Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағаты мол ұлттық ойын

Ұлағаты мол ұлттық ойын

Қазақтың ұлылығы мен даналығын бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт ойындары екені даусыз. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну тамырын тереңнен тартқан спортты төрге оздыру міндеті тұр деп ойып айтқан болатын. Ата-бабаларымыз әсіресе, «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Көкпар», «Бәйге» сияқты ойындарды ерекше құрметтеген. Белгілі жазушы Жүніс Ахметов қазақтың ұлттық ойындары баланы батылдыққа, ептілікке, төзімділікке және адамгершілікке баулыйтынын баса айтты.
«Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз, жаутаң қаққан.
Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы,
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан» деп қоғам қайраткері, ақын Ілияс Жансүгіров қазақтың жылқы малына деген көзқарасын көркем сыйпаттап қана қоймай пайдалы тұстарын айшықтаған. Біз жылқыны ерекше қадір тұтқан және қастерлеген халықпыз. Ерекше ықылас танытып қана қоймай, тұрмыс тіршілігіне де пайдаланған. Атам қазақ атты баптау мен оны бағудағы қыр-сырымен қанық болғаны белгілі. Ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешкен қазақ аттың қыр-сырын жетік білген. Жаугершілік кезде ел мен жерді жаудан тұлпардың үстінде жүріп қорғаған. Мысалы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Шұбары, Ер Тарғынның Тарланы, Ақанның Құлагері сол тұлғалармен бөлінбес, ажырамас бір ортақ ұғымға айналып кетті. «Ат – ер қанаты» деген. Жалпы жылқы өсіру, ат баптау мен сәйгүлік жарату үлкен мәдениет. Сондай дәстүрінен жаңылмаған, қазіргі кезде Бала би ауылында ат баптап, сәйгүлігін топқа қосып жүрген атбегілер: Бекболат Сейтжаппаров, Бекболат Бегайдаров, Асанбек Арғынбаев, Пернебай Күзенбаев, Асанәлі Назарбеков, Серік Маханов сияқты азаматтар сүбелі үлесін қосуда.Осы атап өткен ағаларымыздың өзі қазақ даласындағы атбегілікті айшықтай түскендей. Доспамбет жыраудың «Арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген өкінбес» деген сөзін еске алсақ, жылқы малына мінген жандар өздерін сергек және берік ұстайды. Атқа мінудің денсаулыққа қаншалықты пайдасы бар екенін медицина ғалымдары да дәлелдеген. Біріншіден, салауатты өмір салтын қалыптастырып, бойға қуат, жанға шуақ сыйлайды. Сонымен «Арыс­тан – аң патшасы, жылқы – мал патшасы» десек бүгінгі мақаламыз соның айғағы іспетті. Барлық ұлттық ойындардың өзіне тән қызықтары мен ерекшелігі бар. Сондықтан жаужүрек қазақ үшін жауынгерлік рухты дамытатын көкпар ойынының алар орны бөлек. Сол себепті аттың шабысын көргенде қаны қызбайтын қазақ жоқ шығар. Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Осы ретте этнограф ғалым, марқұм Ақселеу Сейдімбектің «Көкпар – бұл қазақтың ұлттық ойыны, төл мұрасы, ойынның ең мықтысы. Бұған жүректі жігіттер ғана қатысқан. Көкпар – ата-бабаларымыздың асыл аманаты. Ол біз барда бізбен бірге мәңгі жасасып, бірге дамып отырады. Әлем спортында футбол, волейбол, баскетбол дегендер бар ғой. Сол сияқты көкпар деп ат қойып, айдар таққан біздің бабаларымыз» деген сөздері ойға оралады. Көкпар аламанына барлық тұлпар мінген шабандоздар