Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы
Күн күлімдеп ерекше нұрмен оянды. Айналаға шуақ шашып, жер мен көктің арасын ыстық лебімен жалғады. Бұл қазанның 13-ші жұлдызы болатын. Киелі Шиелінің төрінде дүбірлі диқандар тойы «Алтын күз – 2019» мерекесімен қатар классик ақын, әдебиет сыншысы, ғалым Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдығы, ауданның төл басылымы «Өскен өңір» газетінің 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Таң бозарып атқаннан тынымсыз тіршілікке кіріскен диқан қауымы ала жаздай баптаған өнімдерін халыққа ұсынды.
Қыс азығын қамдаған күн
Таңмен таласа оянатын шиеліліктер үшін күзгі жәрмеңкенің жөні бөлек. Қыстың қамын ойлаған тұрғындар орталық «Сапаржай» автобекетіне қарай ағылды. «Алтын күз – 2019» мерекесі аясында аудан орталығында ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, аудан еңбеккерлерінің өнімдері арзан бағада сатылды. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағада сатылған өнімнен қысқы азықтарын алған аудан тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бері қол жеткізген жетістіктері аз емес. Ең бастысы, халқымыз бейбітшілік бесігінде тербеліп, алаңсыз, бақытты ғұмыр кешуде. Шиелі ауданы да мемлекеттік қолдаудан қуат алып, ісін өркендетіп, кәсібін дөңгелетуде. Жәрмеңкеде сол көмектің шарапаты байқалып тұрды. Орталық «Сапаржай» автобекетінде сағат 8:30-да басталған жәрмеңкеде күзгі өнімдердің барлық түрі қойылды. Бұл күні аудан көлеміндегі барлық кәсіпкерлер мен диқандар белсенді түрде өз өнімін базар бағасынан 20 пайыз арзандатылған бағамен сатты. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы аудан тұрғындарын «Алтын күз» мерекесімен құттықтап, жәрмеңкедегі ауыл шаруашылық тауарлары өзге сауда орындарынан қолжетімді бағада сатылып жатқанына көз жеткізіп, халықтың ала жаздай жинаған несібесіне ризашылығын білдіріп, хал-жағдайын сұрады. Келген қонақтар мен кент тұрғындары базар бағасынан төмен ауыл шаруашылығы өнімдерін алып, диқандарға алғысын білдірді. Мұнда отыздан астам өнім түрлері қойылып, 261,1 тонна өнімді саудаға шығарды. Сатылатын өнімдердің ішінде күріш, ара балы, құрт, сары май, жеміс-жидек, көкөністер бар. Аудан тұрғыны Гүлсім Жанпейісова:
– Өзім көпбалалы анамын, жылда осы жәрмеңкеде қыстың қамын ойлап, қаппен картоп, сәбіз, күріштерімді алып аламын. Мен сияқты отбасыларға нарық заманында базар бағасынан арзан болатын жәрмеңкелердің шарапаты өте көп, – дейді. Әсіресе, қауын, картоп, ет, сүт өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып таласып алып, ет, сүт өнімдері сәскеге дейін өтіп кетті. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында: «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту», – деп атап көрсеткен болатын.
Ендігі мақсат – агроөнеркәсіп кешенін одан әрі қарай дамыту. Міне, берекелі күздің мерекелі жәрмеңкесі осындай қарқынмен өтті. Алтын күздің берекелі байлықтарын көңілге қонымды бағаға алып, көңілдері көншіген тұрғындар да, саудасы қызған кәсіп иелері де шат көңілмен жүрді. Ел несібесін молайтқан жәрмеңке осылайша өз мәресіне жетті.
