«Алтын күз – 2018»: қамба толып, еңбек еленді

Көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп еңбектенген шаруалар ала жаздай алқабын баптап, қоңыр күзде жиын терім уақытында жылдық азығын еселеп еңсеріп алды. Бұл еңбеккерлер үшін – молшылық айы болып саналады. Егінін жинап, төл басын көбейтіп, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін де осы шақ. Төккен тер мен еткен еңбек еленіп жатса тіптен ғанибет. Игі дәстүр бойынша биыл да «Алтын күз» мерекесі ауданымызда өз дәрежесінде аталып өтті. «Алтын күз» тек той тойлау ғана емес, еткен еңбектің есебін де беретін кез. Биылғы жыл шиеліліктер үшін табысты болды. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 12 млрд. 500 млн. теңгеге жетіп қазына қоржынын қомақтыландырып отыр. Мал шаруашылығы, егін шаруашылығы саласындағы жетістіктер де 100 пайыздан асты.
Ел несібесін молайтқан жәрмеңке

«Алтын күз – 2018» мерекесі аясында аудан орталығында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, аудан еңбеккерлерінің өнімдері арзан бағада сатылды. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағада сатылған өнімнен қысқы азықтарын алған аудан тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Еліміздің тәуелсіздігін жариялағаннан бері қол жеткізген жетістіктері аз емес. Ең бастысы, халқымыз бейбітшілік бесігінде тербеліп, алаңсыз, бақытты ғұмыр кешуде. Шиелі ауданы да мемлекеттік қолдаудан қуат алып, ісін өркендетіп, кәсібін дөңгелетуде. Жәрмеңкеде сол көмектің шарапаты байқалып тұрды. «Сапаржай» орталық автобекетте сағат 9-да басталған жәрмеңкеде күзгі өнімдерінің барлық түрлері қойылды. Бұл күні аудан көлеміндегі барлық кәсіпкерлер мен диқандар белсенді түрде өз өнімін базар бағасынан 20 пайыз арзандатылған бағамен сатты. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы аудан тұрғындарын «Алтын күз» мерекесімен құттықтап, жәрмеңкедегі ауыл шаруашылық тауарлары өзге сауда орындарынан қолжетімді бағада сатылып жатқанына көз жеткізіп, халықтың ала жаздай жинаған несібесіне ризашылығын білдіріп, хал жағдайын сұрады. Келген қонақтар мен кент тұрғындары базар бағасынан төмен ауылшаруашылығы өнімдерін алып, диқандарға алғыстарын білдірді. Мұнда отыздан астам өнім түрлері қойылып, 331,1 тонна өнімді саудаға шығарды. Сатылатын өнімдердің ішінде күріш, ара балы, құрт, сары май, жеміс-жидек, көкөністер бар.

Кент тұрғыны Айжан Әбдулхамитқызы: – «Өзім көпбалалы анамын, жылда осы жәрмеңкеде қыстың қамын ойлап, қаппен картоп сәбіз, күріштерімді алып аламын. Мен сияқты жас отбасыларға нарық заманында базар бағасынан арзан болатын жәрмеңкелердің шарапаты өте көп» – дейді. Әсіресе, қауын, картоп, ет, сүт өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып таласып алып, ет, сүт өнімдері сәскеге дейін өтіп кетті. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жәрмеңкеде 2,4 тонна ет, 266 тонна көкөніс, 40 тонна бақша өнімдері мен 7 тонна сүт өнімдері, 5 тонна балық сатылған. Бұл жолғы жәрмеңкеде 30 млн. 675 мың теңгенің өнімі саудаға шығарылған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында: «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту», – деп атап көрсеткен болатын. Ендігі мақсат – агроөнеркәсіп кешенін одан әрі қарай дамытып, алдағы уақытта өнімдерді экспортқа шығаруға жұмыс істей беретіндігін ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы М.Әшірбеков сөз арасында айта кетті. Иә, еңбектенген адамға ен дала ерекше өнім береді. Тек уақытылы күтіп баптау қажет.
Міне, берекелі күздің мерекелі жәрмеңкесі осындай қарқынмен өтті. Алтын күздің берекелі байлықтарын көңілге қонымды бағаға алып, көңілдері көншіген тұрғындар да, саудасы қызған кәсіп иелері де шат көңілмен жүрді. Ел несібесін молайтқан жәрмеңке осылайша өз мәресіне жетті.
(басы 1-бетте)
Тартулы той
«Алтын күз» мерекесі әдеттегіше жәрмеңкеден бастау алып, аудан тұрғындары И.Құтпанұлы атындағы орталық стадионға қарай бет алды. Ежелден келе жатқан егіншілер мен жұмысшылардың көптен күткен мерекесі сабан той да, дайындық та жоғары деңгейде. Қонақтарға арналған киіз үйлерде дастарқан жайылып, Сыр маржанынан дәм ұсынылып, әр жерлерде түтіннің иісі шығып, ет асылып, киіз үйлерде ән айтылып, ауа-райының салқындығына мән бермей, жиналған қауымның қарасы қалың болды. Диқандар мен малшылардың биылғы табанды еңбегінің қорытындысы сараланып, қол жеткізген жетістіктері жиналғандардың назарына ұсынылды.

