Биыл ҚР Төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына – 28 жыл. Осы уақыт аралығында төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою, жедел әрекет ету қағидасы толықтай қалыптасты. Қауіппен бетпе-бет келіп, өз өмірін қатерге тігетін құтқарушылардың қызметі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әр ісі секундпен өлшенетін маман иелері бүгінгі кәсіби мерекеде мерейі артып, Сыр құтқарушылары құрмет төрінен көрінді.
– Құтқарушылардың ең басты міндеті – адам өмірін құтқару және табиғи апаттардың алдын алу болып табылады. Тәулікпен санаспайтын маман иелері қай кезде де қиындыққа тап болған жандарға көмек көрсетуге дайын. Жалпы жыл басынан бері департамент қызметкерлері 2 272 рет авариялық-құтқару және жедел шақыртуларға барып, 264 адамды құтқарды. Сонымен қатар 298 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, 18 адам эвакуацияланды. Бұдан бөлек, біздің департаменттің барлық техникалық құрал-жабдықтары 80 пайызға жаңартылды. Қазіргі таңда төтеншеліктер өз міндетін мүлтіксіз атқаруда, – деді департамент басшысы Руслан Қайрақбаев.
Төтенше жағдайлар департаменті Жедел құтқару жасағының құтқарушысы Қанат Пәрімов 16 жылдан бері осы салада аянбай қызмет етіп келеді. Құтқарушы осы уақыт аралығында адамдарды ажалдан арашалап, өз өмірін ойланбастан қатерге тіккен. Қанат Пәрімов өз қызметін адал атқарған еңбегінің нәтижесінде бүгін департамент басшысының қолынан алғыс алып, кеудесіне төс белгі тақты.
– Құтқарушы болу кез келген адамның қолынан келе бермейтін аса жауапты қызмет. Себебі, адам өмірін сақтап қалу үшін өз басымызды қатерге тігетін кездер жиі болады. Тіпті өзгенің өмірі үшін өз өмірімен қоштасқан әріптестеріміз аз емес. Осыдан-ақ, құтқарушылардың қызметі үлкен жауапкершілікті талап ететінін анық байқауға болады. Дегенмен өзім құтқарушы болғаныма өкінген емеспін. Әрдайым мамандығымды мақтаныш көріп, еліме адал қызмет етуге барымды саламын, – деді Жедел құтқару жасағының құтқарушысы Қанат Пәрімов.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі