Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сұлутөбедегі сұрапыл көкпар

Сұлутөбедегі сұрапыл көкпар


Әлі есімде, бала күнімізде сабақтың соңына дейін әзер шыдап, қоңырау соғылысымен кітап-дәптерімізді апыл-ғұпыл жинап, ауыл сыртындағы ат шабарға қарай асығатынбыз. Әр сәрсенбі, сенбі күндері ауыл шетінің ақ шаңы шығып, көкпаршылардың қиқуынан құлақ тұнып қалатын еді. Егер сол жылы ауылда той көп болған жағдайда, аптасына екі рет өтетін салымның саны артып, дүйсенбі, жұма күндері де ат шабарда көкпаршылар атой салып, серкені тақымдарында ойнатып, керемет ойын үлгісін көрсететін. Бала кезімізден ат дүбірін естіп, қан майдан доданы көріп өскендіктен болар, кейін өзіміз де көк серкенің бір сирағына жармасып, тақымымызға асырып жүрдік. Ал ұлттық ойынға жан-тәнімен беріліп, осы спортты өміріне серік еткен ауылдас жігіттер кейін аудан намысын қорғап талай аймақтық жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрді. Бұл да болса, Еңбекші ауылы азаматтарының балаларын жастайынан ұлттық ойынға тәрбиелеп, қала берді көкпардың ұмытылып кетпей, керісінше өркендеп дамуына қосқан үлесі деп білеміз.
Өткен жексенбіде Сұлутөбе елді мекенінде аймақ шабандоздары арасында көкпар ойынынан облыстық турнир өтті. Сұлу сырдың бойында өткен дүбірлі додаға алыс-жақыннан келген гөр тақым балуандар қатысқан шараға, астына мінген арғымақтарымен ортадағы көк серке үшін кескілескен айқасқа түсті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған ерлер сайысына Тереңөзек, Қызылорда, Шиелі, Жаңақорғанның ат бегілері сәйгүліктерін қосып, ойын қыза түсті. Сұлутөбелік Мырзахметовтер әулеті ұйымдастырған бәсекеге 23 салымнан бөлек, өгізөлдіге 1 тай тігілді. Тәңірберген ақсақалды еске алуға арналған спорттық сайыста бас бәйгені Н.Бекежанов ауылының балуаны Б.Айтбай қанжығасына байлады.

Е.Айтөреұлы
01 қазан 2019 ж. 976 0