Күзгі салтанат
«Алтын күз» мерекесі әдеттегіше жәрмеңкеден бастау алып, аудан тұрғындары орталық стадионға қарай бет алды. Ежелден келе жатқан егіншілер мен жұмысшылардың көптен күткен мерекесі сабантой да, дайындық та жоғары деңгейде. Көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп еңбектенген шаруалар ала жаздай алқабын баптап, қоңыр күзде жиын-терім уақытында жылдық азығын еселеп еңсеріп алды. Бұл еңбеккерлер үшін молшылық айы болып саналады. Егінін жинап, төл басын көбейтіп, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін де осы шақ. Төккен тер мен еткен еңбек еленіп жатса, тіптен ғанибет! Күзде ел етек-жеңін жинап, дала жұмыстары демін басып, табысты таразылайтын шаққа саяды. Пейілін кеңге, қырманын дөңге сала келген диқандардың төл мерекесімен қатар өрбіген Ә.Тәжібаевтың – 110, аудандық «Өскен өңір» газетінің 80 жылдық мерейтойына жан-жақтан келген қонақтар Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, жазушы, әдебиет сыншысы, публицист, филология ғылымдарының докторы, профессор, гуманитарлық ғылымдар академиясының Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ергөбек Құлбек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, әдебиет сыншы-зерттеуші, қарымды қаламгер Бақыт Сарбалаев, жазушы, халықаралық «Алаш», «Сорос –Қазақстан» сыйлықтарының лауреаты, балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық жабық бәйгенің бірнеше мәрте жүлдегері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Қуандық Түменбай, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Сәрсенбек Бекмұратұлы, жазушы, журналист-заңгер, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, қазақ журналистикасының қайраткері, тіл жанашыры, магистральды құбыр көлігінің құрметті қызметкері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Ағайдар Ысымұлы, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Нұржамал Мырзамұратова қатысты.
Жылдағы дәстүр бойынша биыл да «Алтын күз – 2019» мерекесі ауданда өз дәрежесінде аталып өтті. «Алтын күз» – тек той тойлау ғана емес, еткен еңбектің есебін де беретін кез. Биылғы жыл шиеліліктер үшін табысты болды. Халқымыз «Жер жомарт, жерге енген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деп бекер айтпаған. «Ақмаржанның» отаны атанған шиелілік диқандар бұл жолы да сенім үдесінен шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Дамыған агроөнеркәсіп кешенін» қалыптастыру тапсырылған болатын. Биыл аудандағы шаруашылық құрылымдары 29 595 гектар жерге егін егіп, ырзығын еселеп жиып алды. Молшылық мерекесінің шымылдығы қоғам қайраткері, ақын, драматург, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Ә.Тәжібаевтың бейнесін сомдаған көрініспен түріліп, халықтың «Әбділдасы» қайта тірілді. Сырда туған елін жырға қосқан ақынын елі ұлықтап, ұрпаққа үлгі еткен керемет шара аудан айнасы «Өскен өңір» газеті ұжымының шеруімен жалғаса кетті. Сабантойда ақ лебіздің тізгінін ағытып, өңірдің өріс алған игіліктерін пайымдаған аудан әкімі Әшім Оразбекұлы: «Ауданда соңғы 5 жылда барлық салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Құрылыс, инвестиция көлемі артып, ауданның бюджеті бірнеше есеге артты. Күріштен рекордтық көрсеткіш өнім жиналып, Шиелі ауданы облыста бірнеше рет «Үздік аудан» атанды. Бұл ертелі кеш еңбек еткен еңбеккерлердің жемісі», – деді. Сондай-ақ қамба астыққа, ұра қыстық азыққа толатын берекелі күз айының ең қадірлі мерекесін тойлауға алыстан ат арытып келген қонақтар да ізгі тілектерін білдірді.
