Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек мерекесі – елдің берекесі

Еңбек мерекесі – елдің берекесі

Шиелі топырағы таяқ тастасаң тал болатын құтты мекен. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтай Еңбек Ері, 10 ғасыр адамының бесеуі шыққан қасиетті қоныс. Әсіресе, ауданның агросаласында толымды тірлік көрінеді. Бұған жаз бойы тыным таппаған диқан еңбегінің нәтижесіне зер салғанда көзіміз жетті. Биыл да көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп еңбектенген шаруалар сенім үдесінен шыға білді. Халқымыз «Жер жомарт, жерге енген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деп тегін айтпаса керек-ті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде ауыл шаруашылығына ерекше мән беріп «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген болатын. Осы орайда ақ күріштен тау тұрғызған шиелілік шаруалар биыл 29 461 гектар жерге егін егіп, одан 23,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 104 процентке артып отыр. Иә, диқан еңбегі қашанда марапат мінберінің алтын тұғыры. Төккен тер мен еткен еңбек еленіп жатса, тіптен ғанибет. Ал еткен еңбектің есебін беріп, ауыл шаруашылық саласын өркендетуге сүбелі үлес қосқан диқандардың даңқын асырып, дәрежесін көтеретін сәт – «Алтын күз».
«Алтын күз» деп аталатын молшылық мерекесі ауданда ғана емес, республика көлемінде жыл сайын аталып өтеді. Бұл – тек тойлау ғана емес, ел етек-жеңін жинап, дала жұмыстары демін басып, табысты таразылайтын шақ. Пейілін кеңге, қырманын дөңге салған диқандардың мерекесі де берекелі күзбен тұспа-тұс келеді. Биыл да «Алтын күз» мерекесі ауданда өз дәрежесінде аталып өтті. Әрине, елде орын алған жағдайға байланыс­ты бұрынғыдай ақ шаңқан киіз үйлер құрылып, ат үстінде білекті жігіттер бақ сынаспаса да еңбек озаттары бедел биігінен көріне білді. Сенбі күні агроөнеркәсіп саласында еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізген бірқатар азаматтар Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйіне жиналды. Молшылық мерекесінің шымылдығы қазақ әдебиетінің көркем ойы мен көркем сөзіне олжа салған тебінгілі, текті буынның көрнекті өкілі Оразбек Сәрсенбаевтың «Шиелім» өлеңімен түрілді. Одан соң аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков сахна төріне көтеріліп, ақ лебіздің тізгінін ағытып, алтын дәннен астық жинаған еңбек майталмандарын мерекемен құттықтады.
– Өздеріңізге белгілі, биыл 28 қазан күні облыстық «Алтын дән – 2020» шарасында ауыл шаруашылығының озаттары марапатталды. Соның ішінде Шиелі ауданы «Үздік шаруашылық», «Озат сүт бағытындағы кооператив», «Озат көкөніс, картоп, бақша өсіруші» номинацияларын иеленді. Ел мен жердің даңқы, өскен өңірдің келешегі жаңғырып, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған, ақ күріштен тау тұрғызған даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев туған шежірелі Шиелі ­ауданы дамудың жаңа сатысына көш бастады. Шиелі ауданы барлық кезде осындай ынтымақ пен бірліктің арқасында үлкен жетістікке жететініне мен сенімдімін. Бүгінгі мереке баршаңызға құтты болсын. Халқымыздың ризық, несібесі молая берсін, – деді өңір басшысы.
