Тасқынға тосқын пысықталды
Өңірде күн жылына бастағаннан су тасқынының алдын алу шаралары қарқынды жүргізіле бастайды. Мұз еріп, дарияның суы арнасынан аспас үшін алдын ала жұмыстар жасалғанымен, кез келген төтенше жағдайға сақадай сай болу маңызды.
Осыны ескерген облыстық төтенше жағдайлар департаменті Шиелі кентінде оқу-жаттығу жұмыстарын пысықтады. «Қыс және көктем кезеңінде су тасуының қолайсыз дамуы жағдайындағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшін жүргізілетін авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу» тақырыбындағы облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуға облыстық төтенше жағдайлар департаментінен төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы Ә.Марданов және азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері А.Мейрамбеков, аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров, Сырдария өзені бойында орналасқан ауылдық округ әкімдері мен азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары қатысты.
Жаттығу барысында тұрғындарға су тасқыны кезіндегі іс-әрекет қағидалары түсіндірілді. Сонымен бірге, азаматтық қорғау қызметтеріне күш-құралдардары ауданның жанар-жағар май қоры мен инертті материалдары үнемі дайын тұруы тапсырылды. Одан бөлек, мамандар су тасқыны кезінде болуы мүмкін төтенше жағдайларды жоюға арналған авариялық-құтқару қызметтерінің күш-құралдарын бақылады. Оған аудан бойынша 116 адам мен 46 техника жұмылды.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ.