Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚИЫН СӘТТІҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІ

ҚИЫН СӘТТІҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІ

Қауіптің қай тұстан келерін болжау қиын. Бірақ оны қарсы алатын, тосқауыл болатын адамдар бар. Жуырда Шиелі ауданындағы азаматтық қорғау гарнизонының жұмысын көзбен көріп, жақынырақ танысуға мүмкіндік туды. Төтенше жағдайлар бөлімінің күнделікті тіршілігін, өрт сөндірушілердің таңғы жаттығуынан бастап, түнгі дабылмен аттанған сәтіне дейін бақылап, өз көзіммен зерделедім. Бұл жұмыс жай ғана мамандық емес. Бұл – тағдыр. Әр сағат, әр минут қауіппен бетпе-бет келіп, біреудің өмірін арашалап қалу үшін шешім қабылдау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Олар бұл жолды таңдағанда тыныш өмірден емес, тынымсыз күрестен бас тартқан. Мұнда жүрген әр қызметкердің жүзіне қарап, олардың мойнындағы жауапкершілікті сезесің. Бәрі тыныш ұйқыда жатқанда, бұлар – алаңда. Бірі отбасымен кешкі асын ішіп отырғанда, бұлар – жанып жатқан үйден адам құтқаруда. Шиелі гарнизоны – бұл ауданның күзеті, бұл елдің сенімі.

58 сарбаз – бір мақсат
Шиелі ауданында азаматтық қорғау саласында барлығы 58 маман жұмыс істейді. Олар үш түрлі құрылымға бөлінгенімен, көздеген мақсаты, арқалаған жауапкершілігі – ортақ. Атап айтқанда, №13 өрт сөндіру бөлімінде – 35 қызметкер, №16 өрт сөндіру бекетінде – 18 қызметкер, төтенше жағдайлар бөлімінде – 5 қызметкер. Әрқайсысы өз міндетіне бекем, алайда ортақ қауіптің алдында қатар тұратын жандар. Олар – өзара тығыз үйлесімде, бір жүйенің біртұтас діңгегіндей қызмет етіп жүрген тәжірибелі мамандар. Күн сайын таңмен таласа тұрып, физикалық жаттығумен күнін бастаған қызметкерлер үшін «жай күн» деген түсінік жоқ. Қауіпсіздіктің қас-қағым сәтке ғана байланысты екенін білетін олар әр минутын қырағылықпен өткізіп, дайындық пен тәртіпті өмір салтына айналдырған. Себебі олардың әрбір аттануы – бір өмірдің үміті, бір отбасының амандығы.
Өмір мен қауіптің аралығындағы сәт
Тек бір сәттік бейқамдықтан басталған от – бүтін бір отбасының тағдырын күлге айналдырып жатады. Солай бола тұра, бұл қауіптің алдын алуға болады. Бірақ ол үшін сақтық, тәртіп және қоғамның ортақ жауапкершілігі қажет. 2025 жылдың өзінде Шиелі ауданында 46 өрт оқиғасы және 130 өртке жатпайтын жану деректері тіркелді. Оның ішінде: 3 оқиға – нысандарда, 47 жағдай – тұрғын үйлерде, 9 – автокөліктерде, 4 – орман өрті, 1 – басқа да жағдайлар. Ауыр статистиканың ең өкініштісі – бір адам өмірінің қиылуы. Бұл – тек бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның қайғысы. Себебі әрбір адамның амандығы – ел тыныштығының өзегі.
Алдын алу – өз қолымызда
Өкінішке қарай, көптеген адамдар қауіптің салдарымен тек оқиға орын алған соң ғана бетпе-бет келеді. Қауіпті болдырмау үшін қажетті шаралар уақытында қабылданбай, келеңсіз жағдайлардың көбеюіне әкеп соғады. Ал құтқарушылардың ең үлкен мақсаты – дәл осы алдын алу жұмыстарын күшейту, тұрғындарды қауіпсіздік ережелеріне үнемі баулу және сақтық шараларын арттыру. Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары жиі өткізетін профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмыстары – осы қауіптің алдын алу жолындағы ең басты күрес. Әрбір рейд, әрбір әңгіме – адам өмірін сақтау мен өрт қауіпін азайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл іс-шаралар тұрғындардың өрт қауіпсіздігі туралы санасын көтеруге, ұқыпсыздық пен абайсыздықтың салдарын түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ жеке әр адамның жауапкершілігі мен сақтыққа көңіл бөлуі – қауіпті оқиғалардың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Үйдегі электр құралдарын мұқият пайдалану, газ және пеш жабдықтарын уақытылы тексеру, балаларды қауіпсіз ортада ұстау – бәрі де біздің қолымызда. Өрттің салдарын емес, оның себептерін жою – бүгінгі күннің ең маңызды міндеті. Қауіпсіздік – бұл кездейсоқтық емес, саналы әрекет пен ұқыптылықтың жемісі. Алдын алу – тек мамандардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Өйткені өміріміз бен отбасымыздың қауіпсіздігі біздің қолымызда.
Түнгі дабылдан таңға дейін
Түнгі тыныштықты бұзып, кенеттен шырылдаған дабыл әрдайым қауіптің хабаршысы. Бұл дабылдың артында – өмір мен өлімнің тартысы, жанұялардың бақытын сақтап қалуға ұмтылған қайсар құтқарушылардың батылдығы жатыр. Шиелі ауданының төтенше жағдайлар қызметкерлері үшін әрбір шақырту – бір адамның тағдырына араласу, бір отбасының амандығын қамтамасыз ету деген сөз. 2025 жылдың басынан бері аудан аумағында өрт немесе өртке жатпайтын жану оқиғалары бойынша кінәлі тұлғаларға қатысты 94 әкімшілік хаттама толтырылды. Олардың барлығына жалпы сомасы 442 350 теңге айыппұл салынды. Бұл шаралар тек заңның бұйрығы ғана емес, әрбір азаматтың қауіпсіздік ережелерін ұстануға деген жауапкершілігінің дәлелі. Өрттің орын алу себептері әлі де өзгермей келеді: тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін елемеуі, балалардың қараусыз қалуы, электр сымдарының қысқа тұйықталуы, тұрғын үйлердегі пештердегі ақаулар – осылардың барлығы апатқа әкелетін себептер болып тұр. Сондықтан да аудан төтенше жағдайлар бөлімі профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Әсіресе, «2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымы» қарсаңында атқарылған жұмыстар ерекше мәнге ие. Осы бағытта Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 12 тамыздағы №197 бұйрығын басшылыққа ала отырып, әлеуметтік осал топтарға газ датчиктерін орнату шаралары жүзеге асырылды. «Таза түтін моржасы» акциясы аясында 47 отбасының үйлеріндегі моржалар тазаланды. Жалпы, жыл басынан бері 205 рейд өткізілді, нәтижесінде 8670 үй араланып, 45 366 тұрғынға өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар – болашақта өрттің алдын алу мен халық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Құтқарушылар үшін рейд – халыққа деген үлкен сенім мен жауапкершіліктің көрінісі.
ТІЛШІНІҢ ТҮЙІН СӨЗІ: Құтқарушылардың формасын киіп, олардың жан дүниесіне бір сәт болсын ену мүмкіндігі менің журналистік қызметімдегі ең ерекше әрі ұмытылмас тәжірибелердің бірі болды. Түнгі дабылдың қақсап, жүректі дүрсілдеткен сәтінен бастап, от пен түтіннің ортасында жүріп, адам өмірін құтқару үшін күрескен сол батырлардың жан күйін сезіну – сөзбен жеткізу қиын әрине. Бұл – жай ғана жұмыс емес, бұл – жанның, өмірдің құндылығын сақтап қалудың айрықша үлгісі, қайсарлық пен мейірімділіктің айнасы. Өрт – жай жалын ғана емес, ол адам өмірінің нәзіктігін аңғартып, ескерту беретін қатердің дауысы іспетті. Бұл дауысқа құлақ аспаған сәтте ауыр салдар, қайғы-қасірет ­туындайды. Құтқарушылардың еңбегі болмаса, талай отбасылардың шаттығы бұзылар, талай тағдырлар қирап, талай жүрек мұздауы мүмкін еді. Мен тілші ретінде, олардың әрбір ісін, әрбір әрекетін өз көзімен көріп, жүрекпен сезініп, олардың еңбегіне тәнті болдым. Құтқарушылардың қызметі – бұл ерліктің ғана емес, сонымен қатар жанқиярлық пен жауапкершіліктің ең биік үлгісі. Олар күндізтүні, ауа-райы қалай болса да, қауіпті бетпе-бет қабылдап, адамдардың өмірін құтқару үшін барын салады. Олардың ерлігі мен еңбегі шексіз құрметке лайық. Айта кетейік, 19 қазан – еліміздегі батырлардың ерлігін атап өтетін Құтқарушылар күні. Сонымен бірге биыл бұл күн ерекше маңызға ие. Себебі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. 1995 жылдан бері министрлік елдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюда, азаматтық қорғанысты қамтамасыз етуде, халықты апаттан қорғауда аянбай еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде құтқарушылар жүздеген мың адамның өмірін арашалап, табиғи және техногендік апаттарға төтеп беріп, ерлік пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. С о н д а й - а қ Ш и е л і а у д а н ы н ы ң құтқарушыларының қызметі де айрықша құрметке лайық. Олар жергілікті халықтың қауіпсіздігі үшін тәулік бойы қызмет етіп, қиын сәттерде шынайы батырлық пен адалдықтың үлгісін көрсетуде. Олардың кәсібилігі мен жанкештілігі – аудан тұрғындарының амандығы мен тыныштығының кепілі. Сондықтан барша қауым осы құтқарушыларға алғыс айтып, олардың еңбегін әрдайым жоғары бағалауға тиіс.

Беттті дайындаған:
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
фото: автордікі

22 қазан 2025 ж. 39 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9347)

21 қазан 2025 ж.

№79 (9346)

18 қазан 2025 ж.

№78 (9345)

14 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031