Жылқы мінезді халықпыз
«Жылқы ішінде жылқы көп, қазанаты бір бөлек, ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек». Қала баласы даланың тіршілігіне араласып, көшпелі қазақ халқының өмірін жаңғырту үшін ауыл шаруашылығына білек сыбана кіріскен. Қымыз ішіп, қазы-қарта жеп, салт атты жаратып мініп өскен қазақ жақсысын арғымаққа балайды емес пе? «Қазақтың байлығы жылқыда» дейді Ғабит Мүсірепов. Осыған орай көшпелі қазақ жұртының сарқытын тамсап, жылқы малының кереметін сөз еткенді жөн көрдік.
Иә, дүниеге Алаш жұрты болып жаратылғалы бері «Ер қанаты – ат» деп білген қазақтың өмірін жылқысыз көзге елестету қиын. Ұлан-ғайыр ұлы даламыздың бүгінгі ұрпағына дейін сақталып келе жатқанының өзі осы «мінсе – көлік, жесе – ас» дегеннен әрі асып, жылқының жаудың бетін қайтарудағы жауынгерлік үлесін айтып жеткізудің өзі бөлек әңгіме. Сондықтан да қазақ өзін алдымен жылқы мінезді жұртпын деп санайды. Жылқы ішінен тұлпарын таңдап бәйгеге қосады, аты озғанның бағы да озады деп біледі.
Иә, дүниеге Алаш жұрты болып жаратылғалы бері «Ер қанаты – ат» деп білген қазақтың өмірін жылқысыз көзге елестету қиын. Ұлан-ғайыр ұлы даламыздың бүгінгі ұрпағына дейін сақталып келе жатқанының өзі осы «мінсе – көлік, жесе – ас» дегеннен әрі асып, жылқының жаудың бетін қайтарудағы жауынгерлік үлесін айтып жеткізудің өзі бөлек әңгіме. Сондықтан да қазақ өзін алдымен жылқы мінезді жұртпын деп санайды. Жылқы ішінен тұлпарын таңдап бәйгеге қосады, аты озғанның бағы да озады деп біледі.
Жылқыменен біте қайнасып кеткен ата-бабамыздың салт-дәстүріндегі әрбір екі сөздің бірі атқа байланысты болып келеді. Оның көбі өнегелі, тәрбиелік мәні зор мақал-мәтелдерге, даналық сөздерге айналып үлгерген. Қараңыздаршы: «Ат тұяғын тай басар», «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп». Осылай жалғасын таба беретін нақыл сөздер бойыңа рух сыйлайды. Ұл дүниеге келгеннен бастап «құлыным» деп өсіретін қазақ, сол баланы сүндетке отырғызған бойдан тайға мінуді де үйретеді. Сондай-ақ ұл туғанда, сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің еншісі-бәсіресі етіп атау да ата салты. Баланың бәсіресі бәйгеге салса жүлделі, тойға барса мақтанышы, жауға шапса сенімді серігі, ұрыстан аман алып шығатын жүйрігі әрі қаруы дейтін ұлы тілектердің бәрі осы Ұлы дала көшпендісіне тән қасиет.
Халқымыз сонымен бірге «Тұлпар мініп, ту алған», «Топтан озып, бәйге алған» деп жатады. Алғашқысы ұрыс, соғыс жағдайын білдірсе, екіншісі бейбіт замандағы ас беру кезіндегі, қуаныш-той үстіндегі ат жарысын, бәйгені айтқаны. Ат жарысының, атты баптаудың жылқы шаруашылығын өркендетумен қатар тәрбиелік мәні де зор. Жарысқа қосатын атты таңдап, оны бәйгеге жаратуға дейінгі ұзақ мерзімге бәйге атына шабатын бала оның бапкері, қазақша айтқанда, атбегімен, ат сейісімен бірге жүріп, аттың бар қыр-сырын білуі тиіс. Ат сейісінің бар айтқанын тыңдап, жадында ұстаған бала бәйге атына берілетін жем-шөп, суының мөлшеріне дейін біліп, оның нені ұнатып, нені ұнатпайтынын және жаттығу кезінде атының қандай қабілеті, артықшылықтары барына қанығады. Осындай ерекше күтім мен жақсы дайындық қана бәйге кезінде өзінің нәтижесін береді. Тайбурыл, Байшұбар болып батырлық, эпостық жырлардан орын алады. Құлагер, Ақбақай, Маңмаңгер сияқты ән-жырға қосылып, халықпен бірге жасайды. Атты ерекше жаратқан сейістер мен көріпкел-сыншылардың да есімдерін ел ұмытпайды. «Күреңбайдай сыншы екенсің ғой» деп атбегілерін мақтап жатады. «Тайында – қақта, құнанында – сақта, дөненінде – бапта, бестісінде – бәйгеге қосып, бағын сына» деген сөздерді де белгілі сейістер қалдырған. Сондықтан ат қосу, ат шабысы, оның ішінде әрбір қазақтың айызын қандыратын аламан бәйге – қашаннан бергі қазақтың намысы мен жігерін қайрайтын ұлттық спорттың төресі болып саналады.
Жылқы мінезді қазақтың кейінгі ұрпағы ат жалын тартып мінер ме? Бүгінгі күннің сауалы осы. Себебі сәйгүліктің орнына смартфон сұрайтын балаларды көз көріп, құлақ шалып жүр. Сондықтан да жылқының кереметін жазып, ата-баба дәстүрін қаузауға тырыстық. Бастысы алты айшылық жерлерді, ат үстінде өткізген бабалардан қалған атқа міну мәдениетін ұмыт қалдырмайықшы.
А.Асанов