сақадай дайындықпен келеді. Ондағы атты көкпаршылар екі бөлікке бөлініп, өзара қызыққа толы ойынның көркін кіргізетіні белгілі. Көкпар жаппай және дода тартыс деп екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім өзі иелік етуге тырысса, ал дода тартыс­та әркім өзара сынға түседі. Ортаға тасталған сойылдай серкені тақымға қысу үшін зіңгіттей жігіттер жиналады. Бұл көкпарға семіз серкені тастайды. Салмағы 25-30 кг шамасында болады. Көкпар шабатын алаң өте үлкен ауқымы кең болғандықтан көсіле шабуға мол мүмкіндік жасалынғаны дұрыс. Бұл ойынды тамашалауға келген дүйім жұрттың қарасы қалың болмаса, аз емес. Ерте көктем мен күз – бәйгенің науқаны. Аттың бәйгеден қалмай келуі ат баптаушылар мен шабандоздарың жетістігі.Сондай-ақ еліміздің әр аймағында осы бір көкпарға қызығып жүрген жастар қатары артып жатыр. Сәйгүліктің құлағында ойнайтын қазақ жігіттері ауылданда табылады. Бала би ауылында көкпарды жиі-жиі тартуды дәстүрге айналдырған. «Бала күннен тартып мінсең ат жалын, онда сенің көкірегің от жалын» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, бала тәрбиесіндегі жылқының рөлі ерекше. Ең бас­тысы жүрегінде оты бар тақымы тастай палуандар Дастан Жақыпов, Жалғас ­Сейдахметов, Бағлан Амангелдиев, Рахат Арыстанбеков, Ертуған Бегайдаров және Асхан Бектұров, Фархат Арғынбаев, Рүстем мен Дастан Сейтжаппаровтар ата салтынан айнымай тартысты бәсекеде топ жарып жүрген жалынды жас­тар. Осы аталған жігітердің ішінде білекті де жүректі жігіт Дастан Жақыповтың жетістіктері бір төбе. Ауылда өткен «Жігіт сұлтаны – 2019» байқауының жеңімпазы. 2018 жылы Атырау облысындағы дүбірлі додада аударыспақтан «дарабоз-2018» турнирінің жеңімпазы, Шиелі ауданындағы өткен «Алтын күз – 2019» аударыспақтан 70 кг салмақта 1-ші орын иегері атанып, тақымы мен білек күші басқасынан басым түсіп, Дастан ауылдың абыройын асқақтатты. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қарауылтөбе ауылындағы көкпарда тай салымын салып мықтылығын танытты. Айтулы спортты ауыл тұрғындарының бағалайтыны сондай қалтасынан ақша шығарып, жүлде тағайындайтынын қалай айтпайық. Көбіне ат спортынына демеушілік жасап жүрген арда азамат, белгілі кәсіпкер Пернебай Күзенбаев ірі көлемде сыйлықтар табыстап жүр. Ауылда көкпар алаңында арнайы жасақталған құмдар, аттың аяқ – алысы мен шабысына жақсы әсер береді. Көпшіліктен оқ бойы қазандыққа серкені көп салған көкпаршы жігіттерге қой, тай, түйе мен қомақты ақшалай сыйақылар беріледі. Сол себепті ойынға жалынды жастар жігерленіп тың дайындықпен келуді мақсатқа айналдырады. «Көш – жүре түзеледі» дейді дана халқымыз. Ауылда ат спортында ең бастысы – алға басу бар. Қазақстанда балғын әр бала атқа мінуді, ат еріттеуді үйренсе, асаудың қалай үйретілетінін, бәйге аттардың қалай бапталатынын көрсе, сонда ғана баланың атқа деген қызығушылығы оянар еді. Атқа қонып шабатын жастардың қатарын арттырса дейміз. Сырттай тамашалайтын қара халықтың қатары қалыңдаса, шабандоздардың саны арта түсетіні белгілі. Отанның тірегі болар ұландарыңызды аттан алыстатпаңыз, ағайын!

Шапағат Тілеубаев
16 қараша 2020 ж. 764 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031