Содан кейін, театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, сахнаның безендірілуі де ерекше ілтипатқа ие болды. Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері өңірімізден шыққан бес ғасыр адамына жеке-жеке тоқталып, тұлғалардың болмысын аша білді. Алғаш алаңды кесіп өткен Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай көрерменмен бірге кешегі күнге саяхат жасады. Ал, қолдарында кетпен-күрегі бар шәкірттерімен егіс алқабын аралаған Ыбырай Жақаевтың бейнесі дала академигінің даналығын ашқандай болды. Одан кейін, Нартай Бекежановтың «Нартай бригадасы» ат арбамен егістік алқабында сырнайлатып жүрген сәті өткенді көз алдымызға алып келсе, Әбділда Тәжібаевтің «Сырдария» әні көріністің мазмұнын одан әрі айшықтай түсті. Шахмардан Есеновтың кеншілермен әңгімелесіп келе жатқан сәті, тіпті әсерлі болды.
Қамба астыққа, ұра қыстық азыққа толатын берекелі күз айының ең қадірлі мерекесін тойлауға жан жақтан қонақтар келіп ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар, өткізіліп жатқан мерейлі мерекеге арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Серік Қожанязов «Алтын күз – 2018» мерекесімен және тарихы кемел, тамыры терең Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Өңірдің аграрлық салада атқарылған жұмыстарына жақсы баға беріп, мереке барысында сөз алған аудан әкімі Әшім Оразбекұлы «Бұл қол жеткен жетістіктеріміз бен табыстарымыз халықтың ынтымағы мен бірлігінің арқасында және атқарған еселі еңбегі мен қажырлы қызметінің жемісі деп білемін. Бұл жетістіктер – шежірелі Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойына лайықты тарту болды. Той – халықтың қазынасы, ағайынды араластыратын, алысты жақындататын, дәстүрді жаңғыртатын мереке. Шиелі ауданы барлық кезде осындай ынтымақ пен бірліктің арқасында үлкен жетістіктерге жететініне мен сенімдімін. Биыл да су тапшылығы байқалып, шаруашылықтардың бірлігінің, қайсарлығы мен ерік жігерінің арқасында тиісті өнім жиналып, облыс бойынша күрішке алғашқы болып орақ түсті» – деді аудан басшысы.
Осы орайда, ерінбей еңбек еткен еңбеккерлер марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Олардың қатарында 1420 га күріштің әр гектарынан 71 центнерден өнім алып, 10082 тонна Сыр салысын өндірген ең үздік «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков, 1000 га күріштің әр гектарынан 70 центнерден өнім алып, 6700 тонна күріш өндірген үздік шаруашылық «Төңкеріс және К» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Көпеев, 900 га күріштің әр гектарынан 66 центнерден өнім алып, қамбасына 5940 тонна күріш құйған, үздік атанған «Алтын дән – Шиелі» шаруа қожалығы Асқар Бердібаев, жер құнарлығын сақтаған, егіннің бітік шығуына және ауыспалы егіс көлемін реттеп мол өнім алуға үлес қосқан озат агроном «Бидайкөл» шаруа қожалығының агрономы Марат Мұсаев, 800 га күріш егіп, одан 40 центнерден өнім алған, 137 га бидайдан 12 центнерден, 230 га жоңышқадан 70 центнерден өнім жинаған озат бригадир бойынша «Халық» шаруа қожалығының бригадирі Халықберді Мықанов, биылғы жылдың науқанында 1000 гектар егісті жалға салған «Ақмая» шаруа қожалығының озат жаткисі Бахытжан Сандыбаев, 2000 тонна астық бастырып, жоғары нәтиже көрсеткен «Төңкеріс және К» шаруа қожалығының «Озат комбайнері» Мархаббат Әзизов, 88 гектар күріш егістігінің әр гектарынан 66 центнерден өнім өндіргені үшін «Озат звено жетекшісі» «Бидайкөл» шаруа қожалығының звено жетекшісі Төрекелді Жәлелұлы, «Озат диқан» өнімнің бітік шығуына үлесі үшін «Ақниет-2» шаруа қожалығының диқаны Ғалымбек Үркінбаев, озат жоңышқа өсіруші 200 гектар жоңышқа өсіріп, 1400 өнім алған «Бестам елі» шаруа қожалығының төрағасы Әлхан Досман, «Озат картоп өсіруші» картоп дақылынан 250 центнерден өнім алып, жоғары нәтижеге жеткен «Алтын дән» шаруа қожалығының картоп өсірушісі Қанат Бегалиев, «Озат бақша өсіруші» Төлеш Нәлібаев, «Озат көкөніс өсіруші» Алмас Есжанов, «Үздік гидротехник» Серік Ибаділдаев, «Озат құс өсіруші» Мария Каренеева, «Озат технолог» Баян Дүйсенбек, «Озат экспорттаушы» Қанат Мұсаев, «Үздік тілші» «Өскен өңір» газетінің тілшісі Дина Жүсіповалар бар. Сонымен қатар, республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының шешімімен «Алтын дән – Шиелі» шаруа қожалығы Асқар Бердібаев, жеке кәсіпкер, Айткүл Әбдіқадырова, «Ақмая» шаруа қожалығының өндіріс бригадирі Ерлан Сұлтановқа агроөнеркәсіп саласында еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгендігін ескеріп, «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Мерекенің соңы аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты.
Жұлдызай Ноғайбайқызы,
суреттер Бақытжан Бәйімбеттікі.