Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкім бол, халқыңа жақын бол!

Әкім бол, халқыңа жақын бол!

Мемлекет басшысының әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы осыған саяды. Бүгінде әкімдер тұрғындардың әрбір уәжіне құлақ түріп, жергілікті жердегі мәселеге тереңнен үңілуге кірісіп кетті.
Мәселен, апта басынан бастап Шиелі ауданының әкімі ­Нұржан ­Ахатов шалғайдағы Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай, Қоғалы ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, жұртшылықты мазалаған сұрақтарға жауап беруге тырысты. Сондай-ақ кездесудің төрттен бір бөлігі өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы ­баян­даманы таныстыруға арналса, қалған бөлігі ауыл халқының сауалдарына арналды.

Аудан бюджеті 13 млрд-қа жуықтаған
Аудан әкімінің айтуынша, биыл 7 айда Шиелі ауданының кірісі 12 млрд 924 млн 281 мың теңге құрап, жоспарланған көрсеткіштер 107,5 процент орындалған. Оның ішінде трансферттік түсімдер 10 млрд 350 млн 942 мың теңге болса, аудандық бюджеттің өз кірістері 2 млрд 573 млн 339 мың теңгеге тұрақтап, жос­пар 176,1 процентке орындалыпты. Индустриалдық аймақта жұмыс істеп тұрған жобалар қатарында «Мия Шиелі», «Шиелі Жолшы», «Гежуба Шиелі Цемент», «Бөпежанов», «КАЗСТРОЙОРДА» кәсіпорындары бар. Оларға бас-аяғы 57 гектар жер берілген. «Газдандыру мәселесіне келер болсақ, қазіргі уақытта жалпы құны 1 млрд 62 млн теңгеге Еңбекші, Жиделіарық, Бестам, Ақтоған елді-мекендерін газдандыру бойынша жобалар тиісті министрлікке тапсырылған. Ал Алмалы, Телікөл ауылдық округтеріне газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар сараптама қарауында», – дейді аудан әкімі Нұржан Ахатов.
Сұрақ-жауап кезеңіне ойыссақ. Бұл кезеңде барлық ауылдарда тұрғындар тарапынан аяқ су, көше жарығы, ескірген электр сымдарын ауыстыру, көшелерді жөндеу жұмыстары, мәдениет үйін салу, интернет байланысының сапасы, жаңадан жедел жәрдем көлігін алып беру және басқа да ұсыныс-пікірлер айтылды.

Майлытоғайға сапалы инернет желісі қажет
Мәселен, майлытоғайлықтар өз ауылдарына жеке учаскелік полиция қызметкері бөлінсе дейді. Сондай-ақ интернет байланысының нашар екендігін айтуда. Себебі ауылда тек қана «белайн» байланыс операторы жұмыс істеп тұр. Онда да ғаламторға еркін кіруге шамасы жетпейтін көрінеді. Ауыл әкімінің мұрындық болуымен бірнеше үйге «Транстелеком» компаниясының «wifi» желісі орнатылғанымен ауыл тұрғындарының көпшілігі «оны қосуға қауқарсызбыз» деп отыр. Аталған мәселені мұқият тыңдаған аудан әкімі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша халқы 50-ден кем емес ауылдың барлығы 2023 жылдың аяғына дейін сапалы интернет желісімен қамтылады деп ауыл халқын ақжолтай жаңалықпен қуантты. Мұнан бөлек Майлытоғай халқы ауылға мәдениет үйі соғылса деген арман-тілегін жеткізді.

