Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Төрт түліктің төресі

Төрт түліктің төресі

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ» деп бас­талатын тұлпардың тісінен күшіне дейін ешбір ерекшелігі ұмытылмай суреттелген хакім Абайдың өлеңі жылқының қазақ үшін қандай қасиетті екенін көрсетіп тұрғандай. Халқымыз жеті қазынаның бірі санайтын жылқыны әлем елдерінің 23 халқы кие тұтып, жақсы көреді екен. Десе де қазақтың жері ең бірінші жылқыны қолға үйреткен мекен болып табылады. Ағылшынның Эксетер университетінің Алан Оутрам бастаған археологтар командасы Science журналына біздің дәуірімізге дейінгі уақыттан жылқының адам қолына үйретілгендігін жазса, New York Times газеті б.д.д 3600 жылдан бас­тап Ботай мәдениетінің өкілдері үйреткендігін айтады. Жылқы – көзі көргіш, аузы дәм сезгіш, құлағы сақ, жалпы айтқанда өте сезімтал жануар.

Атбегілер тұлпардың тісіне қарап денсаулық жағдайын, жасын анықтап жатады. Қазақтың ұлттық: көкпар, аударыспақ, жамбы ату, қыз қуу, теңге алу, салма ілу секілді ойындарының барлығы аттың қатысуымен өтеді. Тарихта батырлардың сенімді серігі әрі айнымас досы болған жүйріктер бар. Атап айтсақ, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Қамбардың Қарақасқасы, Ақанның Құлагері, Абылайдың Нарқызылы. Батырлар серігіндей көрген тұлпарының етін жегізбей, қартайып өлгенде жерлегенді жөн көрген.
Соғымдыққа сойып, бордақылаған жағдайда қазақ аттың көкбауыры, сүйегі, терісі, қылы, тобығына дейін пайдасына жаратып, емдік қасиетке ие екенін айтқан. Еті жүрек, қантамыр ауруларына шипа, бүйрек, буын жұмысына көмекші. Қақталған жылқы еті бүйректі қуаттандырса, қуырылған жүрегі көп адам зардап шегетін ұмытшақтықтан арылуға көмектеседі. Еті мен майын тұрақты тұтынушыларда холестериннің артуы мен қан қысымының жоғарылауы мәселесі туындамайды. Жылқы етін жуғаннан кейін суын төгіп тас­тамай, басты жуар болса теміреткіден ағарған шаш қайта қалпына келеді. Жүкті әйелдің бетіндегі қара дақтарға биенің әлі жылуы кетпеген сүтінің көбігін жақса, дақ кетіп, тазаратын көрінеді.
Бұрындары бабалар далада бел жазып, бір сәт мызғып алар сәтте басына ер-тұрманын жас­танып жатып ұйықтаған. Жыланның жылқы иісінен қорқатынын білген халқымыз тері сіңген атының тұрманына дейін сақтық шарасы үшін қолданған.

Атқа мінудің пайдасы қандай?
Қазақстанда 1990 жылдан бастап қолданысқа енген «иппотерапия» деп аталатын атпен емдеу әдісі әлемнің елуден астам мемлекетінде бар. Атпен серуендегенде адам денесінде жүздеген тербеліс ырғағы туындайды. Буын мен сүйектің, бұлшық еттің барлығы қозғалысқа түскенде астыңыздағы ат табиғи тренажерға айналады. Тек қана физикалық, психологиялық көңіл-күйге де атпен серуен жасаудың келтірер пайдасы мол. Ат үстінде басқаларға биіктен қарап отырған адамның өзіне деген сенімі ашылып, жігері артады. Психикалық және неврологиялық ауруларға шипа ретінде ХХ ғасырдың орта тұсынан қолданыла бастады. Тірек-қимыл аппаратының, сөйлеу жүйесінің бұзылуы, психиканың баяу дамуы, даун синдромы, аутизм, остеохондроз, простатит, склероз, артроз, құяң, омыртқаның 1-2 деңгейде майысуы, атеросклероз, ақыл-ой жетіспеушілігі мен сал ауруында иппотерапия емі жасалады. Өздігімен жүре алмайтын адам ат үстінде кетіп бара жатқанда өзі жүріп бара жатқандай күй кешетін көрінеді. Бұл да болса мотивация. Төсек тартып жатқандар орнынан көтеріліп, жүре алмайтындар жүгіріп кетіп жатқан жағдайлар ат терапиясында үздіксіз жаттығу жасап, талмай еңбектенгеннің арқасында болатынын құлақ естіп жүр. Тибет медицинасында «Адам түсінде құлынды жылқыны көрсе, ауруынан жазылады, салт мініп жүрсе, өмірі ұзақ болады» деп болжайды екен. Балалардың атқа отыруын Пайғамбар да құптаған. Деректер оның жарыстар өткізіп тұруға насихаттап, өзі де қатысқандығын айтады.
Дініміз – ислам, қанымыз – қазақ болғандықтан біздің батырлар да арғымақты ауыздықтауда алдына жан салмаған. Ат үстінде еркін отырып, кең далада көсіле шапқан ерлер «Қазанат пен қазақ егіз ұғым» деп, жылқыны тілсіз адамға балап, қастерлеген. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениетінің негізі қолға үйретуден басталғаны айтыла келе, рухани жаңғыртуға жұмыс істеуге насихатталады.

Назерке
МҰХАМЕДИЯРОВА

23 шілде 2019 ж. 1 129 0