Жасұлан Айтбай, шабандоз: көкпарда кеткен есемізді еселеп қайтарар күн туады
Алыстан естілген ат дүбірі құлағымды шуылдатып барады. Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ, ауызомыртқа шығыңқы, майда жалды қазанаттың үстінде ауыздығымен арпалысқан аудандағы белді шабандоз Жасұлан Бақытжанұлы отыр. Семіз серкені іліп алып, тақымына қапсыра қысты да қазандыққа тура шаба жөнелді. «Шап, шап жануар» – деп айқайлаған даусымнан өзім шошып ояндым. Қара терге малынып, көкпарды өзім шапқандай ентігіп тұрмын. Ұйқымды ашып, айналама көз тастадм. Үйдемін. Әсте, күні бойы әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен Қырғызстанда өткен «Көшпенділер» ойынында өзбектерге есе жіберуіміздің әсері ме дедім. Дедім де, таң бозара енді ғана көтеріліп келе жатқанына қарамастан ұялы телефоныма жармасып, сол көкпар алаңында сынға түскен жерлесіміз жасұланға қоңырау шалдым. Ат үстінде күн кешіп, жылқы мінезді қазақ халқының ұлттық ойында жеңіліс табуына не себеп екенін білмекке сауалдарымды жаудыра бастадым. Аса байыпты шабандоз шыдамсыздана асықтырған менің сұрақтарыма қысққа әрі нақты ғана жауап қайырды.
– Қырғызстанда өткен көшпенділер ойынында біз өзбектерден жеңіліп қалдық. Ел арасында бұл қырғыздармен шықпау үшін болған келісілген ойын деп жатыр. Бұл қаншалықты рас?
– «Тұлпар тектес тарпаңдау мінезім бар,
Тұнықтан су ішетін кешіп барып» – деп Шаһизада Әбдікәрімов жырлағандай, жылқы мен қазақ арасында мінез ұқсастығы бар. Ақылы асқар биік, тақымы тастан берік қазақ шабандоздары өзбек ағайындардан жеңілгендегі басты себеп бәйгеге қосар тұлпарсыз және жас шабандоздардан құралған топ барды. Бір-бірімізді түсінісе алмадық. Көкпардан бес күн бұрын шақырып, баратынымызды айтты. Бізде салым жерге, шеңберге салынуы керек. Ал, олар болса қазандыққа шаптырды. Келісім болған жоқ. Бұл спорт бірде жеңесің, бірде жеңілесің.
– Қармақсыз терең судан балық ұстай алмайсың. Сол секілді үйренген арғымағың болмаса аламанда топ жаруың екі талай. Неліктен сәйгүліксіз бардыңыздар?
– Елімізде ұлттық спортты жандандыру қолға алынған. Соның ішінде көкпарға деген құрметі бөлек. Шабандоздарға 12 ай бойы жалақы төленеді. Ал, кешегі Қырғызстандағы көкпар біздің ережеге сай өтпейтін болғандықтан, шабандоздарды атсыз жіберді. Көкпарда жігіттің бағын ашатын негізі – астындағы пырағы.Көкпаршы ойын алаңына шыққанда, біріншіден, аттың күші, екіншіден, өзінің ептілігімен серкені тақымына басады. Осы жерде серкені ілуге аттың ықпалы көп, яғни тоқсан пайызы атқа байланысты. Ол адам тәрізді қарсылас атты итеріп, үстіндегі шабандоздың еңкейіп серкені алуына жағдай жасайды. Егер ат пен көкпаршы бір-біріне сай келсе, жақсы өнер көрсете алады. Сол үшін де болар аса мықтылық таныта алмадық.
– Өзің неше жасыңнан бастап додаға түсе бастадың? Шабандозға қандай мінез қажет?
– Ең алғаш он бес жасымда үлкен салымдар салып бастадым. Көкпар – тынымсыз жаттығу мен үлкен еңбекті талап етеді. Жылқыңды адаммен түсініскендей түсіне білуің қажет. Көңіл-күйіне, жағдайына, шамасына қарамасаң болмайды. Жалпы, шабандозға шыдам, ептілік, қырағылық, күш пен ақыл керек. Өзбекте кеткен есемізді еселеп қайтарар күн туады. Алдағы уақытта кеткен олқылықтардың орнын толтырып, еліміздің жеңісті күндерін көбейтеміз деген ойымыз бар.
– Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер күніміз көбейсін. Ұлдарымыз ат жалын тартып мініп, тақымымыздан тұлпар кетпесін. Елдің атын ер шығарады. Байрақты бәсекеде ауданымыздың атынан топқа түсетін Жасұлан Айтбайға жеңісті күндерің көп болсын деп тілек білдіреміз. Көк серкені өңгеріп, көк байрағымызды көкте желбіретеді деген сенім білдіреміз.
Сұқбаттасқан:
Бекжан ЕРЖІГІТ.