Тұлпар да туған жерін аңсайды екен-ау...
Туған жердің әрбір қырқасы, өзен-суы, тау-тасы ыстық болады. Кіндік қаның тамған, асыр салып ойнаған киелі жердің құмы да, бұрқырап шыққан түтіні де қымбат. Ал, сол мекеннен жырақ шығып, шетел асқандардың аңсары аумай тұрмайтыны белгілі.
Әлеуметтік желілерде «шетел асып кеткен тұлпары қазақтардың дауысын естігенде тулап, көзіне жас алған» деген ақпарат оқырманның қызу талқысына түсуде. Бұл – теңіздің арғы бетінде болған оқиға деседі. Екі қазақ жігіті сексенінші жылдары Америкаға жұмыс сапарымен барса керек. Жол бойында орналасқан дәмханалардың біріне кіріп жүрек жалғаған азаматтар, тысқа шығып әңгіме құрады. Сол мезетте дәмханаға іргелес жақын маңдағы бір фермердің ат қорасынан тулаған тұлпардың дауысы естіледі. Кенеттен шыққан оқыс дауысқа елеңдеген адамдардың бәрі бір сәтте жиылып қалады. Қазақ жігіттері де сәйгүліктің дауысын естіп не болғанын білмекке барады. Олар жақындаған сайын тұлпар тыпырлап, бас жібін тартқылап ынтыға түседі. Есікке тесіле қарап, қонағын ұзақ күткен кісіше елеңдейді. Жігіттер жақындап, маңдайынан сипағанда әлгінде ғана тулап қораға сыймай тұрған сәйгүлік момақан күйге түсіп жуасып сала береді. Тұмсығымен қазақ жігіттерінің қолын, жеңін иіскелеп, сәлем берген келіндей басын иіп төмен салады. Осы сәтте арғымақтың жанарынан тоқтаусыз жас ағып жатты. Бұл жағдайға түсінбей абдырап қалған азаматтар кері шегініп кетпек болғанда, ат тағы да тулай жөнеледі. Көп ұзамай фермер иесі келіп жөн сұрағанда ғана жылқының Қазақстаннан шетел асып келгенін біледі.
«Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ» деп жырлаған Абай хакім тұлпардың тектілігін, түр-тұлғасын қалай дөп басып жеткізген десеңші. Алыстан келген ағайынды, қазақ тілін естіп тулай жөнелген тұлпардың тектілігін көрмейсіз бе? Жанарынан төгілген жасқа не дерсіз? Адамға бергісіз асыл қасиетіңнен айналдым. Қаншама қазақтың қаракөздері шетел асып кетуде. Олар да осылай жылап жүр ма екен, кім білсін? Бір кем дүние-ай...
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.