Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алматы тау кластері – тау туризмін дамытудың жаңа кезеңі

Алматы тау кластері – тау туризмін дамытудың жаңа кезеңі

Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары 73 іс-шараны қамтиды. Оның 49-ын биыл жүзеге асыру көзделген. Жобаның алғашқы кезеңінде «Шымбұлақ» тау курортын жаңғырту, сондай-ақ Бұтақты мен Кімасар шатқалдарының аумағын дамыту жоспарланған, деп хабарлайды Egemen.kz.


Ал 2027 жылдан басталатын екінші кезеңде «Пионер» және «Oi-Qaragai» курорттарын дамытуға басымдық беріліп, оларды аспалы жолдар жүйесі арқылы өзара байланыстыру қарастырылады.
Тамыз айында Алматы тау кластерін дамыту жобасы практикалық кезеңге өтті. «Almaty Tau Management» ЖШС мәліметінше, дайындық және құрылыс жұмыстары «Шымбұлақ» курортында, сондай-ақ Бұтақты мен Кімасар шатқалдарында басталды.
«Шымбұлақта» екі жаңа көтергіш құрылысқа енгізілді. Оның бірі – төрт орындық аспалы жол, екіншісі – сүйретпелі көтергіш. Жаңа нысандар курорттың өткізу қабілетін арттырып, келушілер ағынын тиімді бөлуге және шаңғы тебуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, курорттағы екі аспалы жолды жаңғырту жоспарланған.

Биыл мамыр айында «Шымбұлақты» жаңғырту аясында 7 аспалы көпірдің алғашқысының құрылысы басталды. Жыл соңына дейін екі жаңа желіні аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде тау-шаңғы трассаларының ұзындығы 5 шақырымнан астамға ұлғайып, олардың жалпы ұзындығы 18 шақырымға жетеді.
Бұтақты шатқалында болашақ аспалы жол станцияларына арналған алаңдар дайындалып, инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ құрылыс техникасының қозғалысын және инженерлік желілерді тартуды қамтамасыз ету үшін «Бұтақты – 2000 м» бағыты бойынша технологиялық жол салу басталды. Бұл негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарына дейін орындалатын қажетті дайындық кезеңі болып саналады.

Кімасар шатқалында болашақ базалық станция орналасатын аумақта құрылыс алаңы әзірленді. Сонымен қатар барлық учаскелердегі жасыл желектерге зерттеу жүргізіліп жатыр. Мамандар ағаштардың жай-күйі мен нақты орналасуын тіркеп, жобалау барысында табиғи ландшафтты барынша сақтау және қоршаған ортаға түсетін әсерді азайту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Ағаштарды таңбалау жұмыстары оларды зерттеу мен есепке алу рәсімдерінің бір бөлігі.

Курорттарды бірыңғай жүйеге біріктіру

Алматы тау кластерінің негізгі мақсаты – «Шымбұлақ» пен «Oi-Qaragai» курорттарын, сондай-ақ болашағы бар басқа да тау бағыттарын аспалы жолдар мен тау-шаңғы трассаларының бірыңғай жүйесіне біріктіру. Бұл ретте көлік инфрақұрылымының негізгі элементі ретінде бірнеше бағытты байланыстыратын бірыңғай вокзал қарастырылған.
Almaty SuperSki тұжырымдамасында жаяу туристерге арналған инфрақұрылымды дамытуға да ерекше мән беріледі. Оның құрамына заманауи визит-орталықтар, туристік соқпақтар мен маршруттарды белгілеу жүйесі, биік таулы аймақтардағы жедел байланыс, цифрлық навигация және әртүрлі деңгейдегі маршруттардың бірыңғай каталогі кіреді.
Жоба аясында биыл 8 көпір мен су өткізу құрылыстарын салу жоспарланған. Маусым айында ұзындығы 6 шақырым болатын автомобиль жолының құрылысы басталды. Газбен жабдықтау және кәріз желілерін жол құрылысына қатар жүргізу 2027 жылға жоспарланған. Қала әкімдігінің мәліметінше, инженерлік инфрақұрылым мен автомобиль жолдарын 2027 жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау көзделген.

Экологиялық қауіпсіздікке басымдық

Жобаны іске асыру кезінде экологиялық тұрақтылық қағидаттары негізге алынады. Атап айтқанда, жер бедеріне түсетін әсерді барынша азайту, экологиялық дәліздер мен су ресурстарын сақтау, тұрақты экологиялық мониторинг жүргізу және табиғатты қорғау талаптарын сақтау қарастырылған.
Келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қар көшкінінен қорғайтын кешенді жүйе, құтқару бекеттері мен медициналық пункттер қарастырылады. Көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында автотұрақтар, қоғамдық көлік, тегін электр шаттлдары және тау аумақтарын байланыстыратын бірыңғай қозғалыс жүйесі енгізіледі. Оның құрамында аспалы жолдар да болады.
Көкжайлау аумағында да Almaty SuperSki жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Дайындық кезеңінде техникалық және кіреберіс жол салынды. Бұл құрылыс техникасының аумаққа кіруіне және жобаның келесі кезеңдеріне өтуге мүмкіндік береді. Жұмыстар жобалық құжаттама мен табиғатты қорғау талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Авторлық қадағалауды Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты жүзеге асырады.
Жоба аумағындағы жасыл желектерге де ерекше назар аударылған. Мамандардың мәліметінше, болашақ тау-шаңғы курорты орналасатын аумақта Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ағаш түрлері жоқ. Қалған жасыл желектерді мүмкіндігінше сақтап қалу немесе басқа аумаққа көшіру жоспарланған.
Көкжайлауда археологиялық зерттеу жұмыстары да басталды. Аумақта археологиялық мұра нысандарының болуына байланысты зерттеуге Археология институтының мамандары тартылды. Олар қазба жұмыстарын жүргізіп, тарихи нысандарды зерделеді. Әрбір археологиялық нысанның кейінгі тағдыры жеке анықталады. Қажет болған жағдайда құтқару қазбалары жүргізіледі. Кейбір нысандар бастапқы орнында сақталуы мүмкін, ал жекелеген жәдігерлер музей қорына өткізіледі. Сонымен қатар Көкжайлау аумағында арнайы музей экспозициясын ұйымдастыру мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

