Көшпенділер ойынының бесінші жарыс күні қазақстандық спортшылар 8 медаль иеленді
Бүгін қазақстандық спортшылар түрлі дәрежедегі медаль иеленді. Оның 2-алтын, 2-күміс, 4-қола, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Қысқа аралықтағы ат жарысы құнан бәйгеде (1600метр) жерлесіміз Әділет Шынайдаровтың сәйгүлігі «Падиша Нури» қола медальді жеңіп алды, 2400 метр қашықтықтағы ат жарысынан шабандоз Мерхан Бұлғынов «Дичато» арғымағымен алтын жүлдені иеленді.
Қырғыздың орда (асық ату) ойынында қазақстандық асықшылар қола жүлдені иеленді. Жамбы ату спортында Тұлыбеков Абзал күміс, Айкөз Ерланхан қоланы иеленді. Бас жүлде Венгрия мемлекетінің спортшысына бұйырды.
Түріктің аба күресінде 65 кг салмақта Құрбанқұлов Әуесхан алтын медаль жеңіп алды. Тәжіктің гюреш күресінде 80 кг салмақ дәрежесінде қырғыз палуанымен күрескен Алмас Амалбек күміс медальді иеленді, ал 60кг салмақта Әбікенов Елдос қола медальді қанағат тұтты.
Сонымен қатар, аударыспақтан бес салмақ дәрежесінде өнер көрсететін бес спортшымыз да ертең өтетін ақтық бәсекеге жолдама алды. Финалда олар қырғыз палуандарымен кездеседі.
Көкпаршыларымыз жартылай финалда өзбек спортшыларынан 4-5 есебімен жеңілді.
5 күннің қорытындысы бойынша Қазақстан Ұлттық құрамасының қоржынында 13-алтын, 17-күміс, 22-қола медаль бар. Қорытындысында 52 медаль.
Baq.kz