Күзгі салтанат әрмен қарай тынбай еңбек еткен егінжай ерлерін марапаттаумен жалғасты. Егінін жинап, төл басын көбейтіп, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көрген бірқатар еңбек майталмандары марапат мінберінен көрінді. Тарқатып айтар болсақ, агроөнеркәсіп саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен «Бидайкөл» шаруа қожалығының өндіріс бригадирі Б.Мамбетов, «Байсын» шаруа қожалығының звено жетекшісі А.Тұрғанбаев, «Бестам Елі» шаруа қожалығының механизаторы Ж.Сарбалаев марапатталды. Ал облыс әкімінің алғыс хатын «Төңкеріс К» шаруа қожалығының төрағасы Б.Көпеев, «Апбасов» шаруа қожалығының төрағасы Б.Апбас, «Үміт» шаруа қожалығының төрағасы М.Батталов, «Ақниет-2» шаруа қожалығының төрағасы С.Ақшалов, «Бидайкөл» шаруа қожалығының төрағасы Т.Байдалиев, «Қазагроэкс» Акционерлік қоғамы Шиелі аудандық зертхана меңгерушісі Г.Қарекеева иеленді. Сонымен қатар «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының шешімімен ҚР агроөнеркәсіп саласында еселі еңбек еткен шаруалар да үздіктер төрінен көрінді. Атап айтар болсақ, «Елеулі еңбегі үшін» «Еңбек даңқы» орденімен Т.Жағыпбаров марапатталды. Ал І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін «Ақмая» шаруа қожалығының басшысы Д.Жұмбеков, «Төңкеріс и К» қожалығының механизаторы Н.Есет кеудесіне тақты. Мереке қарсаңында «Ақмая» шаруа қожалығының бірқатар қызметкерлері «Агроөнеркәсіп» медалімен марапатталды. Сол сияқты осы медаль «Алтын дән Шиелі», «Төңкеріс и К», «Мақсат», «Байсын» шаруашылығының шаруаларына да табысталды. Күзгі мереке барысында аудан әкімі де бірлігі мен тірлігі ұйысқан шаруа қожалықтың қызметкерлерін елеусіз қалдырмай, оларға алғыс хат табыстады.
Алғыс хат иеленушілердің қатарында «Халық», «Бестам елі», «Аширбеков», «Асылхан» қожалықтарының төрағалары бар. Сонымен қатар «Қазсушар» өндіріс учаскесі басшысының орынбасары Д.Әубәкіров пен «Ақниет-2» шаруашылығының механизаторы Н.Төлегенов те аудан әкімінің алғыс хатын иеленді. Ал С.Көбегенге ерен еңбегі үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.
Жылдағы дәстүр бойынша биыл да сала үздіктері елеусіз қалмады. «Алтын күзде» «Үздік шаруашылық» номинациясының І дәрежесін «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығы қанжығасына байлады, ал ІІ дәрежелі «Жер Жомарт Д» ЖШС-на, ІІІ дәрежелі номинация «Бала би – 2004» өндірістік кооперативіне бұйырды. «Үздік мал шаруашылығы» номинациясын «Жарас» шаруа қожалығынан С.Ермекбаев иеленді. Күзгі жиын-терім нәтижесі бойынша «Озат агроном» «Байсын» шаруа қожалығының төрағасы А.Есжанов, «Озат бригадир» «Сейтжанов» шаруа қожалығынан Ш.Сейтжанов, «Озат жаткист» «Айболат» шаруа қожалығының жаткисті А.Сәулебеков, «Озат комбайнер» «Заңғар» шаруа қожалығының комбайнері М.Әлкебаев, «Озат звено жетекшісі» «Шиелі-Белес» ЖШС-нан Н.Мақұлбеков, «Озат инженер-механик» «Төңкеріс и К» шаруа қожалығының механигі Н.Әділов, «Озат картоп, көкөніс, бақша өсіруші» «Алтын дән» шаруа қожалығынан Н.Өткелбаев, «Озат бидай өсіруші» «Ақмая» шаруа қожалығынан Т.Абсадықов атанды. Сондай-ақ «Ең жас шаруа қожалық төрағасы» ретінде таңдалған «Жолдасов» шаруа қожалығының төрағасы да марапат төрінен көрінді. Мереке қарсаңында гидротехник, өсімдік қорғаушы, статист мамандары да назардан тыс қалған жоқ. Олардың да еңбегі еленіп, бедел биігіне көтерілді.
Мерекелік шарада «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбековтың қолдауымен аталған қожалықтың бас агрономы С.Құрманбекұлына көліктің және Ақмая елді мекенінің тұрғыны, жалғызбасты ана С.Құлымбетоваға тұрғын үйдің кілті табысталды. Сонымен қатар «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығының төрағасы А.Бердібаев та осы шаруашылықтың механизаторы Е.Кеңесбайұлына баспана, сушы П.Дінисламов пен күрішші Ә.Тасболатұлына көлік сыйлады.
Жерден ырзығын тауып, көптің несібесін арттырған дала қосындағы еңбеккерлердің еңбегі еленген осы бір сәт мерекелік ән-шашуға ұласты. Шиелі өнерпаздары шараның шырайын кіргізіп, құлақ құрышын қандыратын ән-жыр орындап, көпшіліктің көңілін көтерді. Құт қонған әулиелі мекеннің мерекелік шарасы Е.Хасанғалиевтің «Алтын дән» әнімен тәмамдалды.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
17 қараша 2020 ж. 669 0