Ат үстіндегі адуынды ойын
Көкпар – қазақтың қанына сіңген өнер. Соңғы уақытта өңірде көкпар десе делебесі қозып,қалың нөпірді қақ жарып барып, дода ортасынан серкені суырып шығатын шабандоздардың саны артып келе жатқаны қуантады.
Мұны жуырда Жақаев ауылында ұйымдастырылған көкпар ойынынан да байқағандай болды көпшілік. Жылқы шаруашылығын жандандыруға үлес қосып, оны насихаттап жүрген ауылдың абыройлы азаматы Әлмағанбет Алтынбаев алдымен ас беріп, әруақтарға құран бағыштады. Одан соң дүбірлі доданы жас жеткіншектер арасында «Бәйге» жарысымен бастады. Ауыздықтарын қарш-қарш шайнаған сәйгүліктер мәреге қарай екпіндей ұмтылды.Бәйгеде аттың жалын тартып мінген, үзеңгіге табан тіреген жас жеткіншектер ептілігімен,сәйгүліктер жүйріктігімен сыналды. Жарысқа Жаңақорған, Шиелі аудандарынан және Қызылорда қаласынан белді шабандоздар қатысып, ойынды қыздыра түсті. Бәйгеде жылдамдығымен ерекше көзге түскен Жаңақорған ауылынан келген Сүндет Мұсылманқұлов І орынды қанжығасына байлады. Өзге де шабандоз жеткіншектер жүлделі орындармен марапатталды.
–Бұл шараны мақтангершілік пен асып-тасығандықтан емес,елдің қуанышын көбейтіп, ынтымағын арттыру және атадан балаға мұра болып келе жатқан атбегілік, ат спортына деген жас ұрпақтың қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырдық, – дейді ақсақал Ә.Алтынбаев.
Бәйге жарыс аламан асыр көкпарға ұласты. Ортаға 45-60 келі тартатын серкелер түсіп,бас бәйгеге өгіз, ақшалай сыйлықтар тігілді. Ойында жер төрешілер – Әліайдар Әйтөреұлы мен Марат Әлтаев төрелік етті. «Көкпар- батырдікі,Той-ақындыкі»,-дегендей ойын нәтижесінде бірнеше салым салып,үздік ойын өрнегін көрсеткені үшін «Үздік шабандоз» номинациясы Қызылорда қаласынан келген Дамир Ерболатұлына табысталса, «Ардагер палуан» номинациясымен Байсын ауылының шабандозы Базарбай Байсалұлы марапатталды. «Белсенді шабандоз» номинациясы Алғабас ауылының тұрғыны Манас Серікбайұлына бұйырды. Қазандық тұсындағы арпалыста кеуделі аттың соққысына төтеп берген сәйгүлік пен білекті шабандоздардың қанжығасы майланып, марқайып қайтты.
«Өскен өңір» ақпарат