Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемнің шаңғышы журналистері Алматыға жиналады

Әлемнің шаңғышы журналистері Алматыға жиналады

Наурыз айының 3-9 аралығында Алматы қаласында журналист-шаңғышылардың халықаралық клубы (The Ski Club of International Journalists) 69-отырысын өткізеді. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылатын айтулы шараға 25 мемлекеттен 150-ге тарта шаңғышы-журналист қатысады, деп жазады Egemen.kz.
Бүгінде 31 елдің 3 мыңнан астам шаңғышы журналисі мүшесі саналатын SCIJ (The Ski Club of International Journalists) клубының негізі 1955 жылы қаланған. Осы жылы француз Жиль де Ла Рок журналистер мен спортшылар арасындағы саяси қақтығыстардың ушықтырмау мақсатында осы клубты құрады. Дәстүрге айналған клубтың жыл сайынғы отырысы әлемнің тау шаңғы курортты аймақтарында ұйымдастырылып жүр. Дүние жүзінің 70-тен астам таулы курортты кешенінде өткізілген отырыс биыл «Шымбұлақ» тау шаңғы курортында болады. Бұған дейін Испанияның «Baqueira-Beret», Италияның ««Sestriere», Францияның «Val Cenis Vanoise Val d’Arly», Ресейдің «Роза Хутор» һәм Болгарияның «Пампорово» сынды курортты кешенінде өтті. Былтыр әлемнің шаңғышы журналистері Канаданың әйгілі «Marble Mountain» курортты кешінде тоқайласқан еді.

«Бұл шара бізге пайдалы ма? Пайдалы болғанда қандай, ішкі туризмде түмен жұрттың алдында сән-салтанатын келістіре насихаттап дүйім жұртқа паш етудің таптырмас мүмкіндігі. Әлемнің әр қиырынан келетін 100-ден аса журналист тек отырысқа қатысып қана қоймай, Қазақстанның көрікті мекені, жауһары саналатын «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты туралы, еліміздің мәдениеті мен ұлттық болмысы жайында өз еліне барғанда айтады, жаза жүреді. Мұның барлығы да туризмнің тамырына қан жүгіртері сөзсіз. Біздің шаңғышы журналистердің клубы SCIJ ұйымына 2013 жылы қабылданды. Ал елімізде отырысты өткізу құқығын 2020 жылы иелендік. Бірақ пандемияға қатысты шегеріліп, биылғы жылға бекітіліп отыр. Бүгінгі таңда біздің шаңғышы журналистер клубына 45 БАҚ өкілі мүше.

Отырыс аясында еліміздің туризмін дамыту жайы да қозғалады. 6 наурызда «Шымбұлақ» тау шаңғы курортында шаңғышы журналистер додаға түседі. Ал 9 наурыз күні Талғардағы «Алатау» биатлон кешенінде шаңғымен жүгіруден бағын сынайды. Шаңғышы журналистердің бейресми әлем чемпионаты деп те айтылатын айтулы аламанға дүниенің төрт тарабынан таңдаулы әріптестеріміз қатысады. Еліміздің атынан сынға түсетін шаңғышы-журналистеріміз де дайындықты үдетіп келеді», деді SCIJ Қазақстан клубының президенті Ирина Баженова.
01 наурыз 2024 ж. 229 0