Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Сырдария ауданында жеке қабылдау өткізді

Облыс әкімі Сырдария ауданында жеке қабылдау өткізді


Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Сырдария ауданының тұрғындарын жеке қабылдады.

Аудандық мәдениет үйіндегі жеке қабылдауға барлық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Бұған дейінгі осындай қабылдаулар ашық, жария түрде өткендіктен, мәселелер шешім тапқандықтан тұрғындар белсенділігі артқан. Бүгін жалпы саны 50-ден астам азамат түрлі ұсыныс-пікірін, өтініш-тілектерін айтты. Тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқ су, қоғамдық көлік – Сырдария ауданы тұрғындарын да толғандыратын сауалдар.

Аймақ басшысы қабылдауға келген азаматтарды тыңдап, барлық мәселе мамандардың жіті тексеруінен өтетінін айтты. Әрі қарай заңдылықты негізге алып шешім қабылданады.

«Бүгін облыс әкімінің қабылдауында болып, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін жалғызбасты ана ретінде үй кезегінде тұрғанымды жеткіздім. Кезекте 2010 жылдан бері тұрамын. Аймақ басшысы жыл аяғына дейін баспана берілетінін айтып қуантты, алғысым шексіз», – дейді Тереңөзек кентінің тұрғыны Гаухар Аяпова.

«Жұмыс іздеп жүргеніме 2-3 жыл болды. Бұрын Астана қаласында «Қазақмыс» корпорациясында жобалаушы болып жұмыс істедім. Тереңөзек кентіне тұрмысқа шыққан соң, жұмыстан босатылдым. Жолдасым, үш қызым бар, бір айлыққа өмір сүру қиындау болып барады. Аймақ басшысы Қызылорда қаласынан жұмыс қарастыруға уәде етті», – деді аудан тұрғыны Нәбира Әлжаппарова.

Айта кетейік, бұған дейін аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасарлары мен құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары әр ауданда бір күн бойы жеке қабылдаулар өткізді. Тұрғындардың мәселелері қаралып, реттілігіне қарай шешімін тапты.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
06 қараша 2023 ж. 163 0