Кезекті кездесудегі есепті сәт
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Нұржан Ахатов Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай, Қоғалы ауылдық округінің және Шиелі кенті тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кезекті кездесуде аудан басшысы халыққа 3 айда атқарылған жұмыстары бойынша есеп берді. Тұрғындар аудан әкіміне талап-тілектерін білдіре отырып, әр саланың басшылық құрамымен тікелей тілдесіп, мәселені шешуге мүмкіндік алды.
Кезекті кездесуде аудан басшысы халыққа 3 айда атқарылған жұмыстары бойынша есеп берді. Тұрғындар аудан әкіміне талап-тілектерін білдіре отырып, әр саланың басшылық құрамымен тікелей тілдесіп, мәселені шешуге мүмкіндік алды.
Ауыл тұрғындары аяқсу каналдарының тазалығы, жедел жәрдем көлігін жаңарту, 2022 жылы берілген трансформаторларға қосымша жаңа трансформатор орнату секілді өзге де түйткілді мәселелер бойынша өтініштерін білдірді.
Жалпы аудан әкімінің елді мекендердегі кездесулерінде тұрғындар ортақ мәселелерді қозғап келеді. Әсіресе, инфрақұрылым бойынша өтініштер жиі тіркеледі. Тұрғындардың сұранысы ескеріліп, елді мекендерде осы бағытта белсенді түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын аңғаруға болады. Мысалы айтар болсақ, қазіргі таңда ауданға қарасты елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық және инженерлік инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Жыл сайын халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында, аудан тұрғындарының жайлы тұрмыс кешуіне ең қажетті ауыз су, газ тарту, жол салу, түнгі жарық бағаналарын орнату секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Соңғы жылдары ауданға қарасты елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Бұған дәлел осы жылдың өзінде 6 бірдей ауылға газ жүйесін тарту, 2 ауылға ауыз су жүйесін жүргізу, 2023-2024 жылдары 8 бірдей елді мекенде амбулаториялық ғимараттардың құрылысын жүргізу үлкен істердің одан әрі кең қанат жаюының кепілі емес пе?!
Кент тұрғындарын мазалаған мәселелер қатарында, кенттің ішкі көшелеріне асфальт жабындысын төсеу, қоқыс контейнерлерінің санын көбейтіп, айналасына қоршау орнату, тоқтап қалған бірнеше қоғамдық көлік бағыттарын қайта жаңғырту мәселелері бар.
Кездесу барысында аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы:
– Биыл Шиелі кентінің біршама көшелерінде асфальт жабындысын толықтай жаңартуды жоспарлап отырмыз. Асфальт жабындысы ұзақ сақталуы үшін суағар жүйесін жүргізу де жоспарымызда. Ал уақытша жүруін тоқтатқан қоғамдық көліктерге келер болсақ, біз біршама жұмыстар атқарып, осы бағыттарды «әлеуметтік маңыздағы бағыт» деп танып, қоғамдық көлік иелеріне мемлекет тарапынан субсидия бөлуді қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады», – деді.
Кездесу соңында Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет аудан көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарына арнайы тоқталып, биылғы жылы белгіленген межеге сәйкес 24 000 түп көшет егу болса, аудан көлеміндегі елді мекендерді қоса алғанда жалпы аудан бойынша бүгінгі күнге дейін 40 мың 200 түп көшет отырғызылғанын тілге тиек етіп, барша аудан тұрғындарын осы игі іске үлес қосуға шақырды.
Дархан БАЙТІЛЕС