Талаптанда қылмыс азаймай тұр
Ал сейсенбі күні әкім есебі ­Талаптан ауылдық округінде бас­талды. Мұнда тұрғындар учаскелік полиция қызметкерінің жұмысына шағымдарын білдірді. Аудан әкімі де бұл сөздерді растап, Талаптан ауылдық округі қылмыстық оқиғалар орын алуы жөнінен аудан бойынша көш бастап тұрғандықтан аудандық полиция бөлімінің бастығына учаскелік полицияның жұмысын жандандыруды тапсырды. Тағы бір мәселе ауылдық амбулаторияға қатысты айтылып, қазіргі сәтте ғимараттың жобалық сметалық құжаттары дайындалып жатқаны белгілі болды. Нұржан ­Ахатов болса ауылдар ішінде Талаптан ауылдық округінде көшелерді асфальттау жұмыстарының төмен екендігін, әрі бұл бағытта биыл 2 көшені жөндеуге 27 млн теңге бөлінгенін айтты. Балалар ойын алаңын соғып беруді сұраған тұрғынға аудан әкімі «Менің білуімше ауылда бірнеше ойын алаңдары бар. Дегенмен сол ойын алаңдарының күтімі жоқ. Айналасын арам шөп басқан екен. Ауыл тұрғындары болып барды бағалап, ойын алаңдарын күтіп ұстасақ»,– деді Н.Ахатов. Мұнан бөлек тұрғындар «Нәнсай» көпірін қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Алайда жауапты сала басшылары бұл мәселеге қатысты былай деді: «Нәнсай ауданның теңгерімінде болмағандықтан көпір мәселесін шешу қиын болып тұр. Алдағы уақытта біздің қарауымызға өткеннен кейін тиісті жұмыстар жасалады».
Талаптан ауылдық округінен кейінгі кездесу көршілес Бәйгеқұм ауылдық округінде өтті. Кездесуде Бәйгеқұм ауылдық округінің тұрғындары елді-мекендегі жол мәселесі мен жаңа әкімшілік ғимараты салынса деген ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ауыл тұрғындарының бұл өтінішіне аудан басшысы қазіргі таңда аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес бірінші кезекте халыққа қажетті көгілдір отын­мен қамту және әлеуметтік медициналық нысандарды салу керектігін айтты. Мәдениет үйлері мен әкімшілік ғимараттар кезегімен салынатындығын мәлімдеді.
Ал Бәйгеқұмнан 5 шақырым қашықтықта орналасқан Жөлек ауылдық округінде өткен кездесуде тұрғындар апатты деп танылған балабақшаның орнына жаңадан ғимарат салуды және аудан орталығынан ауылға қатынайтын қоғамдық көліктің жүру уақытын бақылауға алуды сұрады.
Бір қуантарлығы, ауылдағы 7 көшеге түгел асфальт төселген екен. Дегенмен мұнан бөлек 50 және 70 метр шамасындағы 5 тұйық көшенің тұрғындары «балалардың мектепке кедергісіз қатынауы үшін қиыршық тас төселсе» дейді. Нәтижесінде тұрғындар өтінішін ескерген аудан әкімі 3 көшеге қиыршық тас төсеуге уәде берді. Тұрғындардың көкейінде жүрген келесі мәселе ауылда балабақша ғимаратының жоқтығы. «Мемлекеттік балабақша ғимараты осыдан 3 жыл бұрын апатты деп танылып, жұмысын тоқтатқан. Ал мұнда жеке балабақша атымен жоқ. 50 шақты бала әкімдік ғимаратында тәрбиеленуде», дейді ауыл ақсақалдары. Ауыл әкімінің сөзіне сенсек, 2019 жылы жалпы құны 736 млн теңге болатын балабақша ғимаратының жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Дегенмен жоба қолдау таппаған. Аудан әкімі бұл мәселені де назарға алып, 2 бағытта жұмыс істеуге уәде етті. Алғашқысы жеке балабақша ашуға ниетті кәсіпкерлерді іздеу және екінші бағыт мемлекеттік балабақша ғимаратын соғып беру мәселесі. Алайда Н.Ахатов ауылдық округ үшін 736 млн теңгенің тым көп екендігін баса айтып, ауылдық округ әкіміне жобаның қаражатын қайта қарауды жүктеді.
Сейсенбі күнге белгіленген соңғы есепті кездесу Ортақшыл ауылдық округі болды. Мұнда ауыл халқы медициналық дәрігерлік амбулаторияның ескіргендігін, жаңадан медициналық ғимарат салу туралы ұсыныстарын айтты. Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы әрбір көтерілген мәселе қараусыз қалмайтындығын, жан-жақты сала мамандарымен бірлесе отырып зерттеліп, шешу бағытында тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.
Кездесу соңында ауыл ақсақалдары аудан әкімінің жұмысына толайым сәттілік тілеп, ақ ­батасын берді.

Рамазан ӘНӘПИЯ
22 тамыз 2022 ж. 636 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031