Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекені бірлігі мол елден тіле

Берекені бірлігі мол елден тіле

Күз – байлықтың, берекелі бірліктің, ырыстың мезгілі. Сондықтан оны «алтын» мезгіл деп атаса керек. Ежелден келе жатқан егіншілер мен жұмысшылардың мерекесі сабан тойдан қалған дәстүр жуырда Алғабас ауылында жалғасты.
«Берекені көктен тілеме, бірлігі мол елден тіле» деген сөз бар дана халқымызда. Жылдағы жиын-терімнен бақыт бастауына жетелейтін молшылықтың белгісі саналатын берекелі мейрамды жұртшылықтың асыға күтетіні рас. Алғабас ауылындағы шаруа қожалығының еңбеккерлеріне арналған биылғы «Алтын күз – 2019» мерекесі жаңаша сипатта аталып өтті. Неге десеңіз, егін даласында тынбай еңбек еткен бірқатар үздіктер марапат төрінен көрінді.
Өз жұмысын 2013 жылдан бастаған шаруа қожалығы небәрі бірнеше жылдың ішінде ауыл халқының ырысын арттыруға үлес қосып келеді. «Жер-Жомарт Д» мекемесінің директоры Асхат Ермаханов:
– Шаруашылықта 20 диқан еңбек етеді. Алқапқа дән сеуіп, оны өсіріп-баптап, қамбаға құюда әрқайсысының еңбегі ұшан-теңіз. Биыл 350 гектар жерге күріш пен бақша дақылдарын еккен болатынбыз. Нәтиже жаман емес, орта есеппен күріштің әр гектарынан 60 центнерден өнім алынды. Бұл жомарт жердің диқандардың маңдай теріне берген несібесі. Шүкір, жиын-терім науқаны аяқталып, астықты аман-есен қамбаға құйдық. Осы орайда еңбеккерлерге адал еңбегінің марапаты ретінде қомақты қаржылай сыйақылар табысталады, – дейді.
Думанды мереке барысында 76 га жерге күріш егіп, оның әр гектарынан 61 центнерден өнім алған жылдың озат сушысы Жұманазар Нүрекеұлына жеңіл автокөлік пен 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Одан бөлек ала жаздай алқапта аянбай еңбек етіп, астық мол болуына үлес қосқан еңбеккерлер А.Раев, А.Шығанбаев, С.Ахметов, Б.Әділов, Б.Қалжанов, І.Сұлтанов, Б.Құлжанов, механизаторлар Б.Рашев, Ө.Төлеев, Ә.Лепесов, есепші, жабдықтаушы Г.Ашеновалар 350-600 мың теңге аралығындағы ақшалай сыйақыға ие болды. Ұжымның өзге қызметкерлері де марапатталды. Шаруашылықтың құрамындағы ауыл тұрғындары да берекелі мерекеде назардан тыс қалмады. Оларға 1,5 тонна балғын күріштен тарту жасалды. Диқан қауым мен ауыл тұрғындары еселі еңбектері еленіп, сый-сияпатқа кенелгендеріне дән риза.
«Жер-Жомарт Д» шаруа қожалығы келер жылы 180 гектар жерге жоңышқа, 400 гектар күріш пен 80 гектар күздік бидай егуді жоспарлап отыр.
Алғабас ауылы осылайша биылғы күзді толағай табыстармен қарсы алды. Қамба толы. Көңіл шат. Диқан көңілі тоқ. Шыбық шаншысаң шынар болып шығатын өңірдің жері де жомарт. Оған биылғы жиын терімнің нәтижесі дәлел.

Гүлхан ЯХИЯ

29 қазан 2019 ж. 870 0