Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АТ ҮСТІНДЕГІ АРУ

АТ ҮСТІНДЕГІ АРУ

Ат баптау, аттың құлағында ойнау қазақтың қанына сіңген қасиет. Жылқы – қазақы болмысымыздың басты нышаны, жеті қазынаның бірі. Оны тек ерге тән өнер десек, жаңылғанымыз. Бұған кешегі Құла айғырдың қасиетін жазбай таныған Домалақ ана, Тайбурылға түндіктен күн көрсетіп, түтіктен су ішкізген қыз Құртқа анамыз дәлел болмақ. Шиелі ауданында осы аналардың ізін қуып, жылқыны жанындай сүйіп, ерлермен иық тіресіп, ат жалын тартып мінген қыздар да бар. Соның бірі – Гүлжайна Жұмаханқызы.
Жеті жасынан бастап, аттың қыр-сырын жетік меңгерген шабандоз Гүлжайна Жұмаханқызы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Шәкірттерін білім нәрімен сусындата жүріп, ұлттық құндылықтарды үлгі етіп, насихат етуде. Қолы қалт етсе, үйірде жалт еткен жылқыны ұстап, үйге әкеліп мінуді әдетке айналдырған. – Қазақ қызының бойында күш-қайрат, нәзіктік, биязылық та бар. Тұла бойына әдемілік тараған қазақ қызының болмысына мықтылық пен табандылық та жат емес. Біз үйде алты ағайынбыз. Менің жылқыға деген қызығушылығым жеті жасымда басталды. Оған себепкер – әкем мен ағам. Жылқыға қалай мінуді, оның күтімі мен баптауын үйретті. Ат жаратылысы сұлу жануар. Қазақ халқы үшін орны бөлек. Сонымен арғымақты ауыздықтап, тұлпарды тізгіндеу маған қиынға соқпады. Атқа мінгенде көзге көрінбес, қолмен ұсталмас қанат біткендей сезіммен аспан әлеміне саяхаттап келесің, – дейді шабандоз қыз. Иә, Гүлжайнаның ат құлағында ойнап, үстінде өзін еркін ұстап отыруы, көпке үлгі боларлық іс. Себебі, кейінгі уақытта телефонға телміріп, түрлі ойын-сауық орталығында уақытын өткізетін жастар саны артуда. Оның орнына бос уақытты тиімді пайдаланып, жылқыға мініп, ұлттық руханиятты дәріптесек, нұр үстіне нұр емес пе? Бұл ойымды ата-аналар қауымы да қолдайтынына сенім мол. Кешегі атқа қонып, білектің күшімен, найзаның ұшымен елді қорғаған батыр бабалардың жолын жалғап, салт-дәстүрді жандандыру, өз қолымызда екенін ұмытпайық.

Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ

07 наурыз 2024 ж. 116 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930