ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ – ЖЕТІСТІК
Ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ауыл тұрғындарының әлауқатын арттыру – ел саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде елдегі азықтүлік қауіпсіздігі мәселесін шешу қажеттігіне үнемі назар аударып, бүкіл әлемде азық-түлік бағасының өсуі аясында Қазақстан өзінің Ауыл шаруашылығын дамытуға тиіс екенін атап өтті. Нәтижесінде, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әр өңірлерде іске асатын инвестициялық жобаларға қолдау көрсетіліп, елдегі ішкі өнімді дамытудың тың жобалары жүзеге асуда. Бұл ауыл шаруашылығы саласын басқаруды жетілдіру, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, бәсекеге қабілетті өнімдерді экспортқа шығару, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыруда таптырмас мүмкіндікке айналды.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген сөзі, ауылшаруашылығы саласындағы еңбеккерлерге жаңа серпін бергендей.
Сондай ынтымақ-бірлігімен бүгінде берекесі артып, шаруасы шалқып, тұрмыс-тіршілігі қаладан бір мысқыл кем емес елдімекеннің бірі – Тұран ауылдық округі. Аталған ауылдың мұндай ерекше қарқынды дамуына «Төңкеріс К» шаруа қожалығының ықпалы зор. Ауылдағы ағайынның басты табыс көзі – төрт түлік пен егін шаруашылығы. Президент тапсырмасынан кейін көп істің көші түзеліп, ел игілігін көруде.
Тұран ауылдық округіне қарасты Ш.Қодаманов елді мекенінде 542 отбасында 3358 халық тұрады. Ауыл әкімі Мақсұт Әзімханұлының берген дерегіне сүйенсек, ауыл тұрғындары кәсіпкерлік бағытқа нық қадам басып келеді. Ауылда жалпы 124 азамат кәсіпкерлікке тіркеліп жүйелі жұмыстар жүргізілсе, елді мекендегі 29 шаруа қожалықтың жұмысы қарқындап тұр. Айта кетейік, ауылдық округке тиесілі жалпы жер аумағы – 11 252 гектарды құраса, оның ішінде ауыл шаруашылық жері – 7976,8 га, егістік жерлері – 3756,9 га, ал жайылымдық жерлері – 2684,7 гектар. Сондай-ақ, ауылда 4205 бас ірі қара, 7000 бас уақ мал, 967 бас жылқы тіркелген.
Кәсіпкерлік бағыт бойынша өткен жылы екінші деңгейде банктермен «Даму қорының субсидиясы» арқылы 4 азамат 33,7 млн теңге көлемінде несие алып, өз кәсіптерін дамытуда дейді ауыл басшысы. Сонымен қатар, «Наурыз-Дем» несие серіктестігі арқылы 2 азамат 95 млн теңге көлемінде қаржы алып, егін егу жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Ауыл кәсіпкерлеріне әл берген «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өтініш беріп, комисияның оң қорытындысын алған ауыл тұрғыны кондитерлік өнім түрлерін жасаумен айналысуда.
Өткен 2024 жылдың соңында «мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деп тілшілік тіршілікпен еңбектің қайнар көзіне айналған Тұран ауылдық округіне табан тіредік. Көшенің жарық шамдары, тегіс жолы, жаңа үлгіде салынған әсем ғимараттары бәрі де көз тартып, көңіл қуантты. Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген тәмсілді сөз бар емес пе? Міне, ауыл ішіне кіріп енгелі азаматтарының қандай іскер, берекелі бастамалардың ұйытқысы болып жүргенін бірден байқауға болады.
Хош, сонымен негізгі бағытымыз ауылдық мәдениет үйіне қарай бет алып, жол-жөнекей ілкімді істермен таныстық. Ажары күн санап артқан елді мекеннің атшаптырым алқабын молшылық майданына айналдырып, даңқты диқандардың ізін жалғап, қамбаны алтын астыққа толтырып отырған «Төңкеріс К» шаруа қожалығының етжеңді ісіне зер салдық. Мәдениет ошағына жиналған жұртшылыққа шаруа қожалықтың төрағасы, еңбек озаты Бауыржан Көпеев халыққа 2024 жылы атқарылған жұмыстың есебін баяндап, алдыға қойған мақсатымен бөлісті.
