Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек етсең – емерсің

Еңбек етсең – емерсің



Еліміздің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруге ұмтылуы, Әлемдік Сауда Ұйымына енуі, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы отандық ауыл шаруашылығы үшін үлкен мәртебе. Өйткені ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негізгі саласы, сол арқылы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартамыз. Сәуір айының бас кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылға дейін техникалардың жаңартылу қарқынын 2-ден 6 пайызға және суармалы егіншілік жерлерін 1,4 миллионнан 2 миллион гектарға арттыруды тапсырды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту, егістік алқаптарын әртараптандыру, тұқым сапасын жақсарту, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдануды тапсырды. Біздің елде ауыл шаруашылығын дамытуға барлық жағдай жасалған, астықтың түр-түрі өседі. Ауылдық жерлерде халықты азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз ететін шаруа түрі жақсы дамыған. Ауыл шаруашылығын дамытуға үлестерін қосып жүрген еңбек адамдарын қазірде мемлекет қолдайды. Сондай еңбек адамының бірі көпбалалы ана – Рита Мықтыбаева. Ол ауылдық емхананың дәрігері, үй-үйді аралап, алғашқы жәрдем көрсететін абзал жан. Балаларын қатарынан қалдырғысы келмейтін ана мемлекеттік жалақыға қарап отырғысы келмей, қолынан келгенше шағын кәсіп ашуды жөн көрген. Содан құс асырауды төрт жылдан бері жанына серік етеді. Тіпті бұл үшін еш жерден шаруашылыққа арналған несие алмаған. Сатып алатын азық-түліктен гөрі, табиғи, ауылдың өнімдерін пайдаланатын көрінеді. Құс шаруашылығы қазірде ең жаңа және ең қарқынды дамып келе жатқан сала. Құстың қаз, түйетауық, үйрек, тауық сынды түрлерін асырайды. Жұмыртқасын инкубаторға салады немесе өздері тұтынады. Үй жанындағы көлшікке балық көбейтіп, кәсібінің шырайын келтіріп отыр. Ауласында қояны, жайлауда сиырлары тағы бар. Ендігі кезекте 1 гектар жерді егін шарушылығына арнағысы келеді. «Қыстың қамын жаз ойла» деп, жердің көп бөлігіне қысқа азық болатын пияз, картоп, сәбіз, асқабақты да жерден нәсіп қып алады.
Ақтолқын Әлжанова.
05 маусым 2019 ж. 1 010 0