Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАСБӨГЕТТІКТЕРГЕ ШИЕЛІЛІКТЕРДІҢ ТАРТУЫ

ТАСБӨГЕТТІКТЕРГЕ ШИЕЛІЛІКТЕРДІҢ ТАРТУЫ


Өткен сенбі күні Қызылорда қаласындағы Тасбөгет кентінде кезекті ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған жәрмеңке өтті. Бұл жәрмеңке биыл төртінші рет өткізіліп отыр. мұнда ауылшаруашылық өнімдері халыққа қолжетімді бағамен ұсынылып, тұрғындардың ризашылығына бөленді.
Қыстың қамын жаз ойла! Қыс шанаңды жаз сайла! Күз келіп қаһарлы қыстың ызғары байқалған сайын осы бір мақалды жиі естиміз. Сондықтан болар, Қызылорда қаласының тұрғындарына арнап, шиеліліктер отыздан астам өнім түрлерін апарып, 330,2 тонна өнімді 90 көлікпен әкеліп саудаға шығарды. Сатылатын өнімдердің ішінде күріш, ара балы, құрт, сары май, жеміс-жидек, көкөністер бар. Әдеттегідей, жәрмеңке облыс орталығының ауыл шаруашылық өнімдерінің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және сақтау мақсатында өтті. Әр апта сайын тұрақты түрде өтіп келе жатқан бұл жәрмеңкеге үйреніп қалған ауыл тұрғындарының қарасы мол. Қатар- қатар тізілген ақ- шаңқан үйлерде сауданы қызу жүргізді. Ала жаздай еккен өнімдер қалаға ауылдың берекесін ала келгендей. Жәрмеңкедегі адамдардың қатары да қалың, бәрі де көңілді. Осындай шара арқылы қала халқы арзан бағаға азық-түлік алып, қуанды. Жәрмеңкеде ұсынылған өнімдердің бағалары да қалтаға салмақ түсірмей, қалағандарын алып, қалғандарына көз тойғызып, халық дән риза, әсіресе, ауданнан алып келген қауын, ет, сүт өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып таласып алып, ет, сүт өнімдері сәскеге дейін өтіп кетті. Тіпті, майда картоптың бағасын отыз бес теңгеден сатыпты. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жәрмеңкеде 2,4 тонна ет, 126 тонна көкөніс, 105 тонна бақша өнімдері мен 700 литр сүт, 5 тонна балық сатылды. Бұл жолғы жәрмеңкеде 31760 миллион теңгенің өнімі сатылды. Бұл жәрмеңкенің ерекшелігі жоспарды артығымен орындап, берілген межені артығымен орындап, оң нәтижеге қол жеткізді. Жәрмеңке кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, аудан өнерпаздары әннен шашу шашты.

Ж.Қауғанбаева
20 қыркүйек 2018 ж. 2 000 0