Иә, диқан еңбегі – қашанда марапат мінберінің алтын тұғыры. Ауданның ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда мақтауға лайық. Осы орайда «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының шешімімен Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп саласында еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін бірқатар азаматтар үздіктер төрінен көрінді. Тарқатып айтар болсақ, мереке қарсаңында «Елеулі еңбегі үшін» «Еңбек даңқы» орденімен «Ақмая» шаруа қожалығының аграномы Сәрсенбай Құрманбекұлы және «Нұрасыл» шаруа қожалығының төрағасы Тасқын Егембергенұлы марапатталды. Ал «Агроөнеркәсіп» медалі «Алтын Дән Шиелі» шаруа қожалығының механигі Құрманғали Даткенов пен «Байсын» шаруа қожалығының механизаторы Дәуренбай Шорабаевқа табысталды. Сондай-ақ осы медалді «Төңкеріс» шаруа қожалығының комбайнері Тұрдыбек Дінисламұлы, «Бидайкөл» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары Асылбек Оралбаев иеленді.
Күзгі мереке барысында еңбек озаттары да елеусіз қалмады. «Алтын күзде» «Үздік шарушылық» номинациясы бойынша «Төңкеріс – К» шаруа қожалығынан Б.Көпеев, «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығынан А.Бердібаев, «Бестам Елі» шаруа қожалығынан Б.Қошқаров, «Байсын» шаруа қожалығынан А.Есжанов марапатталды. Ал «Озат агроном» номинациясымен «Ақниет-2» шаруа қожалығы С.Ақшалов, «Озат бригадир» «Алтын дән» шаруа қожалығының бригадирі Р.Қоңыратбай, «Озат жоңышқа өсіруші» номинациясымен «Халық» фермер қожалығынан Қ.Мықанов, «Озат комбайнер» «Ақмая» шаруа қожалығының комбайнері Б.Шегебаев, «Озат звено жетекшісі» «Балаби-2004» өндірістік кооперативінің звено жетекшісі П.Күзембай, «Озат жаткист» «Бидайкөл» шаруа қожалығының жаткисті С.Шорабаев, «Озат мақсары өсіруші» «Сейтжанов» шаруа қожалығының мақсары өсіруші Ә.Сейітжанұлы, «Озат бақша өсіруші» «Нұрасыл шаруа қожалығының бақша өсірушісі Т.Жұмбеков, «Озат картоп өсіруші» «Ақниет-2» шаруа қожалығының картоп өсірушісі А.Еденбай, «Озат көкөніс өсіруші» «Мақсат» шаруа қожалығының көкөніс өсірушісі М.Ташматов, «Озат бидай өсіруші» номинациясымен «Әшірбеков» шаруа қожалығының бидай өсірушісі Б.Әшірбеков марапатталды. Сонымен қатар, «Үздік ардагер» номинациясын «Ержанов» шаруа қожалығының төрағасы А.Ержан, «Үздік инженер механик» «Заңғар» шаруа қожалығының инженер-механигі Ә.Арыстанов, иеленді. Ал «Озат журналист» номинациясын «Өскен өңір» газетінің редакторы Н.Пірімбет еншіледі.
Жерден ырзығын тауып, көптің несібесін арттырған дала қосындағы еңбеккерлердің еңбегі еленген осы бір сәт мерекелік ән-шашуға ұласты. Орталық стадиондағы ақ шаңқан киіз үйлер мен ұлттық киімді үйлестіре киген арулар шараның шырайын кіргізіп-ақ тұр. Мерекелік шарада қазақтың ұлттық ойындары да көрініс тапты. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ұлттық ойын аударыспақтан жастар арасында сайыс ұйымдастырылды. Ат үстінде білекті жігіттер бақ сынасып, кім мықтыны анықтады. Білекті де батыр аталарымыздың жолын жалғаушы бүгінгі жастар аударыспақ ойынын насихаттап, көпшілікке керемет кеш көрсетті. Сондай-ақ ләңгі тебуден де бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Дүбірлі тойға 82 мыңға жуық халқы бар шиелілік ағайынның бәрі қатысқандай алаң толы адам. Ақ киіздің ішіне жайылған дастарханда қонақтарға ақ маржаннан дәм ұсынды. Құт қонған әулиелі мекеннің мерекелік шарасы одан әрі концерттік бағдарламамен ұласты.
Гүлнәр Дүйсебай