Жиынға Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықов, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет және кәсіподақ ұйым төрағалары мен аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Бауыржан Көпеев басқарып отырған «Төңкеріс К» ЖШС 2014 жылы құрылған. Дәл осы жылы Бауыржан Көпеев те алғаш рет шаруашылықтың тізгінін қолға алып, жұмыс бастайды. Бүгінде шаруа қожалықтың жұмысы қарқындап тұр. Шаруашылықтың жұмысы дала төсіндегі егін шаруашылығымен біте қайнасып, астасып жатыр. Егіннің ебін тапқан шаруа қожалықтың жұмысы жүйеге қойылып, шаруалар даңқты диқандардың ізін жалғап келеді.
Шаруашылық игілігінде жалпы 2700 гектар жер, 300 үлескер бар. Білікті шаруа майталмандарының арқасында 2024 жылы 1000 га жерге Сыр елінің негізгі дақылы күріш егіп, 60 центнерден өнім алынған. Сондай-ақ, дала төсіне 250 га ескі жоңышқадан 100ц, ал 240 га жерге егілген күздік бидайдан 10 центнерден өнім жинаған. Шаруа қожалық шетелдік ірі компаниялармен келісімшартқа отырып, толығымен жаңа заманауи шетелдік комбайн, трактор сияқты қажетті техникалармен жабдықталған. Бұл жаңа көліктер егінді уақытылы орып жинап алуға, жұмысты жеңіл әрі тиімді жүргізуге ықпал етеді дейді шаруашылық төрағасы.
Халық даналығында «Еңбектің наны тәтті» деген сөз бар. Еңбекті кірістің көзі, ырыстың өзі деп ұғатын ұжым еңбеккерлері жүйелі жұмыстың нәтижесінде азық-түлік өндірушілердің талай додасында топ жарып, марапат мінберінен түспей келеді. Дала төсіндегі барлық жұмыс шаруалардың маңдай терімен өлшенеді дейтін болсақ, осынау жетістікке жету жолында ұжымдағы әрбір адам еңбек озаты деп толық айта аламыз. Айтуымызға да себеп бар. Ерте көктем шыға сала маңдайын күн, самайын жел, табынын құм сүйген, иығынан кетпенін тастамаған диқандарды көргенде, күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары міне, осы екен дерсің. «Еңбек етсең, қара жер де құр қалдырмайды» деп Абай атамыз дөп айтқаны бар. Ал оның еңбегі де оңайға соқпасы анық. Неге десеңіз, көктемнің жаңбырлы күніне, жаздың аптап ыстығына, күздің қара суығына төтеп беру керек. Осындай қиындыққа қарсы тұрып, дала дәнін күтіп баптағанда ғана мол өнімге қол жеткізесіз. Бұл диқандардардың дәстүрге айналған ісі.
Шаруашылық төрағасы Бауыржан Көпеев халыққа берген есебінен соң, жыл бойына еңбек еткен, күріште мол өнім жинаған азаматтарды сыйақымен марапаттады. Озаттар қатарындағы 4 еңбек озатына жаңа автокөлік, 1 еңбек адамына тұрғын үй кілтін табыстады. Сонымен қатар, ұжымның жұмысын жүйелі жүргізген күрішші, механизаторларға 13 миллион теңге қаржылай сыйақы табысталды. Сондай-ақ шаруашылық тарапынан ауылдағы балабақша ұжымына балалар таситын қоғамдық көлік тарту етілді.
Одан соң шаруашылықта адал жұмыс істеп, зейнет жасындағы еңбек адамдарын да қалыс қалдырмады. Шаруашылық жұмысының ширақ болып, өнімді жұмыс істеуіне сүбелі үлес қосқан 4 ардагерге «Еңбек ардагер», «Ерен еңбек иесі» ордендері тағылды. Өткен жылдың жұмысын сәтті аяқтап, зейнет жасына абыроймен жеткен 2 азаматқа 100 мың теңге қаржы табысталып, дәртүрге сай иықтарына шапан жабылды. Сондай-ақ, озаттар қатарынан көрінген 15 азаматқа «Ерен еңбек иесі – Ел құрметі» төсбелгісі берілді.
Иә, диқан еңбегі – қашанда марапат мінберінің алтын тұғырынан түспеуі керек. Асылында, адам баласын еңбек өсіреді десек, елдің шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қандайда болсын құрметке лайық. Ал осындай еңбекке құштар ұжымдардың табысты жұмысын насихаттау редакцияның негізгі мақсаттарының бірі болып табылады.
Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