Ғылыми зерттеулер және қауіпсіздік

Almaty SuperSki тау курортының құрылысы басталғанға дейін аумақ 7 бағыт бойынша кешенді ғылыми зерттеуден өтті. Зерттеу жұмыстарына мемлекеттік ғылыми институттар мен бейінді мамандар қатысты.
Ғалымдар табиғи аумақтың қазіргі жағдайын, су ресурстарын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, топырақ құрамын, геологиялық ерекшеліктерді, мұздықтарды және археологиялық нысандарды зерттеді.
Жоба аясындағы ғылыми-сараптамалық жұмыс құрылыс шешімдерін заманауи ғылыми деректерге, халықаралық қауіпсіздік талаптарына және табиғи ортаға ұқыпты қарау қағидаттарына негіздеуге мүмкіндік береді. Бұл бағытта экология, зоология, топырақтану, геология және гидрология салаларының мамандарымен тұрақты өзара іс-қимыл жасау көзделген.

Oi-Qaragai және Көкжайлау бағыттары

2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында өңірде жалпы құны 92,8 млрд теңгені құрайтын 15 іс-шара қарастырылған. Оның 83,8 млрд теңгесі жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылмақ.
«Oi-Qaragai» курортында бірқатар нысан пайдалануға берілген. Олардың қатарында 10 орындық гондола, 6 орындық аспалы жол, тау-шаңғы трассаларының бірінші кезеңі және параглайдинг алаңы бар.
2027 жылдың III тоқсанында курортты қосымша электрмен жабдықтау жобасын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар «Тау-Тұран – Байбұлақ» автомобиль жолын күрделі жөндеу көзделіп отыр.
Көкжайлау бағыты бойынша биыл шілде айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жоба аумағында дайындық жұмыстары жүргізіліп, техникалық жол салынды. Бұл нысан құрылыс техникасының қозғалысын қамтамасыз етіп, негізгі жұмыстарға кезең-кезеңімен кірісуге мүмкіндік береді.

Туризм мен спортқа жаңа мүмкіндік

Алматы тау кластерін дамыту тек қысқы спорт түрлерімен шектелмейді. Жоба жыл бойы белсенді демалыс және спортпен айналысуға, шаңғы мектептерінің жұмысын кеңейтуге, бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізуге, кәсіби нұсқаушылар даярлауға мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.
Әлеуметтік және инклюзивті бағыт та назардан тыс қалмайды. Қолжетімді инфрақұрылым құру, отбасылық демалысқа және бейімделген спорт түрлеріне жағдай жасау жоспарланған.
Жоба аясында балалар мен жасөспірімдерді қысқы спорт түрлеріне, белсенді өмір салтына және таудағы қауіпсіздік мәдениетіне баулуға бағытталған мектептік және білім беру бағдарламаларын енгізу көзделген.
Кадр даярлау мақсатында тау-шаңғы саласындағы мамандықтарға шамамен 350 грант бөлу жоспарланып отыр. Колледждерде аспалы жол инженерлері, көтергіш механизмдердің механиктері, трасса және қар инженерлері, қар зеңбіректері мен қар көшкіні қауіпсіздігі саласының мамандарын даярлау басталады.

Экономикалық әсері

Алматы тау кластерін дамыту бизнес, туризм, көлік және құрылыс салаларына жаңа серпін беріп, 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Алдын ала есеп бойынша, жобаның экономикалық тиімділігі жылына 500 млрд теңгеден асады.
Туризм және спорт министрлігінің деректеріне сәйкес, жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Алматы тау аймағындағы жылдық туристік ағынды 2 млн адамнан 5 млн адамға дейін арттыруға мүмкіндік туады. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп, туризм саласындағы жаңа инвестициялық және іскерлік мүмкіндіктердің қалыптасуына жол ашады.
Жалпы, Алматы тау кластері мен Almaty SuperSki жобалары заманауи, қауіпсіз және қолжетімді тау инфрақұрылымын қалыптастыруға, бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға, сондай-ақ жыл бойғы туризмді ілгерілетуге бағытталған.
Жобаның іске асуы Алматының туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, туристік ағынды көбейтуге және Қазақстанның халықаралық тау туризмі нарығындағы орнын нығайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге Алматының Орталық Азиядағы заманауи туристік орталықтардың бірі ретінде қалыптасуына жаңа мүмкіндік береді.
07 қазан 2026 ж. 76 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031