Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Италиядағы COOK журналы алты бетін Қазақстанға арнады

Италиядағы COOK журналы алты бетін Қазақстанға арнады

Италиядағы COOK журналы алты бетін Қазақстанға арнадыИталияның жетекші басылымдарының бірі Corriere della Sera құрамына кіретін COOK гастрономиялық журналы Қазақстаннан ауқымды репортаж жариялап, еліміздің мәдениеті мен ұлттық тағамдарынан кеңінен насихаттады, деп жазады Egemen.kz


COOK журналының тілшілері биыл жазда Алматы қаласы Туризм басқармасы мен Almaty Tourism Bureau шақыртуымен келіп, қаламыздың гастрономиялық дәстүрлерімен, мәдениеті, туристік әлеуетімен танысып қайтқан болатын. Осы сапардың нәтижесінде туған репортажда Алматы, Көлсай мен Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы сынды туған өлкеміздің табиғи жауһарлары жазылған. Бетке ұстар туристік нысандар қала инфрақұрылымымен, заманауи гастрономиялық орындарымен үйлесіп, бірегей туристік бағыт ретінде ұсынылған. 


Жолсапардан жазылған репортажда әсіресе, Алматының бүгінгі азпаздық өнеріне ерекше көңіл бөлініп, еттен дайындалған түрлі тіскебасарлар, байырғы ұлттық тағамдар туралы баяндалады. Сонымен қатар қымыздың қазіргі заманда қалай дайындалатыны, келген қонақтарға қалай ұсынылатыны шұрайлы суреттеледі.
Журналда Neo Nomad cuisine бағыты да қамтылған. Мақалада бауырсақ, құрт, ысталған жылқы еті сияқты тағамдардың дайындау әдістері беріліп, табиғи қазақ асханасы тамаша сипатталады.
Батыс журналистері Алматыдағы қазақтың дәстүрлі «Auyl», «Jinau», «Sandyq», «Tary» сынды мейрамханаларын мысалға алып, ұлттық тағамдарды заманауи тәсілмен, жергілікті дәмдеуіштермен шебер үйлестіретінін де егжей-тегжейлі, әсерлі сипаттайды.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыға келген италиялық туристер саны 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,9%-ға өскен. Бұл мегаполистің туристік шаһар ретінде танымалдылығы мен гастрономиясына деген қызығушылығы арта түскенін, халықаралық БАҚ пен әлем туристерінің назарында екенін көрсетеді.


26 қараша 2025 ж. 13 0