Қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан шаңғышысы алтын медаль алды
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандықтарды Қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан шаңғышысы Александр Колядиннің алтын медаль алуымен құттықтады.
«Ең біріншіден, бүкіл қазақстандықтарды тамаша жеңіспен құттықтаймын. Пхенчхандағы Паралимпиада ойындарында біздің қазақстандық Александр Колядин алтын медаль ұтып алды. Ол біздің тарихымыздағы елеулі оқиға. Бұл бәріміз үшін үлкен қуаныш. Сол үшін барша қазақстандықтарды асқақ жеңісімен құттықтағым келеді», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанада өткен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 17-отырысында тілшілерге берген сұхбатында.
Еске сала кетсек, қазақстандық шаңғышы Александр Колядин Пхенчхандағы Паралимпиадада алтын медальды жеңіп алған болатын.
14 наурызда өткен шаңғы жарысы Қазақстан үшін жеңіспен аяқталды. Классикалық әдіспен 1,5 шақырымдық спринтерлік шаңғы жарысында жарысқан спортшылар арасында қазақстандық спортшы іріктеу кезеңінде де, жартылай финалда да үздік болды. Александр Колядин финалда 4 минут 19,7 секунд нәтижесін көрсетіп, алдына жан салмады. Күміс медаль жапониялық Йошихиро Ниттаның еншісінде кетсе, «қолаға» Канада өкілі Марк Арендз және Финляндиядан Иикк Туомисто қол жеткізді.