7 млн теңге қаржы бөлініп, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, Жуантөбе елді мекеніне су тұшытқыш (блок-модуль)орнатуға қажетті 17, 2 млн теңге бөлініп, бүгінде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Кездесуде аудан әкімі ағымдағы жылы Ақтам, Лесхоз елді мекеніне су тұшытқыш орнату жоспарланып, нәтижесімен сапалы ауызсумен қамту 100 пайыз шешімін табатынын жеткізді.
Осыған дейінгі халықпен кездесу барысында электр желілерінің тозығы жеткендігі айтылып, бүгінде күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе ретінде бақылауға алынған болатын. Осыған орай, 2023 жылы 22 ауылға 22 дана трансформаторлар алынып, ауыл тұрғындары сапалы электр қуатын пайдаланып келеді.
– Шиелі кентіндегі жоба құны 808 млн теңге болатын электр желілерін қайта құрылымдаудың І кезеңіне 2023 жылы 100 млн теңге, ағымдағы жылы 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері ауыстырылуда. Жоба толық аяқталғанда аудан орталығын электрмен қамту желілерінің 42 пайы­зы жаңаратын болады. Кентті толық үздіксіз және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында электр желілерін қайта құрылымдаудың ІІ кезеңін жүзеге асыру үшін демеушілер тарапынан ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Екі кезең толығымен жүзеге асырылған жағдайда аудан орталығындағы 38 мың тұрғын сапалы электр энергиясын тұтынатын болады, – деді Айтбай Жандарбеков.
Биыл киелі Сыр өңірінде «Руханият жылы» деп жарияланды. Осыған сәйкес, өңірімізде өнер мен мәдениет саласында серпінді, жаңа жобалар жүзеге асуда. Осы жұмыстарды жүйелі, әрі тұрақты негізде, бір орталықтан жүргізу мақсатында ауданымызда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият» орталығына аймақ басшысының қолдауымен 1 млрд 624 млн теңге бөлініп, құрылысы қарқынды жүргізілуде.
– Мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени орындарды қайта қалыпына келтіру мақсатында жеті әулие мекен еткен «Оқшы ата» кешені демеушілер есебінен 25 млн теңгеге жарық, 6 млн теңгеге ауызсу жүргізу жұмыстары бас­талуда. Республикалық бюджеттен бөлінген 23 млн теңгеге «Оқшы ата», «Асан ата» мазараттарын қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілді. Аудандық бюджеттен «Қыш ата», «Ғайып ата», мазаратын қайта құрылымдауға 17 млн теңге бөлініп, сатып алу жұмыстары рәсімделуде. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарына ЛЭД экран орнатуға 10 ауылдық округке барлығы 40 млн теңге бөлініп, орнатылды. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта кезең-кезеңімен жалғастырамыз, – деді аудан әкімі.
Өңірімізде соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар қарқынды жүргізіліп, әлеуметтік-экономикалық дамуына «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» сияқты жобалар құрылыс саласына тың серпініс беруде.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен жобалық құны 363,2 млн теңгені құрайтын Шиелі кентінде салынатын спорт комплексінің құрылысын бастауға 50 мон теңге, жобалық құны 460, 6 млн теңгені құрайтын Бестам ауылында 150 орындық клубтың құрылысына 50 млн теңге бөлініп, бүгінде жұмыстар қарқынды бастау алды. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына арналған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл ерекше санаттағы азаматтарға аудан бойынша 123 тұрғын үй салынып, жыл соңына дейін табыстайтын боламыз, – деді аудан әкімі.

ТҮНГІ ЖАРЫҚ ШАМ КЕРЕК
Аудан көлемінде атқарылған ауқымды жобалармен танысқан кент тұрғындары, өз кезегінде көкейде жүрген сауалдарын жолдады. Кездесуге келген тұрғындар Шұғыла мөлтек ауданында орналасқан ипотекалық үйлердің айналасына түнгі жарық шамдарын және жолдар бойына арнайы белгі қою керегін ұсынды. Бұл тұрғыда аудан әкімі қазіргі таңда мамандар тиісті жұмыстар жүргізіп, жыл соңына дейін аяқталатынын жеткізді.

ЖОЛҒА КЕДЕРГІ ЖҮК КӨЛІГІ
Сондай-ақ теріскей беттегі кент тұрғындары тарапынан жолдың бойында тұрған ауыр жүк көліктерінің тиісті тұраққа қойылмауынан, қазіргі таңда жол кедергісін туындатып тұрғанын айтты. Аталған мәселе бойынша аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жауапты сала басшысына бұл мәселемен тез арада айналысу керегін тапсырып, тұрғындардың көтеріп отырған мәселесінің маңызды екенін атап өтті.

«ҚАРАТОРҒАЙҒА» ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛСА
Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде өткізілген кездесу барысында аудан ардагерлері тарапынан бүкіл қазаққа «Сырдың Қараторғайы» атымен танылған сазгер, ақын, әнші Шолпан Жанболатқызының есімін және өнерін ұлықтау мақсатында Қараторғайға символикалық ескерткіш ортанылса және өнер байқаулары өткізілсе деген ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар кездесу аясында кейбір мөлтек аудандарында қосымша балалар алаңқайын, кей мектептерде бала санының көбеюіне байланысты қосымша ғимараттар салу керегі туралы ұсыныс-пікірлер айтылды. Аудан басшысы айтылған талап-тілектердің барлығы арнайы хаттамаға түсіріліп, тиісті сала мамандарына тапсырмалар беретінін жеткізді.
Келелі жиын соңында атқарылған жұмыстармен танысып, аудан әкімімен жүздескен тұрғындар алдағы атқарар жұмыстарға сәттілік тілеп, дәстүрге сай қариялар ақ батасын берді.

М.Ибрагимов
Б.Бәйімбет
06 желтоқсан 2024 ж. 145 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (9262)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031